Жарнама
Әлеумет

Үй кезегі неге жылжымайды?

Облысты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға бағытталған кешенді жоспарға сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны көп. Жоспарда облыс бойынша 27,7 мың адамның баспанаға мұқтаж екені айқын көрсетілген. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша 20,1 мың адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер сұраған. Оның 4,5 мыңы көп балалы отбасылар. Жекеменшік үй құрылысын салу үшін жер телімін сұраған 122,2 мың адамның 92,4 мыңы Атырау қаласы бойынша есепте тұр.

Тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым құрылысы бойынша іс-шараларды іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 2021-2025 жылдар аралығында 160 миллиард теңге қаржы бөлу көзделді. Соның нәтижесінде өңірдегі баспана кезегін күткендер саны азаяды деп болжанған.

Кешенді жоспар іске асыру барысында 411 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 6730 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жекеменшік үй құрылысына арналған 19000 жер теліміне ұзындығы 2000 шақырымнан аса инженерлік коммуникация желісі жүргізілуі тиіс.

Ал, 2025 жылға қарай бір тұрғынға шаққанда үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 26 шаршы метрге жеткізу үшін 3,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру межеленді. Құрылыс кезінде 3 мың жұмыс орнын және 40 тұрақты жұмыс орнын ашу, бюджетке түсетін салық түсімдері 17 миллиард теңгеден асатыны жоспарланып отыр.

Содан бері үш жылдан астам уақыт өтсе де тұрғын үй кезегінің жылжып, тұрғындарды жарылқап жатқандығы шамалы. Бұл бағытта еліміздің қай өңірінде де жағдай мәз емес. Мысалы, Мақат ауданының тұрғыны Асылбек Есжан 2016 жылдан бері апаттық үйлер санаты бойынша кезекте тұр. Ал, кезектің жылжуы өте баяу.

– Ауданда көп балалы отбасылар мен жетім балалар санатының кезегі басқалармен салыстырғанда неғұрлым жылдам жүруде. Ал, кейбір санаттар бойынша кезек мүлдем жылжымай қалды. Қазір ауданда салынып жатқан үйлер де аяқталмай, діңкені құртты. Кезектің жылжымауына сол да себеп секілді, — дейді ол.

Биыл сәуір айындағы су тасқыны кезінде Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын өр суы басқанда мыңдаған адам баспанасыз қалды. Бұл да облыстағы тұрғын үй құрылысына қатысты проблеманы ушықтыра түскені жасырын емес. Қазір бұл ауданда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған әрқайсысы 100 шаршы метрлік 100 үй салынып жатыр. Жоба бойынша үй екі жатын бөлме, қонақ бөлме, жуынатын және ас бөлмелерден тұрады. Жергілікті құрылыс компаниялары қазір 25 үйдің қабырғасы қалануда.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдан білгеніміздей, тағы да 51 үйдің іргетасы, 21 үйдің іргетас тұғыры құйылған. Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан «Болашақ» шағынауданындағы  жаңа үйлердің аумағына қазірден бастап қоғамдық көліктің жүру схемасын жасақтап, жарық шамдарын орнату жоспарын жасақтауды тиісті құрылымдарға тапсырды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button