Жарнама
Әлеумет

Жаңа жобаның жаңалығы

Елімізде зейнет жасына дейін екі жыл қалған азаматтарды жұмыспен қамту үшін «Күміс жас» жобасы жүзеге аса бастағанына біраз уақыт өтті. Бірақ оның нақты қай саланы қамтитыны, оны кім ұйымдастыратыны және шарттары жөнінде қарапайым қалың бұқараға толыққанды ақпараттың жетуі кемшін. Сондықтан жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын талаптарды тиісті құрылымдардан сұрап білген едік.

Бүгінде халықты жұмыспен қамту бағытындағы заңнамаларды өзгерту де, толықтырулар енгізу де жиі жүзеге асатын болды. Құқықтық тұрғыдан алсақ, бұл – дұрыс тәсіл. Өйткені, кез-келген дамыған мемлекеттің нормативтік-құқықтық актілері үнемі заман үдесіне жауап беруі шарт. Ал, мұндай өзгерістердің республикада екі жыл бұрын басталған «Күміс жас» жобасына да тікелей қатысы бар.

– Арнайы жоба бұрын 55 жастан асқан жұмысшыларға арналған еді. Жаңадан енгізілген өзгерістер бойынша енді «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар да қатыса алады. Себебі, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның талаптарында көрсетілгендей, егде жастағы адамдарды жұмыссыз қалдырмай, олардың құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Өзгерістерге сәйкес, жобаға қатысу мерзімі – 36 ай. Жоба негізінде жұмысқа орналасқан адамдар үшін бекітілген субсидияның ай сайынғы мөлшері – жобаға қатысудың алғашқы 12 айындағы, яғни бір жылдық жалақы мөлшерінің 70%-ы. Ал екінші жылы субсидияның көлемі жалақының 65%-ына теңеседі. Келесі сома – 25-ші айдан бастап 36 айға дейін жалақы мөлшерінің 60%-ы. Яғни жыл сайын біртіндеп азая береді. Ескеретін жайт, қаржы осындай көлемде белгіленгенімен, әрқайсысы 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Субсидия бюджеттен біздің басқарма арқылы жұмыс берушінің есепшотына аударылады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Айта кету керек, ​«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталған соң белгіленген заңдылықтарға сәйкес, зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, ал зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыру көзделген.

– Биыл облыста ​«Күміс жас» жобасы бойынша барлығы 600 адамды қамту жоспарланды. Бұған дейін 789 адам жұмыспен қамтылған еді. Оның 353-і жаңадан қабылданса, 436-сы жобаға былтыр тіркеліп, бүгінде жұмысын жалғастырып жүр. Биыл жобаға 880 миллион теңге бөлініп, жұмыс ұйымдастырылып жатыр, – деді Азамат Саматұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір облыста 568 жекеменшік мекемемен келісім-шарт жасақталған. Мұндағы орташа еңбекақы – 110760 теңге. «Күміс жас» жобасы 50-ден асқан азаматтарға жұмыс өтілін жинақтап, 10 пайыздық зейнетақы жарнасын аударып, тағайындауға мүмкіндік береді.

Негізінен зейнет жасына жақындаған адамға жұмыс табу қиын. Соның салдарынан осы санаттағы азаматтардың көпшілігі ешқандай еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді. Ал «Күміс жас» – осындай жандар үшін таптырмас мүмкіндік, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына назар аудару бағытында қолға алынған мемлекеттік қолдаудың бірі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Әлің барда еңбек ет…

– Жасы 50-ден асқан жұмыссыздар үшін тиімді жоба бар дегенді естіп, жұмысқа орналасқым келді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып едім, көп ұзамай басқарма тарапынан «Алмагүл» шағынауданындағы «Бақдәулет» сауда орталығынан «Аюпова» жеке кәсіпкерлігінің қолөнер бұйымдарын сату менеджері қызметі ұсынылды. Өзімнің де қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым жоғары, қолдан неше түрлі бұйымдар жасайтыным бар. Сондықтан бұл жұмыс орны мені қызықтырып, еш ойланбастан орналастым.

Жұмысқа тұрғаныма бір айдан асты, жалақым – 160 мың теңге. Қызметім өзіме ұнайды. Жасым 59-да, зейнет жасына дейін еңбек еткім келеді. Бұл бір жағынан жұмыс өтілінің артуына себеп, ай сайын еңбекақымды да аламын әрі қызмет барысында күн сайын жаңа дағдыларды игеремін.

«Күміс жас» жобасы зейнет жасына жақындап, жұмыссыз үйде отырған жандар үшін таптырмас мүмкіндік екен. Ерінбеген жандардың осы жоба арқылы қызметке тұруына әбден болады. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, зейнет жасын күтіп уақытты текке өткізбей, елдегі мемлекеттік қолдаулардың игілігін көрген жөн-ақ.

Ләйла ЖҰЛДЫМОВА,

«Күміс жас» жобасының қатысушысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button