Тұрмысты жақсартуға мүмкіндік мол
Өткен жыл облыста әлеуметтік қолдау мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды өзгеріс-жаңалықтарымен есте қалды. Мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар мен жобалардың арқасында өңірдегі осал топтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да әжептәуір жақсарды. Жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, кәсіпкерлікті дамыту және мүгедектерге арналған арнайы бағдарламалар бойынша жүзеге асқан ауқымды жұмыстар баршылық.
Әуелі жұмыс орындары мен кәсіби оқытуға тоқталайық. Былтыр облыс бойынша мансап орталықтарына жұмыс іздеп хабарласқан 60 280 адамның 59702-сі әлеуметтік қолдаудың жұмысқа орналастыру бойынша түрлі шараларымен қамтылды. Бұл бағытта 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, жұмыспен қамту мен кәсіби білім беру саласында жан-жақты жұмыс жүргізілді.
Ал, нақты жұмысқа орналасқан 29 626 адамның 20 505-і тұрақты жұмыс орындарына, 9 121 адам мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына барды. Атап айтқанда, қоғамдық жұмысқа – 5802, жастар тәжірибесіне – 1582, «Күміс жас» жобасына 994 адам тартылды. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 346, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 19 адам қатысты.
Жұмыс іздеп жүргендердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 5267 адам түрлі оқу бағдарламаларымен қамтылды. Тарата айтсақ, онлайн курстар арқылы 2394 адам білім алып, 225 адам мекемелер арқылы оқытылды, ал 2648 адам «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыды.
Сонымен қатар, халықтың осал топтары арасында бизнес жүргізу үшін қайтарымсыз грант алған 291 адам өз ісін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Мемлекеттің бұл қамқорлығының арқасында олар техникалық жабдықтар, мал шаруашылығына қажетті құралдар, басқа да қажетті заттар сатып алды. Бұл гранттардың көп бөлігі көп балалы аналар мен мүгедектігі бар адамдарға берілді. Олардың қатарынан 209 көп балалы ана, 35 мүгедектігі бар және оларды асыраушы 41 адам орын алды.
Әлеуметтік көмек көрсету жүйесі де кеңейтіліп, мемлекеттік қолдау көптеген азаматтың жағдайын жақсартуға бағытталды. Аз қамтылған отбасыларға арнайы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тек бір жылда аз қамтылған 849 отбасыдағы 5033 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бюджеттен жалпы сомасы 559,9 миллион теңге төленді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға төмен. Соған қарағанда былтыр облыстағы аз қамтылған отбасылардың саны азайып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түскені аңғарылады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 68,9%-ы балалар, 3,7% жұмыссыздар, 10,2% жұмыс істейтіндер, 0,6% зейнеткерлер және 0,7%-ы мүгедектігі бар адамдар болды. Сондай-ақ 722 отбасындағы 1-6 жас аралығындағы 1408 балаға қосымша 72,8 миллион теңге әлеуметтік көмек берілді.
Тұрғын үй көмегі де әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігі. Аз қамтылған 243 отбасыға тұрғын үй көмегі үшін 9,7 миллион теңге бөлінген. Ол тұрғындардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарын жеңілдетуге бағытталды.
Мүгедектігі бар адамдарға да қолдау көрсету облыстағы мақсатты жұмыстардың бірі. Мысалы, 463 ерекше баланы үйде оқыту үшін 58,7 миллион теңге арнайы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаларға жылына үш рет, ал ересек мүгедектігі бар адамдарға екі рет әлеуметтік көмек берілді. Мысалы, Конституция күніне орай мүгедектігі бар балаларға 50 мың теңгеден, ал Қазақстан халқының бірлігі күні мен Республика күніне 7,5 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді.
Қосымша қолдау ретінде мүгедектігі бар балаларға арналған Атырау қаласында 150 орындық оңалту орталығының құрылыс жұмыстары басталды. Орталықтың құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс.
Әлеуметтік қолдау шаралары биыл одан әрі жалғасын табады. Қазіргі меже бойынша Атырау облысында 42 174 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның 16 523-нің тұрақты жұмыс орнына орналасуы көзделсе, кәсіби оқытуға 5178 адам тартылмақшы. Қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттер арқылы 230 адамға 356,7 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр, тағы 147 жас кәсіпкерге 735 миллион теңге мөлшерінде микрокредит берілуі тиіс. Кәсіптік бағдарлаумен 20 мың адам қамтылмақ. Ал, мүгедектігі бар 24 адам үшін арнайы жұмыс орындары субсидияланады. Биыл облыс аумағында жаңадан құрылуы көзделген 30 935 жұмыс орнының 23 023-і тұрақты деп болжанып отыр.
Сонымен қатар, мүгедектерді қорғау бағытында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өтініш бергендердің 96%-ы жыл ішінде оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етіледі. Су тасқынынан зардап шеккен Жылыой және Қызылқоға аудандарынан әлеуметтік қорғауды қажет ететін осал топқа жататын 100 тұрғын «Атырау» шипажайында ем алады. Мұның барлығы – мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі іс.
Альфия ТӨЛЕҒАРИЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары