Жарнама
Әлеумет

Зейнетақы жүйесіндегі серпін

Зейнетақы жүйесі – әрбір азаматтың қаржылық қауіпсіздігіне кепіл болар маңызды тетік. Бүгінде бұл жүйеге сенім артып, тұрақты жарна аударушылардың қатары артып келеді. Осыған орай, біз «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қозыбақ Құлбарақовпен әңгімелесіп, өңірдегі жағдайды сұрап білдік.

– Қозыбақ Әбуұлы, оқырманды облыстағы зейнетақы жинақтарының қазіргі ахуалы туралы хабардар етсек…

– Иә, биыл зейнетақы жүйесіне қатысушылардың белсенділігі жоғары екенін байқадық. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Атырау облысында салымшылардың зейнетақы шоттарындағы жалпы жинақ көлемі 1 триллион 73 миллиард теңгеге жетті. Оның 1 триллион 24 миллиард теңгесі – міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) үлесінде. Ал, 32,5 миллиард теңге – міндетті кәсіптік жарналардан (МКЖ), 163 миллион теңге – ерікті зейнетақы жарналарынан (ЕЗЖ) жиналған.

– Жұмыс берушілердің жарналары туралы не айтасыз?

– Бұл бағытта да өсім бар. Қазір шартты зейнетақы шоттарындағы қаражат 16,4 миллиард теңгеден асты. Яғни, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің болашағына жауапкершілікпен қарап отыр деуге толық негіз бар.

– Қор шоттарының жалпы саны қанша болды?

– Облыс бойынша бүгінде 431 055 зейнетақы шоты бар. Оның ішінде 383 255 шот – МЗЖ бойынша, 30 144 шот – МКЖ, 17 656 шот – ЕЗЖ бойынша.

Ал жұмыс берушілердің жарналарын есепке алатын шартты шоттар саны 194 780-ге жетіп отыр.

– Жинақталған қаражат салымшыларға қалай қайтарылады? Биыл ондай төлемдер жүргізілді ме?

– Биыл қаңтар-наурыз айларында Қор тарапынан барлық жарна және аударым түрлері бойынша 26,5 миллиард теңге төленді. Оны таратып айтсақ, 18,2 миллиард теңге – біржолғы зейнетақы төлемдері, тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 6,7 млрд., емделуге – 11,6 млрд., жасына байланысты – 2,2 миллиард теңге, мұрагерлік бойынша – 990 миллион теңге, елден тыс тұрақты тұруға кеткен азаматтарға – 212 миллион теңге, мүгедектігі бар азаматтарға – 47 миллион теңге, жерлеуге – 100 миллион теңге.

Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру ұйымдарына 4,7 миллиард теңге аударылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасақталған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл – болашақ ұрпақтың қамы үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жасақталған бірегей маңызды жобалардың бірі. Жасыратыны жоқ, бастапқыда жұртшылық арасында бұған қатысты күдік-күмән болғаны рас. Бірақ ол күмән бүгінде түбегейлі сейілді. Өйткені, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушы ретінде тіркелді.

Бағдарлама бойынша алғашқы нысаналы жинақтар республика бойынша 2024 жылғы 1 ақпанда түсті. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады.

2025 жылдың 1 сәуіріне дейінгі аралықта Атырау облысы бойынша 522 833 АҚШ долларына тең қаражат 18 жасқа толған азаматтардың есепшоттарына аударылды. Жалпы қабылданған 4756 өтініштің 3232-сі – тұрғын үйге байланысты, бұл бағытта 356 175 доллар жұмсалды. Ал, 1524 өтініш білім алу мақсатына бағытталып, 166 657 доллардан астам қаражат бөлінді.

– Салымшылармен жұмыс қалай жүріп жатыр?

– Қызмет көрсету сапасы – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Биыл алғашқы үш айда филиал 15 171 адамға тікелей қызмет көрсетіп, 776 азаматқа қашықтан кеңес берді.

– Қозыбақ Әбуұлы, филиалдың ақпараттық жұмыстары туралы да оқырманның біле жүргені жөн…

– Біз зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер мен мүмкіндіктерді түсіндіру мақсатында 582 кездесу өткізіп, оған 12 245 азамат қатысты. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.

– Салымшылар Қорға қалай хабарласа алады?

– Қор кеңес беру қызметтерін түрлі арналар арқылы ұсынады. Салымшылар WhatsApp және Viber арқылы +7 777 000 14 18 нөміріне жаза алады. «1418» нөміріне тегін қоңырау шала алады.

Сондай-ақ enpf.kz ресми сайтынан немесе Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілеріндегі Қор парақшаларынан толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.

– Қозыбақ Әбуұлы, толыққанды мәлімет бергеніңіз үшін рақмет. Еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button