Жарнама
Әлеумет

Тұмшаланғандардың тасасында кім тұр?

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бет-жүзін тұмшалап жүру мәселесіне байланысты нақты пікірін білдіріп, мұндай әрекет қазақтың дәстүріне жат екенін және ұлттық құндылықтармен мүлде қабыспайтынын айрықша атап өтті.

Бұл елдің көптен күткен шешімі, қоғамның көкейінде жүрген мәселе еді. Өйткені соңғы 30-40 жылда елімізде жүзін тұмшалап жүретін қыз-келіншектердің қатары күрт көбейіп, бұл құбылыс жұртшылық арасында алаңдаушылық туғыза бастаған болатын.

Ақиқатын айтқанда, бұл үрдіс Қазақстанға діни бағыттағы ағымдардың ықпалымен ене бастады. Мұның түп-төркінін іздесек, өткен ғасырдың 80-90 -жылдарынан бастап ислам дінін таратуға келген шетелдік миссионерлердің әрекетімен сабақтасып жатқанын байқаймыз. Олар халыққа жат, дәстүрлі емес діни көзқарастарды кеңінен насихаттап, соның нәтижесінде қазаққа ежелден етене жақын Әбу Ханифа мәзһабына кереғар ағымдар бой көрсете бастады.

Олардың үгіт-насихатының қоғамға елеулі ықпал етуіне бірнеше жағдай себеп болды. Біріншіден, мемлекет «Қазақстан – зайырлы мемлекет, дінге араласпаймыз» деген ұстаныммен бұл мәселені назардан тыс қалдырды. Екіншіден, қарапайым халықтың өзі де балаларын арақ-шараптан, бұзақы орталардан қорғау үшін олардың діни ортаға жақындауына қарсы болмады. Мұның соңы діни ағымдарды сүзгіден өткізбей қабылдауға әкелді. Жастар шеттен келген қалталы миссионерлердің ықпалына түсіп, мұсылмандықты діннің түп негізінен емес, салафизм, вахабизм сияқты дүмше бағыттардан үйрене бастады.

Осыдан келіп, шолақ балақ пен қара жамылғы, бетті бүркемелеу сияқты сыртқы белгілер кең тарап, ұлттық болмыстан алшақ киім үлгілері пайда болды. Бұл жағдай тіпті мектеп жасындағы балаларға дейін әсер етіп, оқу орындарында киім үлгісін өзгерту әрекеттері байқалды. Бұған қоғам бейжай қараған жоқ. Халық наразылығы күшейе түсті. Ақыры Мемлекет басшысының тұмшалануға тыйым салатын Жарлыққа қол қоюымен бұл мәселеге нүкте қойылды.

Алайда Жарлық бастаманың ғана көрінісі. Енді оны нақты іске асыру міндеті тұр. Бұл – шешуші әрі аса жауапты кезең. Бұл жолда әсіресе халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатып, үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу аса маңызды. Бұл міндетті облыстық дін істері басқармасына ғана жүктеп қоюға болмайды. Өйткені бұл – нәтижесі сұралатын, артында үлкен жауапкершілік тұрған күрделі шаруа.

Осы орайда мемлекет «дінге араласпаймыз» деген ескі ұстанымнан бас тартып, белсенді қимылға көшуі қажет. Президент Жарлығының орындалуын қамтамасыз ету үшін әр облыс әкімдігінің жанынан идеологиялық орталық құрылып, барлық іс-шаралар сол арқылы жүйеленгені жөн. Бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның – зиялы қауым, ұстаздар, ата-аналар мен қарапайым халықтың қатысуымен жүргізілуі тиіс.

Әсіресе, бұл жерде полиция қызметінің рөлі ерекше. Соның ішінде учаскелік инспекторлар өз аумағындағы тұрғындарды жақсы біледі. Олар тұмшаланған әйелдермен алғашқы түсіндіру жұмысын жүргізіп, қажет болса, құқықтық шаралар қолдануға да құзыретті. Заңды елемей, Жарлыққа қарсы әрекет еткендерге айыппұл салу сияқты механизмдер де қарастырылуы мүмкін.

Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер мен қарсылықтар болуы мүмкін. Себебі тұмшаланып жүргендердің артында ұйымдасқан күштердің тұрғанын ел жақсы біледі. Сондықтан бұл күрес бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Бірақ оған бейжай қарап, созбалаңға салуға болмайды. Егер бұл істі діни басқарма, ішкі саясат басқармасы, идеологиялық құрылымдар қағаз жүзінде ғана жүргізсе, тұмшаланғандар қарап қалмайды – олар да қарсы әрекетке көшуі ықтимал.

Сондықтан Президент Жарлығында белгіленген міндеттерді сапалы әрі сауатты атқару – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл ұлт болашағы, қоғам тұтастығы мен рухани қауіпсіздік жолындағы маңызды қадам. Қалай десек те, Жарлықта көрсетілген тапсырмалар толық әрі нақты орындалуы керек.

Аманкелді ШАМҒОНОВ, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button