Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау автоматтандырылуда
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік-еңбек саласындағы үш мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыруды жоспарлап отыр. Пилоттық жоба адами факторды алып тастап, қызмет түрлерін автоматтандыруды көздейді.
Республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процестері айтарлықтай жылдамдайды. Операциялық процестердің ұзақтығы 7 жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқарады.
Автоматтандырылатын қызметтер қатарына «Қазақстанның Еңбек Epi» және «Халық қаһарманы» атақтарына ие болған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, мүгедектігі бар адамдарға жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне қосымша төлемдер тағайындау кіреді.
Жаңа тәсілдің іске қосылуы әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің сапасын жақсартып, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету туралы пилоттық жобаның бұйрық жобасы 18 желтоқсанға дейін Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында талқылауға ұсынылған.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ