Жарнама
Әлеумет

Пәлен жерде алтын бар…

Қолы шебер Мараттың Теңіз кенішіндегі компаниялардың бірінде еңбек етіп жүргеніне біраз болған. Міндетін адал атқаратын, таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыстың соңында жүретін, артық ауыз сөзі жоқ ол ортасына кәдімгідей сыйлы еді. Басшылары да оның осы еңбекқорлығын ерекше бағалайтын. Дегенмен, бір күні отбасылы Марат «көп ақша беретін» Европаға аяқастынан кетті де қалды. Қазір кәрі құрлықтағы өндірістік нысандарда еңбек етіп жүр…

Байқасақ, елімізде Марат секілді жандар аз емес екен. Дегенмен, Европаның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап жүргендердің тізімі жергілікті жауапты орындардың есебінде жоқ болып шықты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, Атырау облысынан 6 адам Ресейдің «Татнефть» компаниясына жұмысшы мамандығы бойынша еңбекке тартылған. 

– Ал, өзге шетелде жұмыс жасайтын атыраулықтар бойынша бізде ақпарат жоқ, — деді ол.

Қазір ақпарат құралдары жуырда Оңтүстік Корея өкілдерінің заңсыз жүрген 15 мың Қазақстан азаматының елден шығарылатынын ескерткені туралы жазып жатыр. Отандастарымыздың осы жағдайына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова түсінік берді.

Оның айтуынша, жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяға барған.

– Олар біздің мемлекетке үш талап қойып отыр. Біріншіден, Кореядағы елшілікте аталған жұмыстармен айналысатын атташе лауазымын енгізу керек екенін айтты. 15 мыңға жуық Қазақстан азаматы сол елде заңсыз жүр. Олар «15 мың адамды Қазақстанға шақыртыңдар» деген талабын жариялады. Келесі талабы халықаралық сертификатқа қатысты. Бұл тұрғыда қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда сертификация рәсімдерінен өтуі керек. Біз үш өңірде жаңа орталықтарды дайындап қойдық. Алматыда ол кісілер өздері келіп, қарап кетті. Біз барлық талапты орындадық. Енді қазір тиісті рәсімдерді күтіп отырмыз, — деді министр.

Қазақстан азаматтарын қайтару кезінде ешқандай әкімшілік әрі құқықтық міндеттемелер қойылмайтыны белгілі болды. Егер олар қазір келіп, әуежайдан билет сатып алса, жауапкершілікке тартылмайды екен. Сонымен қатар Светлана Жақыпова Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты іс-шаралар жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтты.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button