Жарнама
Әлеумет

Тасқынға дайынбыз ба?

Былтыр көктемде кейбір елді мекендерді су басып, тұрғындарын әуре-сарсаңға салған болатын. Содан бері түрлі деңгейде су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар жасалып келеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері былтырғы жағдай қайталанбауы үшін дайындық жұмыстарын биыл ерте бастады.

«Қазгидромет» РМК филиалының жетекші инженер-гидрологы Ақмарал Мизамғалиеваның айтуынша, Атырау облысындағы өзендерде осы құрылымға қарасты 15 гидробекет орнатылған. Оның үшеуі биыл пайдалануға беріліпті. Гидробекеттер – Жайық өзені бойындағы Атырау қаласы мен қалаға қарасты Жаңаталап, Еркінқала ауылдары мен Индер, Махамбет аудандарында, жем өзенінің арнасындағы Аққиізтоғай ауылында, Құрманғазы ауданында Қиғаш және Шора өзендерінде. Сонымен қатар Каспий теңізінде де бірнеше гидробекет бар. Әр бекетте жұмыс істейтін 2 бақылаушы маман күн сайын судың деңгейі мен температурасын және су айдынындағы мұз режимін бақылап, су шығынын өлшеп, мәліметтерді филиалға жіберіп тұрады.

Жайық өзенінде көктемгі судың тасуы биыл жоғарыдан наурыздың алғашқы онкүндігінде түседі. Өзен ағынының 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасатындықтан, ол мәліметті «Росгидромет» қызметі береді екен. Бұл туралы «Қазгидромет» өкілі айтты.

Ал Жем өзенінің су көлемі нормадан жоғары болуы мүмкін. Бүгінгі таңда су деңгейі 130 сантиметр болса, былтыр осындай уақытта 160 сантиметр болған екен. Ойыл және Ноғайты өзендерінің су деңгейіне былтыр ешқандай бақылау жүргізілмепті, гидробекеттің жұмысы биыл 1 ақпаннан басталған.

Жуырда облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі су тасқынының алдын алуға бағытталған мәжілісте тек шекті деңгейлерді емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажеттігін айтты. Яғни көпжылдық орташа көрсеткішке, былтырғы мәліметтер мен жоспарланған көлемдерге сүйену керек екенін атап көрсетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, өңірде су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Соған қарамастан Серік Жамбылұлы салынған бөгеттерді тексеріп, қажет болса тағы да нығайтуды және өр суы келетін аумақтардағы гидрологиялық жағдайды бақылауға алуды тапсырды.

– Былтыр бізге үлкен сынақ болды. Өзіміздің осал жерімізді байқадық, енді барлық техника әр елді мекенде дайын болуы керек. Сонымен қатар, эвакуацияны тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Су басу қаупі жоғары аймақтардағы шаруа қожалықтарына алдын ала ескертіп, малды уақытша орналастыратын орындар дайындалуы қажет. Барлық су өткізу нысандары мен салынған бөгеттер жан-жақты тексеріліп, жедел штабқа нақты ақпарат жинақталуы тиіс. Біз ең нашар жағдайға дайын болуымыз керек, босаңсуға болмайды, — деді С.Шәпкенов.

Әрине, тапсырма берілгенімен, облыста атқарылып жатқан жұмыстың тасқынның алдын алуға қаншалықты қауқарлы екенін көктемдегі қарбалас шақ көрсетпек. Бұл туралы өңірдің тыныс-тіршілігін білетін тәжірибесі мол ардагерлер өз ойларымен бөлісіп, пікірін білдірген еді.

*Сіз не дейсіз?

Жәнібек АРАЛБАЕВ,

Сағыз ауылының тұрғыны:

Сағызға қауіп қайдан?

– Сағыз өзені бастауын Ақтөбе облысының Байғанин ауданының тұсынан алады. Ал Сағыз – Ақтөбе облысының шекарасынан төрт-бес шақырым төменде орналасқан ауыл. 1967 жылы осы жерге төрт-бес мың гектар шамасында көлтабандап суару жүйесі салынған. Оның жеті-сегіз қуысы бар су реттегіш шлюзі болған екен. Негізгі мақсаты – Сағыз ауылы мен өзен бойындағы теміржол көпірін қорғауға арналған. 1993 жылғы тасқыннан кейін кейбір шлюздер бұзылды, кейбірі әлі күнге дейін тұр.

Содан бері өр суы реттеусіз аққандықтан жердің бәрін жырып, жыраға айналдырып барады. Сондықтан бұл ауылда қазір жайылымның тозуы үлкен мәселе болып тұр. Жер де эрозияға ұшырап барады, айналада мұнай өндіріліп жатқандықтан жерасты сулары тартылып жатыр. Оның лимиті де аз, күніне 20-40 тоннадан артық су бере алмайды. Бірақ азын-аулақ шаруашылықтың малын суаруға жетеді.

Бұрын Жайық-Каспий су бассейніне кірмейтін көлемі шамамен 1 мың гектардай Балбұлақ деген су қоймасы болды. Ол жерде бау-бақша егілетін. Соны баяғы қалпына келтіріп, реттесе екен деймін.

Бүгінде су тасқынына дайындық жүріп, ауылды түгел бөгетпен қоршап қойды. Су деңгейі көтерілген кезде Сағыз өзені де, Ноғайты өзені де тасиды. Ноғайты ауылдың ортасымен ағып барып Сағызға құяды. Сол кезде өзен жағасындағы үйлерге қауіп бар. Егер жоғарыда айтқан шлюздерді қайта қалпына келтірсе, Сағызға қауіп төнбес еді.

Ноғайты өзенінің  арнасы да жылдан жылға құм үйірілгендіктен тайызданып бара жатыр. Оны тереңдету жұмыстарын биыл қолға алып жатыр екен. Егер көлтабандап суару жүйесін қалпына келтірсе, Ноғайты өзенінің арнасын құм басу, Сағыз ауылын су басу қаупі шешілер еді. Тозығы жеткен жайылымдар мен жердің эрозиясы секілді мәселелер де шешімін табады. Өйткені ауыл іргесіндегі үлкен жыралар реттеусіз судың жайылма болып ағып жатқандығынан пайда болған. Бұдан екі жыл бұрын облыс әкімі ауылға келгенде қабылдауына жазылып, барлық жағдайды айтқанмын.

Хамидолла ӘБДРАХМАНОВ,

су шаруашылығының ардагері:

Бөгет жобаға сәйкес салынуы керек

– Қазір бөгет салуды тек топырақты жал-жал қылып үю деп түсініп, солай салып жатырмыз. Бірақ ол әлі де толық нығыздалып жатқан секілді. Оның үстіне қазір жер тоң. Жуырда ауданда өткен жиналыста да бұзатын және бітейтін жерлер туралы айтылған болатын.

Жасалып жатқан жұмыстардың сапасына халықтың көңілі толмайды. Маман ретінде мен де солай дер едім. Бұл жұмыстар арнайы жоба бойынша жасалуы керек. Судың келетін тұсына қарай еңіс болуы шарт, ол да сақталып жатқан жоқ. Асығыстау жасалып жатқан сияқты.

Әкімдіктегілер жұмыстың жасалып жатқаны алға тартады. Егер білікті мамандар келіп көрсе, бұл жұмыстардың кемшілігін айтар еді. Мысалы, бөгет соғу үшін құм мен топырақты араластырып жатыр. Ешқашан құмның өзінен бөгет салынбайды. Жергілікті басшылар «биыл да су тасқыны болып қалады-ау, ертерек бөгет соғайық» деп жанталасып жатыр.

Біз жұмыс істеген кезде белгілі бір тәртіп, талап болды. Алайда қазіргідей бөгет соққан жоқпыз. Тасқын су ол кезде де болатын, бірақ соңғы екі жылдағыдай көп мөлшерде болған жоқ.

Бала болсам да есімде, 1957 жылы су тасыды. Әкелеріміз сол кезде «топан су» деп айтып отыратын. Сол судың барған жерінен былтырғы судың көлемі асып кетті. Содан кейін 1993 жылы келді. Оның да көлемі былтырғыдай болған жоқ. Беті әрмен, биыл су былтырғыдай келсе, елді мекендерге қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстарды сапалы атқару керек деп есептеймін.

Қызылқоға ауданы

Дайындаған Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button