
Қарттар интеллектуалды ойында сынға түсті
“Жаныңдамын” волонтерлік ұйымы Атырау қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында “Рәміздерім – мақтанышым” атты интеллектуалды сайыс ұйымдастырды. Өткен 4 маусым, Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен іс-шара рәміздерге деген жалпықоғамдық құрметті арттырып, қарттардың бос уақытын тиімді пайдалану, жас еріктілердің әлеуметтік волонтерліктегі тәжірибесін шыңдау мақсатын көздеді.

Аталған орталықтың тұрғындары сайыс барысында рәміздер туралы арнайы дайындалған сұрақтарға лезде жауап беріп, білімдерін сынады.
–Осыған дейін бұл орталықта түрлі эстафеталық ойындар мен концерттер, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырдық. Ал бүгінгі мақсатымыз – интеллектуалды ойын ойнатып, үлкендердің көңілін серпілту. Қариялар орталыққа келген сайын бізді жақсы көңіл-күймен қарсы алады. Өйткені, шахмат, тоғызқұмалақ, теннис секілді спорттық ойындар ойнатып, оларға жылулық сыйлаймыз. Біздің қор аталған мекемеден бөлек, жалғызбасты қарияларға да көмек қолын созудан кенде емес, — деді «Жаныңдамын» қоғамдық қорының еріктісі Ажар Құспантаева.

Айта кету керек, сайыста қариялар «Алаш», «Шұғыла», «Қайсар» деген атаудағы үш топқа бөлініп, сайысты. Белсенділік танытқандарға сыйлық пен Алғыс хаттар табыс етілді.
Ұлболсын МАРСОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ