
Қолдау бар жерде нәтиже болады
Атырау қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге арналған семинар ұйымдастырылды. Шараны Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен «Балалар – елдің болашағы» аумақтық қоғамдық бірлестігі «Анаға қолдау» жобасы аясында өткізді.
Семинар спикері – кәсіби заңгер Ахмед Сырым әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша дәріс оқыды. Сондай-ақ отбасындағы және еңбек саласындағы заңнамалармен таныстырып, отбасында кездесетін қатыгездіктен қорғану жолдарын түсіндірді.
Ал, тәжірибелі психолог Гүлнәр Төлепова қатысушыларға психологиялық тұрғыдан кеңес беріп, олардың жеке жағдайларына қатысты нақты жауаптар ұсынды. «Ананың көңілі жайлы болса, баланың бабы да болады. Сондықтан отбасында әйелдердің психоэмоционалдық жағдайы маңызды роль атқарады» деген психолог нәзікжандылар әрдайым қолдауды қажет ететініне басымдық берді.
Семинар аясында ашық пікір алмасу өтті. Аналар өздерін мазалаған сұрақтарын ортаға салып, сала мамандарынан пайдалы ақпарат алды. Жеке қабылдаулар арқылы әрбір әйелге көңіл бөлініп, нақты көмек көрсетуге бағытталған іс-шара шынайы қолдау алаңына айналды.
Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың тұрақты түрде жалғасуын сұрады.
Ал спикерлер семинарды «Қоғамдағы әйелдердің құқықтық және психологиялық тұрғыдан қолдауға мұқтаж екенін ескере отырып, бұл шараның маңызы жоғары екені белгілі» деген пікірмен қорытындылады.
Майра ЕРҒАЛИ