![Жәрмеңкеде жұмыс бар 1 zharrr](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/zharrr-780x470.jpg)
Жәрмеңкеде жұмыс бар
Өңірде «екі қолға бір күрек таба алмай» жүрген жандарды еңбекпен қамту үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Бұл жолы шараға 50-ден астам мекеме 550-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Биыл елімізде «жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына орай ваканттық орындардың 300-і жұмысшы мамандықтары. Яғни, арнайы техника жүргізушілер, операторлар, көлік жүргізуші, машинист, механик, электромонтер, электрик, моторист, токарь, сантехник, жөндеуші, дәнекерлеуші және тағы басқалары. Ал Теңіз кенішіндегі «Келешек кеңею» жобасының құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты тек биылдың өзінде шілде айына дейін 5513 адам жұмыстан қысқармақшы. Олар өңірде іске қосылатын 20-дан астам инвестициялық жобаға қызметке орналаса алады.
![Жәрмеңкеде жұмыс бар 2 zharmenkeee](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/zharmenkeee-1024x684.jpg)
Мұнай компаниялары көптеп шоғырланған өлкеде ресми түрде 17 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, бүгінде оларды еңбекпен қамту мақсатында түрлі мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Биылдың өзінде облыс бойынша 40-тан астам жәрмеңке ұйымдастырылу жоспарланыпты. Бұл шарада жұмыс берушілер өздерінің ваканттық орындарын ұсынады. Ал жұмыссыздар түйіндемелерін тапсырады. Кейін компаниялар өздерінің сұранысына сай мамандармен әңгімелесу жүргізіп, жұмысқа қабылдайды. «Жәрмеңке бойынша қанша адам еңбекпен қамтылғаны жөнінде толық мәліметті 20 күннен кейін біле аламыз. Мамандарды жұмысқа қабылдау кәсіпорындардың құзыретінде. Өткен жылы Атырау облысында өткен 41 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 4800-ге тарта жұмыссыз қатысып, 3500-нан астамы қызметке орналасқан,-дейді Полымбет Максимұлы.
Жалпы, жәрмеңкеден жұмыс іздеп келгендердің қатары көп болды. Әсіресе, бұрын вахталық әдіспен қызмет етіп, қысқарып қалғандардың бұл шарадан үміті басым екендігі байқалды. Өзін Гүлжамал деп таныстырған қала тұрғыны осыдан екі жыл бұрын жұмыстан шығып қалыпты. Он бес жылға жуық еңбек өтілі бар экология инженері Теңіз кенішіндегі алып жобаның құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты қысқарған. Содан кейін ол кәсіби мамандығын өзгертіп, басқа салада жұмыс жасауға тырысқанымен, бұрынғы қызметін сағынатынын жасырмады. «Өз ісімді бастамақ ниетте бірнеше мамандықты меңгеріп, әр салада жұмыс істеп көрдім. Бірақ маған өзімнің он бес жыл бойы еңбек еткен мамандығым ұнайтынын түсіндім. Бірнеше компанияға түйіндемемді тапсырдым. Санаулы кәсіпорында ғана мен іздеген жұмыс бар екен»,-дейді Гүлжамал.
![Жәрмеңкеде жұмыс бар 3 zharmmmmm](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/zharmmmmm-1024x684.jpg)
Ал Болат есімді жігіт ағасы жоғары білім алмағанына әлі күнге дейін өкінеді. Бұған дейін Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс жасаған ол тұрақты түрде «екі қолға бір күрек таба алмай» жүргеніне қынжылады. КИПиА саласы бойынша бірнеше жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман жоғары білімі болмауына байланысты талай мекеменің табалдырығын тоздырыпты. «Жұмысшы мамандықтардың өзіне қазір сертификат сұрайды. Сантехник болу қолымнан келеді. Осы мамандық бойынша да жұмыс таба алар емеспін»,-дейді Болат.
Жәрмеңкеге қатысқан мекемелердің қатарында «Атырау жылу электр орталығы», «Атырау Жарық» АҚ-лары, «ТШО», «НКОК», «Стамгазстрой», «Гелиос», «Болашақ-Атырау», «ҚазТурбоРемонт», «АтырауНефтеМаш», «Силлено», «КРІ», «Атырау Автопарк», «Кәсіби таңдау», «Мұнай көлік», «Буркит Сэйфти», «Теназ Менеджмент», «Сапсан», «Атырау облысы бойынша Вагон шығару зауыты», «Халық банкі», «Атырау облысы Әділет департаменті», Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті, Жастар ресурстық орталығы, қалалық прокуратура және тағы да басқа компаниялар бар. Айталық, «АтырауНефтеМаш» ЖШС-не отызға тарта дәнекерлеуші қажет екен. «Eurasia Support Services» ЖШС-не Теңіз қалашығында вахталық әдіспен жұмыс істеу үшін ас үй қызметкері, аспазшы көмекшісі қажет. Олардың әрқайсысына 180 мың теңгеден 210 мың теңгеге дейін жалақы төленеді. «Аспазшы көмекшісіне сертификат және еңбек өтілі болуы маңызды. Ас үй қызметкеріне екеуі де маңызды емес. Тек жұмыс істеуге ынтасы болуы қажет»,-дейді аталған компания кадр бөлімінің қызметкері Айгүл Губашева.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ