
«Тиімді оңалту» лагері белсенділіктің бастамасы
«Тиімді оңалту» лагері белсенділіктің бастамасы Атырауда мүгедектігі бар жандарға арналған «Тиімді оңалту» лагері өз жұмысын қорытындылады. Сегіз күнге созылған бұл ерекше жоба қатысушылардың физикалық дайындығынан гөрі, ішкі сенімін, өмірге деген құлшынысын оятуға басымдық берді. Жоба шеңберінде қатысушылар белсенді қозғалыс пен өзін-өзі күту дағдыларын үйреніп қана қоймай, өздерін жаңа қырынан таныды, қоғаммен қайта қауышты.
Жобаны 2021 жылдан бері «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жүзеге асырып келеді. Сол жылдан бері Атырау мен Құлсарыда 13 лагерь ұйымдастырылып, 80-нен астам адам оңалту бағдарламасынан өтті. Қазір олардың көпшілігі қоғаммен белсенді байланыста, еңбекке араласқан, тәуелсіз өмір салтын қалыптастырып үлгерген жандар.
«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева жобаның арқасында көптеген арба пайдаланушылар ашық еңбек нарығында өз орнын тапқанын айтты.
–Лагерьден кейін біз қатысушыларды жеке оқытуға бағыттап, жаңа кәсіп меңгеруге көмектесеміз. Кейбіреулері массажист атанды, енді бірі SMM саласына бет бұрды, тағы бірі – кондитерлікпен айналысып, алғашқы табысын тапты. Тіпті, параспортпен айналысып, спорттық жетістіктерге жетіп жүргендер де бар. Біз әрқашан қатысушыны нақты нәтижеге жеткізуге тырысамыз. Сол үшін де шығармашылық, спорттық және білім беру іс-шараларына жүйелі түрде тартып отырамыз. Осылайша, өзара қолдау мен түсіністікке негізделген ерекше жандардың ортақ қауымдастығын қалыптастыруды көздейміз, — деп түсіндірді қор жетекшісі.
Жалпы, бұл лагерь халықаралық тәжірибеге негізделген және Қазақстандағы белсенді оңалту бағытының нақты үлгісі болып саналады. Оның ерекшелігі – барлық нұсқаушылардың өздері де арбамен қозғалатын жандар. Олар кәсіби біліммен қатар, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, арбаның адамды шектемейтінін, керісінше өмірге қайта бейімдейтін құрал екенін дәлелдей білді.
– Біз сабақтарда берілетін барлық жаттығуларды қатысушылар үй жағдайында да өз бетінше орындай алатындай етіп әзірлейміз. Белсенді кресло-арбамен жүру, түрлі кедергілерден өту, ойық жара мен контрактураның алдын алу, психологиялық өзін-өзі қолдау әдістерін үйретеміз. Сонымен бірге жүзу, аэробика, фитнес сабақтары арқылы дене белсенділігін күшейтуге ден қоямыз, — дейді лагерь нұсқаушылары.
…Арманға еркін ұмтылған жандар
Қызылқоға ауданынан келген Махамбет Серікқалиев пен Құлсары қаласынан келген Саят Күмісжан лагерьге дейін тек үй ішінде қолданылатын бөлмелік коляска-арбамен жүріп-тұрған. Сыртта еркін қозғалуға жарамсыз мұндай арбалар олардың күнделікті өмірін күрделендіре түскен. Ал лагерьде олар алғаш рет белсенді коляска-арбамен қозғалу техникасын меңгеріп, дербес өмір сүруге алғашқы қадам жасады.
Саят өзін-өзі күту, киіну, тамақтану секілді тұрмыстық дағдыларды алғаш рет игерді. Екеуі де бассейнде жүзуге машықтанып, бұрын-соңды болмаған еркіндікті сезінді.
– Бұған дейін мен өзімді қоғамнан шет қалған адам ретінде қабылдайтынмын. Лагерь маған мүлде басқа өмірдің бар екенін көрсетті. Қазір өз-өзіме сенімдімін. Бұл мен үшін үлкен жеңіс, — дейді қатысушы Махамбет Серікқалиев.
Иә, лагерьдің артықшылығы тек физикалық машықпен шектелмейтінінде еді. Жоба аясында оңалтудан өткен адамдар кәсіптік оқуға жолданып, жаңа мамандық меңгеруде. Бұл әлеуметтік жоба ғана емес, адамның тағдыры мен болашағына салынған көпір. Жоба ұйымдастырушылары келешекте лагерь аясын кеңейтіп, өңірлерді қамтуды көздеп отыр.
«Тиімді оңалту» лагері тек жаттығу алаңы емес, өмірге қайта оралудың баспалдағы. Бұл сенім мен серпіліс, үміт пен өрлеу мектебі. Арбаға таңылса да, арманға еркін ұмтылған жандардың тағдырын өзгерткен бағдарлама.
Сондай-ақ шара аясында медициналық колледж студенттері мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған екі күндік арнайы оқу ұйымдастырылды. «Мұндағы мақсат болашақта ерекше жандарға кәсіби қолдау көрсете алатын білікті мамандарды даярлау еді» дейді ұйымдастырушылар.
Майра ЕРҒАЛИ