Құлсарылық зейнеткерлер демалысты тиімді өткізуде
Жетпіс жастағы Зейнеп Есеналиеваның зейнеткерлік демалысқа шыққанына 20 жылдан асты. Бес перзент тәрбиелеп өсірген ана бүгінде олардан 25 немере-жиен, 7 шөбере сүйіп отыр.
Ол бос уақытында “Теңізшевройл” ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағларламасы аясында қаржыландырылатын “Ешқашан кеш емес” жобасына белсенді қатысып жүр.
“Жаңаша” қоғамдық қорының 50 жастан асқандарға арналған бұл жобасына қатысушылардың басым бөлігі — зейнеткерлер. Ағылшын тілі, хореография, вокал, йога курстарын қамтитын әлеуметтік жоба шеңберінде түрлі тақырыптағы тренингтер мен шеберлік сабақтары да ұйымдастырылады.
— Бізге осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Бұл жоба егде жастағылардың бос уақытын пайдалы өткізіп, сергек күйді сақтауына көмектеседі. Мен өзім вокал мен йогаға қатысып жүрмін. Бүгінгі йога сабағы таңғы таза ауада өтті. Сабақтан кейін тәттілеп шәй ішіп, мәре-сәре болдық, — дейді З.Есеналиева.
Белсенді зейнеткердің сөзін замандастары да қолдап, ұйымдастырушылар мен демеуші компанияға шын ризашылығын жаудырды.
Бұл жаңашалықтарды жаңа бастамаларға ынталандырып отыр.
— Бүгін біз йога сабағын әдеттегідей залда емес, спорт алаңында өткіздік. Форматты өзгертіп, қатысушыларға ерекше атмосфера сыйлағымыз келді. Қатысушыларымыздың эмоциясын көріп, өзіміз де мәз-мейрамбыз. Жыл аяғына дейін жалғасатын жоба бағдарламасында алда қызықты шаралар өте көп, — дейді жоба координаторы Гүлжанат Алдоңғарова.