Өзге елде өмір есігін ашқан…
Облыс орталығынан 600 шақырым, аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықтағы Ресеймен шекаралас Азғыр өңірінде құжат бойынша 6 мыңға жуық адам тұрады. Алайда күнделікті сол өңірдің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып өмір сүріп жатқандардың саны одан әлдеқайда аз. Көзкөргендердің айтуынша, бір кездері бұл жерде қора-қора мал, атағы дүркіреген шаруашылықтар, асылтұқымды қой өсірген екі бірдей кеңшар болған екен.
Ал қазір ауылдағы мектеп, аурухана, шекара заставасы сынды нысандарда қызмет ететіндер мен егде жастағылар ғана атамекеннің түтінін түтетіп отыр. Әсіресе жастар жағы жұмыс іздеумен қалаға жиі қоныс аударады. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ауылға көгілдір отын, интернет сияқты заманауи қажеттіліктер келгенімен, әлі шешімін таппаған күрделі мәселелер де жоқ емес.
Жол алыс, жатар үй жоқ
Ұшқан құс пен жүгірген аңнан басқа тіршілік иесі табылмайтын құлазыған даламен 300 шақырым жол жүріп, аудан орталығына қатынайтын азғырлықтар асфальт жолды армандап жүргелі қашан?! Тіпті, тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса қыр астындағы Қарабайлыға барып емделуге мәжбүр. Өйткені, 300 шақырымды артқа тастап, аудан орталығына барғаннан 60 шақырым қашықтықтағы жерге Қарабайлыға қаралу тұрғындар үшін әлдеқайда ұтымды жол. Алайда проблема – көршілес Ресейдің жері. Айы-күні жетіп отырған аналар да сол жақтағы ауруханада босанып, бөбегіне Ресей елінің туу туралы куәлігін алып жүрді.
Балқұдық ауылында тұратын Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Мансұр Қуанышәлиев Ресей Федерациясында босануды жөн көретін азғырлық аналардың осы проблемасын сан жылдар бойы биік мінберлерде айтып, көтеріп-ақ келеді. Оның пікірінше, қай жылы екені беймәлім, Денсаулық сақтау министрлігі «оңтайландыру» деген желеумен арнайы бұйрық шығарып, халық саны 5000 адамға жетпейтін елді мекендердегі учаскелік ауруханалар жабылған. Сондай-ақ, бала босану жасындағы аналар саны 3000-нан кем болғандықтан, акушер-гинеколог штаты қысқартылыпты.
Яғни, бұған дейін Азғыр селолық округінде жұмыс жасап тұрған 25 орындық аурухана өз жұмысын тоқтатқан. Содан бері ауылдағы жүкті әйелдердің босануына қатысты кикілжіңдер туындап отыр. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң, жоспарлы тексеруге келген жүкті аналарды жергілікті дәрігерлер жолдама арқылы аудандық ауруханаға жөнелте бастапты.
– Өзімнің 9-сынып оқитын немере қызым Қарабайлы жерінде дүниеге келді. Одан кіші екі немерем Құрманғазы ауданында өмір есігін ашты. Келінім босанар уақытына бір ай қалғанда, ауданға барып ата-анасының (құдаларымыздың) шаңырағын паналады. Патологиялық сырқатының бар-жоғына, жалпы ананың денсаулық жағдайына байланысты қай ауруханаға жатқызатынын білген жас аналар өзгенің үйінде айлап жатуға ыңғайсызданады. Әрі ауылда қалған ата-ене, бала-шағасына алаңдап, бірер күннен соң ауылға қашып келіп те жүрді. Олар «Өз денсаулығыма өзім жауаптымын» деген мазмұнда қолхат беріп, ай-күні жетуін өз үйінде, отбасының жанында күтеді. Ал босанар сәт жеткенде ауыл іргесіндегі «Балқұдық–Қарабайлы» жеңілдетілген өткізу пункті арқылы Қарабайлыдағы ауруханаға барады.
Бұл жердегі кез-келген медициналық қызмет түрі ақылы. Жағдайы тартқандар төлейді, шамасы жетпесе Қарабайлыдағы тамыр-таныстары келіп, арнайы құжат толтырады. Ана мен сәби ауруханадан шыққанша, әлгі қаражатты ауылдағы ағайындары асарлатып жинап берген жағдайлар да болған. Осылайша дүниеге келген нәрестеге Ресейдің құзырлы мекемесі құжат жасақтап, анасының қолына ұстатады, — деді Мансұр ағамыз.
Ең сорақысы, біраз жыл бұрын жол үстінде ана саулығына қауіп төніп, денсаулығына зақым келген жайттар да орын алған көрінеді. «Осындай тығырықтан шығудың қандай жолы бар?» деген сауалымызға депутат:
– Үш округке ортақ Балқұдықтан перзентхана үйін қайтадан ашып, маман бөлген жөн. Аудан мен қалада босанатын әйелдердің бәрінің бірдей емін-еркін жата қоятын жерлері жоқ. Сол үшін аудан және облыстық перинаталдық орталығы жанынан шалғай жерден келетін аналар үшін барлық жағдайы жасалған бекет ашылғаны құп болар еді. Тағы бір ұсынысым – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Ресей билігі және облыстық денсаулық сақтау басшылығы үш жақты келіссөз жүргізіп, медициналық қор есебінен науқастардың шығынын өтеу жолын қарастыру керек. Бұл пікірім негізсіз емес, 1992-1993 жылдары осы өңірде мұндай бастама жүргізіліп, сәтті іске асқанын ел біледі,-деп жауап берді.
Қарабайлыда туған қазақтар
Айтылған жайттың ақиқатын білмек ниетпен Азғыр, Сүйіндік, Асан ауылдық округтерінің әкімдеріне хабарластық. Аймақтың тыныс-тіршілігімен етене таныс басшылар соңғы 2-3 жыл көлемінде Сүйіндік, Асан ауылдарындағы жүкті әйелдердің Қарабайлыға барып босанған жағдайы тіркелмегенін алға тартты. Олардың айтуынша, осы күнге дейін өмірге келген жас сәбиге берілген ресейлік куәліктің оның келешегіне еш зардабы тимейтін көрінеді. Яғни, анасы бір жасқа дейін бала күтіміне байланысты және бір жолғы тағайындалатын ақшаны да ала алады. Ауылға келген соң, жас босанған анамен келісіп, өзі бара алса немесе аудан орталығында туыстары болса, сол адамға сенімхат беру арқылы сәбиіне ЖСН алады екен.
Ал Азғыр ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның 5 жыл бас дәрігері болып қызмет еткен Сара Зұлфыхарқызына хабарласқанымызда, ауылда өткен жылы 20 әйел босанғанын, оның біреуі Қарабайлыда бөпесін бауырына алғанын білдік. Қалған 19 әйелдің 1-еуі – аудан орталығында, 18-і – Атырау қаласында жеңілденген.
– Жүктіліктің 36-ншы аптасында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулыққа сәйкес, аналарды аудандық орталық емхананың гинеколог дәрігеріне жібереміз. Ол әрі қарай дәрігерлік көрсетілімдер бойынша топқа бөліп, облыстық орталыққа немесе аудандық ауруханаға жолдайды, — деді тәжірибелі дәрігер.
2024 жылы алтыншы сәбиін Қарабайлы жерінде босанған Тойындық Ғұмаровамен ұялы телефон арқылы тілдестік. Көп балалы ананың сөзінше, 2009 жылы тұңғышы Ресей жерінде дүниеге келген. Екінші сәбиін 2011 жылы Балқұдық елді мекеніндегі ауруханада босаныпты. Алайда тағдырдың жазуымен нәрестесі ерте шетінеп кеткен көрінеді. Одан кейінгі 4 сәбиі де Қарабайлыда дүниеге келген. Өткен жылдың мамырында Көркем есімді кенжетайының кіндік қаны көрші мемлекеттің жерінде тамған болып шықты.
– Мен үшін 300 шақырым жердегі аудан орталығына немесе 600 шақырым жердегі Атырау қаласына барғаннан гөрі, 60 шақырым жердегі Қарабайлыға жетіп, босанған тиімді. Жолдасым қыр бойында мал бағады. Балаларымның үлкені енді 15 жасқа толды. Басқалары тым кішкентай. Аудан, қалаға барып жеңілдену үшін кемі 1-2 ай бұрын сол жақты паналауым қажет. Құшағын жайған ағайын-туыстарым бар, әрине. Бірақ, шиеттей балаларымды тастап қалай кетемін, оларды кімге сеніп тапсырамын? Қарабайлыдағы аурухананың медициналық қызметіне көңілім толады. Дәрігерлер күніне 3 мезгіл қадағалап, тексеруден уақытылы өткізеді. Соңғы босанғанымда, ауруханада 3 күн жаттым, сол жатқан күндеріме және сәбиімнің алған екпесіне толықтай 50 мың теңге шамасында ақша төледім, — деді Тойындық Ғұмарова.
Ол шекарадан өту тәртібіне байланысты, нәрестеге түсі де, тілі де өзге туу туралы кәлік алып беруге мәжбүр болыпты. Елге жеткен соң, құжатты өз үлгіміздегі туу туралы куәлігіне ауыстырған. Алайда «нәрестенің туған жері – Ресей Федерациясы» болып жазылады.
Түйін:
Өмір жалғасады. Табиғаттың заңдылығына сәйкес, жыл сайын періште сәби жарық дүние есігін ашады. Адам үшін кіндігінің қаны тамған жер ең биік, киелі мекен болып саналады, жүрегінің төрінен ерекше орын алады. Себебі ол жерде шақалақ алғаш рет тыныс алады, жанарымен алғаш рет жарық дүниеге қарайды, алғаш рет анасының жылы құшағына еніп, алғаш рет омырау сүтінің дәмін татады. Ал Азғырдағы алаңкөңіл аналардың әртүрлі маңызды себепке байланысты балаларына бөтен елдің құжатын туа сала таңып қоюы – амалсыздықтан барған амал. Қалай болған күнде де, әр қазақтың баласы өз атамекенінде аман-есен өмірге келгенінен артық қандай қуаныш бар?!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
* Сіз не дейсіз?
Аналардың жағдайы алаңдатады
Географиялық тұрғыдан еліміздің ең шеткі аймақтарының бірі Азғыр өңірінде медициналық инфрақұрылым жеткілікті дамымаған. Ауылдық округтердегі перзентхананың және кейбір медициналық қызмет түрлерінің жоқтығы жергілікті халыққа үлкен қиындық туғызып отыр. Әсіресе ай-күні жеткен аналар мен шұғыл ота жасауды қажет ететін жергілікті тұрғындар Ресей елінің Астрахан облысының Қарабайлы елді мекеніне барып медициналық қызмет алуға мәжбүр. Аналардың қауіпсіз босануына толық жағдай жасау олардың денсаулығы мен өмір сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді.
Қарабайлы жерінде 18 жастан асқан тұрғындар үшін көрсетілетін медициналық қызмет түрлері ақылы. Ал шұғыл көмекті қажет ететін 18 жасқа толмаған балаларға ақылы көмек көрсету қарастырылмаған.
Азғыр өңірінің халқы үшін аудан немесе облыс орталықтарына бару да оңай емес. Жергілікті тұрғындардың көбі қалада уақытша тұратын орын таба алмай қиналады. Оған қаржылық жағдайлары да көтермейді. Осыған байланысты әйелдердің Қарабайлыға барып, сол жерде жеңілденуіне тура келеді. Бұл жердегі перзентхана оларға қауіпсіздік пен медициналық көмек көрсетудің жалғыз қолжетімді нұсқасы болып отыр.
Ауылда тұрғындарға шұғыл ота жасау ісі де алаңдатады. Дәрігерлік амбулаторияларда кәсіби мамандар мен медициналық жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, тағы да науқастар Қарабайлыға тасымалданады. Бұл әр минут санаулы сындарлы сәтте уақытты босқа жоғалтып, жағдайды асқындырып жіберуі ықтимал.
Аталған келеңсіздіктерді жою үшін ең алдымен жергілікті медициналық пункттерді жабдықтау қажет. Ауылға шағын перзентхана немесе алғашқы көмек көрсету орталығын ашу – өте қажетті іс.
Мәселенің екінші шешімі – жол сапасын жақсарту. Азғырдан аудан немесе қала орталығына апаратын жолдардың жөнделуі науқастардың уақытында жетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар алыстан босануға келетін азғырлық аналар үшін аудан орталығы мен қалада әлеуметтік жатақханалар немесе қолжетімді тұру орындарын ұйымдастыру үлкен маңызға ие.
Замзагүл ҚАРСАҚОВА,
облыстық мәслихаттың депутаты
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА