Жарнама
Әлеумет

Шабындық тапшы, меже – 15 %

Аграрлық саладағы маңызды науқандардың бірі – қысқа қажетті мал азығын дайындау. Осынау жауапты маусым облыста қалай ұйымдастырылуда, биылғы «Жасыл орақтың» жағдайы нешік?

Ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста 2024-2025 жылдарға арналған мал қыстатуға қажетті ірі сабақты маз азығының көлемі 605 мың тонна және қажетті құрама жем — 44 мың тонна. Өткен жылдан қалған ірі сабақты мал азығының көлемі 52 мың тонна екен. Осыны есепке алып, биыл 552 мың тонна шөп әзірлеужоспарланған.

– Көктемгі су тасқынының салдарынан өңірдегі шабындық (әсіресе, көлтабандар) алқаптарды су басып, жарамсыз болып қалды. Сол себепті, биыл науқанды жұмыстар жылдағы мерзімінен біраз кешіктіріліп қолға алынды. Бүгінгі күні өңірде дайындалған мал азығының көлемі 90 мың тоннаны, яғни белгіленген меженің 15 пайызын ғана құрап отыр. Айта кету керек, науқандық  жұмыстар қазан айына дейін созылады. Облыс бойынша мал азығы негізінен Индер, Қызылқоға, Құрманғазы және Жылыой аудандарының аумағынан дайындалады. Алайда, өз өңірімізде қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндіктерінің шектеулі, шабындықтың тапшы болуы себепті, қысқа керекті шөп пен құрама жем көршілес Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан тасымалданады, — дейді салалық басқарманың өкілі Ақтілек Нұроллаева.

Қиғаш бойындағы қарекет 

Облыстағы малды өңірлердің бірі — Құрманғазы ауданында 78 500-ден астам мүйізді ірі қара, 160 500 қой-ешкі, 34 437 жылқы және 5 100 түйе қыстаққа түседі. Төрт түлікті сын кезеңнен аман-есен алып шығу үшін барлығы 164 300 тонна шөп қажет.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың айтуынша, былтырдан қалған 8 650 тоннаны есепке алғанда, нақты дайындалуға тиісті пішеннің көлемі 155 700 тоннаны құрайды. Оның басым бөлігі (152 900 тоннасы) шаруа қожалықтары мен тұрғындардың үлесінде болса, қалған 2 800 тоннасы төрт асыл тұқымды түлік өсіретін шаруашылықтың еншісіне тиесілі көрінеді.

img 0227

– Шабындыққа бөлінген жердің аумағы 13 413 гектар. Соның 2 800 гектардан астамы босалқы жер болып есептеледі. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығымен айналысатын 625 шаруа қожалығының үштен бірі мал азығын дайындау науқанына қатысуда. Ауылдық округтерден берілген мәліметтерге сүйенсек, маңызды маусымға 55 автокөлік, 331 түрлі маркадағы трактор, 241 тіркеме, 205 агрегат, 1 051 адам жұмылдырылуда. Айрықшалап айтарым, орталықтан шалғайдағы Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдарында шөп әзірлеумен шұғылданатын 5 бригада ұйымдастырылып отыр. Жоспарланғанындай, 66 500 тоннаға тарта мал азығы қырлықтан дайындалады. Мұның өзі қажетті көлемнің 41 пайызын құрайды. Әрине, жылдағыдан гөрі шалғының шабындыққа кештеу түсуі себепті, нәтиженің көңіл көншітпейтінін де жасырудың жөні жоқ. Соңғы мәліметтерге қарағанда бүгінгі күнге дайындалғаны 1 500 тонна болып отыр, — деді салалық бөлімнің басшысы.

Білгеніміздей, кездескен қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, облысымыздың өзге өңірлерінде де осындай қарекеттер жасалынуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button