Жарнама
Әлеумет

Ойы түзелсе, өзі түзеледі

Абайдың отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзі бар. Ұлы ойшылдың бұл пікірі адам табиғатының өзгеруге қабілетті екенін, ешкімнің түбегейлі жаман емесін меңзейді. Демек, шалыс басып, қатесін мойындаған жандардың түзу жолға түсіп, қайта қалыптасуына қоғам мүмкіндік беруі тиіс. Осы ұстанымға негізделіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде бірқатар сотталған адамға рақымшылық жасау процесі басталды.

Конституцияның 30 жылдығы аясындағы кешірім  – адам құқықтарын сақтау мен әділет принципін ұстану жолындағы гуманистік қадам ғана емес, мемлекет шығынын азайтуға бағытталған ұтымды шешім. Қылмыс деңгейін төмендету, түзеу мекемелерін оңтайландыру мен әлеуметтік бейімдеу мәселелері де осы реформаның басты арқауына айналды.

40 мың адам темір торда

Мәжіліс мінберінен сөйлеген депутат Абзал Құспанның сөзіне сүйенсек, бүгінде елімізде қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 63 түзету мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Оның ішінде 33 мыңы – сотталғандар, 7 мыңы – тергеу изоляторындағы күдіктілер мен айыпталушылар. Бұл сандардың артында түрлі тағдыр бар – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін темір торға тоғытылған адамдардың 90 пайыздан астамы қайта қалыпты өмірге оралудан үмітті. Солардың 16 пайызы – бұрын да сотталған, қылмыс жолына тағы қайтып оралғандар.

Бас бостандығынан айырылмағанымен, заң алдында міндет арқалап жүрген 27 мыңнан астам адам да пробация қызметінің бақылауында. Демек, бұл – темір тордың ішіндегілер ғана емес, жазадан кейінгі жолды іздегендер үшін де маңызды қадам.

Алдын ала жасалған есеп бойынша рақымшылық 15 мың адамды қамтиды. Оның 6 мыңы – түрмеде отырғандар, 9 мыңы – пробациядағылар. Нақтырақ айтсақ, 632 адам қамақтан босаса, 3,5 мың адам пробация тізімінен шығады. Осылайша, жалпы 4,1 мың адам бостандыққа қайта қадам басады. Айта кетерлігі, мұндай көлемдегі кешірім соңғы рет 1999 жылы болған. Ол кезде 53 мың адам рақымшылыққа іліккен екен. Осы жолғы қадам – сол кезеңнен бергі ең ауқымды рақымшылық болмақ.

Мәселенің екінші жағы

Әлбетте, бұл тек статистикамен өлшенетін мәселе емес. Мәселенің екінші жағына депутат Бақытжан Базарбек назар аудартады. Ол қылмыстық саясатты зерттейтін халықаралық World Prison Brief институтының дерегіне сүйеніп, Қазақстанның түрмеге қамалғандар саны бойынша 222 елдің ішінде 51-орында тұрғанын айтады. Бұл – елең еткізерлік дерек. 2018 жылы ел түрмелерінде 33 989 адам отырғанда, біз 84-орында едік. Кейін 2017–2022 жылдар аралығында 2 500 адамды босату арқылы 98-орынға көтерілгеніміз бар. Алайда 2022 жылы жағдай қайта күрделеніп, 33 217 адаммен тағы да 51-орынға құлдилаппыз. Қарапайым тілмен айтсақ, қылмыс көбейіп қана қоймай, оған кесілген жаза да қатайтылып, темір торға тоғытылғандар саны артып келеді.

Неліктен? Оның себебі бар. Жағдайдың қиындығы, әлеуметтік проблемалар, өмірлік дағдарыс – мұның бәрі адамды түрлі жолға итермелеуі мүмкін. Ал енді сол сүрінгендерге екінші мүмкіндік беру – құқықтық қана емес, гуманистік мәселе.

Бұл жерде, әрине, мемлекет мүддесі де ұмыт қалмайды. Себебі түрмелер қылмыскерге тола берсе, оларды қамтамасыз ету республикалық бюджет үшін едәуір салмақ болмақ. Триллиондап тапшылыққа батып жатқан ел қазынасы үшін бұл – шынымен де өзекті мәселе. Белгілі адвокат Айман Омарованың сөзі де осыны аңғартады. Ол отандық БАҚ-қа берген пікірінде Жауғаштыдағы әйелдер колониясының 550 адамға есептелгенін, алайда онда 650-ден астам жазасын өтеуші отырғанын нақты дерекпен келтірді. Бұл – тек бір мекемедегі жағдай ғана. Ал ел бойынша ахуал одан да күрделі болуы мүмкін.

Мәжілісмен Абзал Құспан түрмелерге кететін шығынды нақты есептеп берген. Оның айтуынша, рақымшылық жасаудың арқасында мемлекет айтарлықтай қаржыны үнемдейді.

–Егер рақымшылық депутаттар көрсеткен көлемде жүргізілсе, онда мемлекет жылына шамамен 5 млрд. теңге үнемдейді. Бұл – аз қаржы емес, — деді ол Мәжіліс мінберінде.

Расында, мұндай артық жүктеме тек моральдық емес, материалдық та салмақ. Түрмедегі тамақ, киім, күзет, медициналық қызмет, коммуналдық шығын – бәрі қаражат емес пе?! Абақтыдағы бір адамды бір жыл ұстауға орта есеппен миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады екен. Сотталғандардың санын азайту арқылы мемлекет бюджетінен қомақты қаражат үнемделмек. Бұл – қылмыс жасаған адамға ғана емес, тұтас қоғамға пайда әкелетін реформа.

Мемлекет шығыны азая ма?

Рақымшылықтың мемлекет үшін стратегиялық шешім екені ескеріле бермейді. Расында да, рақымшылық жариялау – белгілі бір санаттағы сотталғандарды бостандыққа шығару ғана емес, мемлекеттік шығынды азайтудың бір жолы.

Ойлап қарасақ, түрмедегі адамның шығынына кететін қаржы салық төлеушінің қалтасынан шығады. Ал рақымшылық арқылы осы салмақ азайып, үнемделген қаражатты балалар үйлеріне, білім беру, медициналық қызмет сапасын жақсартуға, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағыттауға болады. Бұл – ел болашағына жасалған инвестиция.

Аталған тақырыпқа байланысты қоғам қайраткері, экономист Сәбит Рысбаев рақымшылық үнем мен үмітке бастайтын жол екенін тілге тиек етеді.

– Заң – жай ғана ережелер жиынтығы емес. Ол – әділетке бастар жол. Егер ол адам тағдырын ескермесе, тек жазалауға бағытталса, онда өзінің ең басты миссиясынан айырылады, — дейді қаржы сарапшысы.

Оның пікірінше, мемлекет соңғы жылдары қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытында батыл қадамдарға барып отыр. Соның бірі – рақымшылық институтының кезең-кезеңімен іске асырылуы. Бұл тек жазаны жеңілдету емес, адамға екінші мүмкіндік беру арқылы қоғаммен қайта байланыс орнатуға жол ашатын тетік. Мұндай көзқарас елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етумен қатар, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

– Қоғамға бейімделуге мүмкіндік берілген әрбір адам – мемлекет үшін үнем мен үміттің белгісі. Рақымшылық аясында босап шыққан адамдар бюджетке емес, керісінше, еңбек нарығына пайдалы күшке айналуы тиіс, — дейді экономист.

Сәбит Рысбаев рақымшылықтың нақты төрт тиімді тұсын атап көрсетті.

Біріншіден, бұл – мемлекеттік шығындарды азайтуға жол ашады. Түрме жүйесінде бір адамды ұстауға жылына бірнеше миллион теңге қаржы жұмсалады. Егер бұл шығын азайса, бюджетке түсетін қысым жеңілдейді. Үнемделген қаражатты білім беру, медицина немесе әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына бағыттауға болады.

Екіншіден, рақымшылық еңбек нарығына қосымша жұмыс күшін енгізеді. Бостандыққа шыққан адамдар арнайы оқыту, қайта даярлау курстары арқылы жаңа мамандық иесі атанып, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алады.

Үшіншіден, жаңа түзеу мекемелерін салу қажеттілігі азаяды. Бұл құрылысқа кететін миллиардтаған қаржының басқа әлеуметтік мақсаттарға бағытталуына жол ашады.

Төртіншіден, ресоциализация үдерісі жанданады. Сотталғандардың қоғамдық жұмысқа араласуы – оларды қоғамға жақындататын маңызды қадам. Мысалы, Өскемен қаласында түзеу мекемелерінде жасалған саябақ орындықтары, жарық шамдары мен қоқыс жәшіктері бүгінде қаланы абаттандыру ісінде кеңінен пайдалануда. Бұл өнімдер заманауи, сапалы әрі нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан. Ең бастысы – оны жасаған адам өз еңбегін көшеден көріп, өзінің қоғамға қажет екенін сезінеді.

– Бұл – жай ғана еңбек емес, бұл – қайта түлеудің баспалдағы. Адам өзін қоғамның бөлшегі ретінде қайта сезіне бастайды. Мұндай тәжірибе Норвегия, Германия секілді елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Бізге де маңыздысы – жазалау емес, қайта бағыттау. Заң мен тәртіп дегеніміз жазалау ғана емес, адамға жаңа өмір сүру мүмкіндігін беру, — деген пікірімен бөлісті Сәбит Рысбаев.

«Адамды түзелмейді» деу – Абай айтқандай, шектен тыс қатыгездік. Қоғам жазадан гөрі, жазадан кейінгі түзелуге көбірек көңіл бөлуі тиіс. Егер бұл рақымшылық шын мәнінде тәубе еткен, түзелуге ұмтылған жандарға арналса, онда ол – қоғамға қауіп емес, керісінше оның әлеуетін толықтырар жандарды қатарға қосу мүмкіндігі болмақ.

Майра ЕРҒАЛИ

*Сіз не дейсіз?

Өмірге оралуына жол ашу

Ата Заңның 30 жылдығына арналған рақымшылық – заң тұрғысынан кешірім ғана емес. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің тағы бір сын сәті. Бұл жолы да амнистияның кімдерге қолданылмайтыны нақты көрсетілген: аса ауыр қылмыс жасағандар, лаңкестікпен, педофилиямен, ұйымдасқан қылмыспен айналысқандар бұған ілікпейді. Яғни, мемлекеттің қауіпсіздік ұстанымы еш бұзылған жоқ. Бірақ алғаш рет жеңіл немесе орташа ауырлықтағы құқық бұзушылыққа барғандар, жасөспірімдер, қарттар, мүгедектігі бар адамдар және кішкентай балалары бар әйелдер үшін бұл – өмірді қайта бастау мүмкіндігі.

Бірақ бір сәт ойланып көрейікші. Түрмеде отырған адамның ішіп-жемі, жатын орны, қауіпсіздігі – бәрі бюджет есебінен қамтылады. Қанша көп адам қамалса, сонша көп шығын. Бұл шығын қағаз бетіндегі сандар ғана емес, әрқайсысы балабақша салуға, ауыл мектебіне жөндеу жасауға, жедел жәрдемге жаңадан көлік алуға кететін қаражат.

Мысалы, амнистиямен босатылған адам қоғамға қайта бейімделсе, жұмыс істеп, салық төлей бастаса – ол бұрынғыдай мемлекетке масыл емес, пайдалы адамға айналады. Бұл заң тілінде «қылмыстық саясаттың ізгіленуі», ал қарапайым тілде айтсақ, адамды үмітсіз етіп қамау емес, оның қайта өмірге оралуына жол ашу.

Бір өңірде бұрын сотты болған жігіт рақымшылықпен босап шықты. Жағдайын түзеу үшін еңбекпен қамту орталығына тіркелді. Ауылда етікшілікпен айналысып жүр. Бұл тек статистика емес, өмірдің өзі емес пе?! Мұндай мысалдар көп. Бірақ бір адамның тағдыры өзгерсе, бір отбасы тіріледі. Ал бір отбасы тірілсе – қоғам тыныстайды.

Сондықтан бұл рақымшылықты тек «мейірімділік» деп емес, стратегиялық үнем деп қарауымыз керек. Қазынаның қаражатын адамды түрмеде ұстауға емес, оны қоғамға қайтаруға жұмсау әлдеқайда тиімді. Бұл бюджеттік үнем ғана емес, әлеуметтік тиімділік.

Ең бастысы бұл рақымшылық заң үстемдігін бұзбайды. Керісінше, қоғаммен арадағы көпірді қайта жалғауға жол ашады.

Рысты ҚАЛИЕВА, заңгер, адвокат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button