Жарнама
Әлеумет

Өмірді сақтандыру – тиімді тәсіл

Әлемде ешкім де табиғи апаттан, оқыс оқиғадан сақтандырылмаған. Алайда, халқымызда «Сақтансаң, сақтармын» деген сөз бар, сол себепті әрбір адам тосын жағдайлардың алдын алуға тырысады. Тұтанған шырпының тұтастай орманды отқа орауға қауқары жететінін өз көзімен көріп жүрген мамандар қарапайым қауіпсіздік қағидалары арқылы өрттің алдын алуға болатынын айтады. Әр адамның өміріне өзі жауапты екенін ескерсек, ертеңгі күнге деген сенімді сейілтпеу үшін оны сақтандыра білу қажет. Соңғы жылдары бұл саланың қарқынды дамығаны соншалық, бүгінде несиені де сақтандыратын болдық. Ондағы мақсат – жұртшылықтың қаржылық капиталын сақтау, тағдырдың сан тарау жолында түрлі ахуалға тап болған кезде отбасын қиындықта қалдырмау.

Бабалар аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, етек-жеңімізді жия бастаған сәтте ел нарықтық экономикаға бет бұрды. Сол кезден-ақ біздің қоғамға «өмірді сақтандыру» деген ұғым енді. Әрине, халықтың бәрі бірдей бұл қызмет түрін пайдаланбаса да, нарықта бірнеше сақтандыру компаниясы жұмыс істеді. Тіпті, олардың арасында бәсекелестік те қалыптасты. Кейін біртіндеп азайып, санаулылары ғана жұмысын жалғастырды. Экономика ғылымдарының кандидаты Рысты Қуандыққызының айтуынша, бүгінде Америка Құрама Штаттарындағы сақтандыру әлемдегі ең дамыған жүйе екен. Қазір онда бірнеше мыңдаған сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, 8 мыңнан астамы мүліктік сақтандыруға машықтанған.
– АҚШ-тың сақтандыру компанияларын қаржылық конгломераттар десе де болады. Олар өздерінің еншілес компаниялары арқылы негізгі қызметінен басқа несие мен қарыз беру, клиенттерге чектік қызмет көрсету, тағы да басқа қызметтерді атқарады. Ал, қазір қытайлық сақтандыру компаниялары сақтандырудың 400-ден астам түрін көрсетеді, — деп ғалым біраз жайтқа қанықтырды.
Рысты Қуандыққызы бұл елдердің сақтандыру нарығының даму деңгейі, олардағы сақтандыру компанияларының қаржылық көрсеткіштерінің жоғарылығына тоқталды. Десек те, қазақстандық сақтандыру нарығының мәліметтерін зерделеп көрсек, Қазақстанда да осындай компаниялардың жағдайы жақсарыпты.
Сақтандыру жүйесінде өзіндік орны бар «Halyk Life» компаниясының Аймақтық директоры Асылбек Мұхтаров өмірді сақтандыру полисін сатып алған жағдайда адамның өмірі тәулік бойы дүние жүзі бойынша сақтандырылатынын қаперге берді. Ең бастысы, жұртшылық жинақтау мәдениетін қалыптастырып, қаржылық жүйені жете түсінеді екен. Өйткені, бұл шарт – қаржылық қорған болатын инвестициялық құрал және халықтың қаржылық сауаттылығын нығайтуға зор үлес қосады. Мысалы, көптеген жинақтаушы ұйымдарда тәуекел көп болса, сақтандыру жүйесінде керісінше кепілдік бар.
– Өмірді сақтандыру жүйесі нарыққа әртүрлі бағдарламалар қосты. Айталық, мерзімді сақтандыру белгілі бір уақытқа шет елге шыққанда пайдалана аласыз. Міндетті сақтандыру заңды тұлғаларға жүктеледі. Ал, жинақтау бағдарламалары тиімді және ұзақ мерзімге қарастырылған. Яғни, әр адам қаржылық жоспар құра отырып, қандай да бір мақсатқа қаржы жинақтайды. Тұрақтылық пен сауаттылық қалыптастырады. Сақтандыру төлемдерін алу үшін компания талабына сай жинақтаған құжаттары толық тексеріліп, расталады да 14 тәуліктің ішінде төленеді. Шарт жасалған күннен бастап өзгеріс енгізу толық бір жыл өткен соң жинақтау сомасын өзгертуге рұқсат етілген. Ал, сақтандырылған адамды, бағдарламаны және мерзімді өзгертуге тыйым салынған, — дейді А.Мұхтаров.
Республика Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстанда өмірді сақтандырудың екі түрі бар. Жинақтап сақтандыру – жазатайым оқиға бола қалса сақтандыру сомасын алу емес, белгілі бір мерзімге ақша жинауға мүмкіндік береді. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін жинақталған қаражат пайызымен төленеді. Яғни, олар 3-5 пайыз аралығына кепілдік береді. Кірістер сақтандыру полисі қолданылғаннан бастап үш жылдан кейін есептеледі.
Ал, мерзімді сақтандыру болса, ақша егер адам сақтандыру шартының қолданылу уақытында жарақат алып немесе өмірден озғанда ғана төленеді. Мәселен, 20 жылға өмірді жинақтап сақтандыру туралы шарт жасасаңыз, жыл сайын сақтандыру компаниясына 100 000 теңге төлейсіз. 20 жылдан кейін 2 000 000 теңге және пайызымен қоса алған соманы балаңыздың оқуына немесе өзге мұқтажыңызға жұмсай аласыз. Әрине, бетін әрмен қылсын, егер жазатайым оқиға бола қалса, өмірді сақтандыру компанияларының көмегі ауадай қажет.
Ал, баланың болашағы әр ата-ананың басты миссиясы болса, өмірді сақтандыру жүйесінде осыған байланысты арнайы бағдарлама жасақталыпты.
– Мемлекеттің қолдауымен нарыққа шыққан алғашқы инвестициялық құрал «Bilim Life» бағдарламасының мақсаты – баланың өмірін сақтандыра отырып, білім алуына капитал жинау. Өйткені, жинақталған капиталға мемлекеттік сыйақы төленеді. Ал, кез келген дене жарақаттарынан, келеңсіз жағдайлардан, оқыс оқиғалардан сақтандыратын «Балам» бағдарламасы да бар, — деп түсіндірді А.Мұхтаров.
Ең бастысы, шарт қысқа мерзімге арналған. Жасыратын не бар, әдетте жастар өмірді сақтандыру туралы бас қатыра бермейді. Шын мәнінде, ол түрлі мақсатқа ақша жинақтауға және жарақат алған жағдайда мүддені қорғауға көмектеседі. Өмірді жинақтап сақтандыру шартын жасаған кезде неғұрлым жас болсаңыз, жарнаңыз соғұрлым аз болады және мерзім аяқталған соң үлкен сома алуға мүмкіндік те бар.
Мамандардың түсіндіруінше, егер сақтандырылған адам қайтыс болса, оның мұрагерлері қаншалықты жарна салынғанына қарамастан 30 күн ішінде бүкіл сақтандыру сомасын алады. Егер адам жазатайым оқиға салдарынан жарақат алса, сақтандыру төлемі түпкілікті сомаға пайыз қосылып қайта есептеледі.

Р.S. Қазір өмірді сақтандыруға, әсіресе, оның жинақтаушы түрін дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Өйткені, ұзақ мерзімді сақтандыру түрлері арқылы экономикаға жеткілікті түрде қаражат тартылып, инвестициялық әлеуетті көтеруге ықпал етеді. Тіпті, біздің елде осы саланы реттейтін арнайы заңнамалар да бар екен. Сондықтан, егер келешектің қамын ойласақ, сақтандырудың да алғашқы қадамдарын жадымызда ұстағанымыз абзал.
Ал, сіз, өміріңізді сақтандырдыңыз ба?

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button