Жарнама
Әлеумет

Жалдамалы үйді жалдап қояды

Баспана мәселесі қашан да өзектілігін жойған емес. Үйлі болуды армандаған мыңдаған отбасы қымбат баға мен ипотекалық несиенің жоғары пайызынан қажып, жалдамалы пәтерде күнелтуге мәжбүр. Ұзақ уақыт бойы кезекте тұрып шаршаған көпшілік оның жылдар бойы жылжымайтынына күмәнмен қарайтын болды. Десек те, әр жыл сайын өңірде жүздеген атыраулық мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен баспаналы болып, қоныс тойын тойлаушылар қатары көбейіп келеді. Оның үстіне, былтыр осы саладағы заңнамаларға өзгерістер енгізілді.

Айталық, биылдан бастап кез-келген 18 жасқа толған қазақстандық баспана кезегіне тұра алады. Сондай-ақ бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді енді үй құнының қалған сомасын төлей отырып жекешелендіріп алуға мүмкіндік беріліп отыр. Біз осынау маңызды тақырыпқа қатысты Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасовамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Түгендеу жұмыстары қарқын алды

Былтыр облыс орталығында 353 үй пайдалануға берілген. Жаңа қонысқа ие болғандардың 72-сі жетім балалар. Ал биыл 97 үйдің кілті жаңа қоныс иелеріне тапсырылады. Мамандардың айтуынша, бұл үйлер де қалалық құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесіп сатып алынбақ. Әзірге нақты қай шағынауданнан берілетіні белгісіз. Өйткені, бюджет әлі бекітіле қойған жоқ.

Бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұру үшін қандай да бір санатқа кіру қажет болатын. Яғни, мемлекеттік қызметші немесе бюджеттік салада еңбек етуі тиісті еді. Енді заңға өзгеріс енгізіліп отыр.

–Кәмелеттік жасқа толған, атағында тұрғын үйі жоқ, 5 жылдан бері атында пәтер тіркелмеген еліміздің кез-келген азаматы кезекке тұра алады. Біз былтырдан бастап кезекті түгендеуді, инвентаризация жұмыстарын қолға алдық. Яғни, пәтер кезегінде тұрғандардың қатарынан «үйді кеңейту» (расширение-авт.) бағыты алынып қалғаннан кейін толықтай тізімді қайта қарадық. Мәселен, өткен жылы шілде айында облыс орталығында 22 746 атыраулық кезекте тұрса, жыл соңында олардың саны 19 639-ға жетті. Себебі, бұл тізімде атағында үйі бар азаматтар да, «Отбасы банкінің»  бағдарламасы арқылы баспаналы болғандар да бар еді. Шыны керек, оларды іріктеу бізге оңай болмады. Тіпті, тұрғындармен дауласқан сәттер де кездесті. Солардың бірнешеуі сотқа беріп, қазір онымен де жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Жалпы, түгендеу шараларын былтырдан бастап кеттік. Тізімді нақтылап, қайта қарап, тағы да тексерістен өткізіп, барлығын «Отбасы банкіне» мамыр айында толықтай дайындаймыз деген жоспарымыз бар. Әрі қарай кезекке қою, алу жұмыстары «Отбасы банкінің» құзыретіне беріледі. Әзірге тұрғындар өзінің жеке ЭЦП-кілті арқылы үйінде немесе кеңседе отырып-ақ кезекке тұра алады. Сондықтан, дәл бүгін неше адам тізімде тұрғанын нақты айту қиын. Біздің мекемеге келудің де қажеті жоқ,-деп нақтылады тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.

Қалтасының қамы үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірде бюджеттік үйлерді тапсыра бастаған кезде пәтерді жалдап қойғандар жиі кездесетін. Салық органдары оларға бақылау мен тексерісті күшейткеннен соң біртіндеп мұндай деректер азая бастаған. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, қазір де жалдамалы пәтер алып, жалдап қоятындар аз емес екен. Бүгінде бөлім мамандары айласын іске асырып отырғандарға тексеріс жүргізіп жатырған көрінеді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж есебінде үй алып, қалтасының қамы үшін қонышынан басып отырғандарды анықтау жұмыстары алдағы уақытта  жалғаса бермек.

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді жекешелендіруге қатысты азаматтардың өтініштері мен құжаттары E-Qazyna.kz сайты арқылы 30 жұмыс күн мерзімінде қаралады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның тиісті бабына сәйкес, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан өздерi тұратын тұрғын үйлердi меншiгiнен тек белгілі санаттағы адамдар ғана тегiн алуға құқылы. Ал жеңілдіктер қарастырылған категорияға жатпаса, коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген үйді жалдаушы қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

Аталған заңға сәйкес, мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк  ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерi, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда кемiнде он жыл жұмыс iстесе, өздерi тұратын қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша  жекешелендiре алады. Өткен жылдың желтоқсан айында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша енді «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай» ұғымы жойылған, яғни оларға жекешелендіру құқығы беріліп отыр.

Апатты үйлер мәселесі қалай шешіледі?

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – апаттық үйлер проблемасы. Әбден ескіріп, тозығы жеткен үйлер тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, қаланың көркін кетіретіні белгілі. Бүгінде шаһарда осындай 98 үй бар. Былтыр апаттық жағдайдағы 10 үй, яғни 123 пәтер жаңа баспанаға көшірілген. Сондай-ақ Дамбы елді мекеніндегі 6 үй және Бесікті ауылы, Аспа елді мекенінен бір үй көшіріліп, барлығы 130 жаңа пәтер кілті тапсырылған.

Бұдан басқа, жалғыз тұрғын үйі (жеке сектордағы үйлер) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған 19 үйді  зерделеуден өткіздік. Әрине, жоспарымыз көп, оның барлығына уақыт керек,-деді Гүлжамал Орынғалиқызы.

«Атырау жастары» биыл да жалғаса ма?

Иә, қазір кез-келген екінші деңгейлі банк арқылы ипотекамен баспана сатып алуға болады. Қалаған үйіңіздің 20 пайыз бастапқы жарнасын төлесеңіз, қалған соманы несие арқылы бірнеше жыл бойы өтеп шығуға болады. Алайда мұндай ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, үстемеақысы да көп. Айталық, пәтерді 25 миллион теңгеге сатып алсаңыз, оны екі, тіпті кей жағдайларда үш есе етіп қайтаруыңыз ғажап емес. Сондықтан, көпшілік арнайы мемлекеттік бағдарламаларды таңдайды.

Мәселен өңірде 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасы бекітілген болатын. Яғни, облыс орталығында жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен 18-20 млн. теңгеге дейін, аудандарда 13 млн. теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған. Бұл бағдарламаның тағы бір тиімділігі – 10 пайыз бастапқы жарнасында.

Бүгінде Атырау қаласында осы бағдарлама арқылы 115 жас маманды қамтуға лимит берілген. Әзірге бұл лимит толық бітпеген екен. Сондықтан жақында тағы да 7 жастың құжаттары мен өтініштері банкке жіберілген.

Кей кездері жастардың кепілдік болатын (гарант) адамды, белгіленген сомаға үй таба алмаған, банктің басқа да қойып отырған талаптарынан өтпей қалған жағдайлар да кездеседі. Бұл бағдарламаға бюджеттік мекемеде, ақпарат, білім беру, медицина және тағы басқа салада еңбек етіп жүрген жас мамандар қатыса алады. Мұнда барлығы балдық шкаламен есептеледі. Мысалы, бір жыл еңбек өтіліңіз болса, бір балл қосылады. Сәйкесінше, бес жыл жұмыс істесе, бес балл есептеледі. Яғни, іріктеуден өтуге мүмкіндігі көп болады. Ашықтық үшін біз барлық жұмысты электронды форматта жасадық. 35 жасқа дейінгі атағында үйі жоқ, банктің талаптарына сәйкес келетін жас осы бағдарлама арқылы үй ала алады. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен 2,5 млрд. теңгедей қаражат бөлінді,-деді Гүлжамал Орынғалиқызы.

Заңға сәйкес тұрғын үйлердi меншiгiнен мына санаттағы адамдар тегiн алуға құқылы:

Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары құқылы. Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;

1 және 2-топтағы мүгедектер;

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

Бұрынғы кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді және қызметкерлерді қоспағанда, күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ала алады. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің отбасы мүшелері, бейбіт уақытта әскери қызмет міндетін атқару кезінде қаза тапқан  әскери қызметшінің отбасы мүшелері, сондай-ақ қайтыс болған адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы мүшелері;

Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер құқылы. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы қайтыс болған адамның мұрагерлеріне ауысады;

Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» заңға сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар;

Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерді қоспағанда, ішкі істер органдарының қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлері, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы.

Тобықтай түйін

Баспана мәселесін шешу – мемлекеттің басым бағытына айналуы тиіс. Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларының ауқымын кеңейту, құрылыс саласын қолдау және ипотекалық талаптарды жеңілдету – бұл халықтың сенімін арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартудың басты қадамдары болып қала бермек. Сала мамандарының айтуынша, биыл наурыз айында «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бастауын алмақ. Жоспар бойынша 216 пәтер иелеріне тапсырылмақшы. Оның 108-і – әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы аналарға берілсе, 108-і бюджеттік мемлекеттік қызметкерлерге табыс етілмек.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button