Пәлен жерде пайда бар
Адамның қабілет-қарымы асу бермес биіктерге шығарады. Мұны 22 жастағы Альбина Өмірболаттың тәжірибесі дәлелдегендей. Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылында туып-өскен жас маман бүгінде БАӘ-де SMM саласында табысты еңбек етіп жүр. Альбинаның айтуынша, бұл мамандық кәсіп қана емес, шексіз мүмкіндіктердің де әлемі.
Шетелге сапар. Жаңа мүмкіндіктер
– БАӘ-де SMM мамандығына ерекше мән беріледі. Жұмысқа қабылдар алдында бірнеше іріктеу кезеңі мен сынақ мерзімінен өту талап етіледі. Бұл салада сапаға жоғары талап қойылады, ал жалақы деңгейі соған сәйкес төленеді. Қай жерде жүрсем де интернет арқылы жұмыс істей алатыным мен үшін үлкен артықшылық болды,-дейді Альбина.
Бүгінде ол танымал блогерлермен жұмыс істеп, өзінің кәсіби қабілетін одан әрі шыңдауда. Оның табысты жолы шетелде еңбек етуді армандайтын жастарға шабыт беріп отыр.
Бұл ретте Атырау облысында өткен маңызды жиын халықаралық еңбек нарығындағы осындай мүмкіндіктерді кеңейтуге арналды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Швейцария Конфедерациясы елшісінің орынбасары Тобиас Вердер мен халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы миссиясының басшысы Серхан Актопракпен кездесті. Кездесуде шетелде жұмыс істеуге ниетті қазақстандықтарды қолдауға бағытталған Алдын ала даярлық орталығының жобасы талқыланды.
– Бұл орталық ақпараттық қолдау ғана емес, шетелде жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Жобаның Атырауда пилоттық негізде іске қосылуы стратегиялық маңызды қадам. Ол азаматтарымыздың кәсіби әлеуетін халықаралық деңгейде жүзеге асыруына жағдай жасап, бәсекеге қабілеттілігін арттырады,- деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Орталық шетелде жұмыс істеуді қалайтын адамдарға құқықтық, әлеуметтік және кәсіби қолдау көрсетуді мақсат етеді. Ол Атырау облысы үшін ғана емес, еліміздің жаһандық еңбек нарығында өзін көрсетуіне үлкен мүмкіндік туғызбақ.
Кездесу барысында ХКҚҰ ұсынған Алдын ала даярлық орталығы жобасы талқыланды. Бұл жоба шетелде жұмыс істегісі келетін жандардың кәсіби әлеуетін халықаралық деңгейде іске асыруға мүмкіндік береді. Серхан Актопрак жобаның басты мақсаты – жұмыссыздықты азайтып, серіктестікті нығайту екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұндай бастамалар жаһандық миграциялық қозғалыстарға оң ықпал етеді.
– Өңірде ірі мұнай-газ компаниялары орналасқандықтан, жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып қала береді. Бізде білікті мамандар көп. Олардың бұл тәжірибесі өзге елдерде де жоғары сұранысқа ие. Сондықтан міндетіміз – азаматтарымыздың халықаралық еңбек нарығында өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру. Алдын ала даярлық орталығы бұл бағытта үлкен қолдау көрсетеді. Бұл жоба халықаралық серіктестікті нығайтуға және көші-қон үдерісіне жаңа серпін беретініне сенемін,-деді жобаның Атырауда пилоттық негізде іске қосылуы стратегиялық маңызды шара екендігіне тоқталған облыс әкімі.
Мұнайлы өңір үшін бұл бастама өте өзекті. Бүгінде Атырау облысының мыңнан астам тұрғыны Ресей, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Венгрия және Чехия сияқты елдерде еңбек етуде. Олардың кәсіби тәжірибесі мен қабілетін шетелдік жұмыс берушілер жоғары бағалап отыр. Жаңа орталық бұл тәжірибені одан әрі жетілдіріп, қазақстандық мамандардың халықаралық деңгейде сәтті қызмет етуіне жол ашады.
Жобаның мақсаты қандай?
Адам мүмкіндіктері шексіз, бірақ соны жүзеге асыру үшін нақты бағыт пен қолдау қажет. Атырауда ашылған Алдын ала даярлау орталығы осы мақсатқа қызмет етпек.
Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, Швейцария Конфедерациясы елшісінің орынбасары Тобиас Вердер, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) Қазақстандағы миссиясының басшысы Серхан Актопрак және қала мен аудан мансап орталықтарының басшылары қатысты.
Құқықтық кеңес береді
Швейцария Конфедерациясы елшісінің орынбасары Тобиас Вердер шетелде еңбек етуді жоспарлаған жандарға қолдау көрсетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Бұл орталық тұрғындарға құжат рәсімдеу, еңбек шарттары, білім алу мүмкіндіктері, медициналық сақтандыру және тұрғын үй мәселелері бойынша толыққанды ақпарат береді. Біздің басты мақсатымыз – бұл үдерістердің заңдылық пен қауіпсіздік талаптарына сай, адам құқықтарын сақтай отырып жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Атырау халқы осы орталықтың қызметінен үлкен көмек алатынына сенімдімін,-деді ол.
Тіл курстары ұйымдастырылады
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтардың қатары жылдан жылға көбейіп келе жатқанына тоқталды. Оның пікірінше, еңбек мигранттарына қажетті құқықтық және ақпараттық қолдау көрсету басты міндеттердің бірі.
– Бүгінгі таңда шетелде жұмыс істеудің негізгі кедергілерінің бірі – тіл мәселесі. Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта шетелдік жобаларға қатысқысы келетін жандарға арналған тіл курстары ұйымдастырылады,-деді Ж.Бисембиев.
Онлайн платформа: шетелге дайындық
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Қайрат Омаровтың айтуынша, шетелге шығуды қалайтындарға «skills.enbek.kz» платформасы үлкен көмек көрсетеді. Осы арқылы азаматтар шетелде жұмыс істеу үшін қажетті заңнамалар мен тілдер бойынша білім алып, сертификат иелене алады.
Халықаралық серіктестіктің жарқын нәтижесі
Алдын ала даярлау орталығы – бұл жергілікті биліктің бастамасы ғана емес, сонымен қатар Халықаралық көші-қон ұйымы, Атырау облысы әкімдігі және Швейцария елшілігінің бірлескен еңбегінің жемісі.
Орталық шетелде жұмыс істеп, өз қабілетін халықаралық деңгейде сынағысы келетіндер үшін жаңа есік ашады. Ол тек ақпараттық қолдау көрсетіп қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңа дағдыларды үйрету арқылы олардың кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Атырау үшін бұл маңызды стратегиялық қадам. Шетелде еңбек етіп, жаңа белестерді бағындырғысы келетін әрбір азамат енді нақты қолдауға ие. Бұл тек өңір үшін ғана емес, ел үшін де болашағы зор бастама.
Бүгінде еңбек – әлемді өзгерту құралы. Ал Атырау халқының әлемдік еңбек нарығына қадам басуы – ел дамуының жаңа кезеңі. Еңбек пен ынтымақтастық арқылы алынған әрбір белес жарқын жетістіктерге жол ашатыны анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА