
Миллионға әркімнің-ақ бар таласы…
Биылғы 8 сәуірде декреттік демалысқа шығатын аналарға берілетін төлемді есептеу тәртібіндегі өзгеріс күшіне енді. Естеріңізде болса, бұдан бұрын елімізде кейбір пысықайлардың «Миллионмен декретке» деген курстарынан көз сүрінетін. Декреттік төлемнің көлемін көбейту үшін түрлі «лайфхактар» сатылып келді. Жалған еңбек келісім-шартын көрсетіп, жалған кәсіпкерлік ашқандар кездесті. Қалыптасқан мәселені шешу үшін құзырлы органдар декреттік төлемді есептеуге өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Төлем тәртібіне енгізілген негізгі өзгерістер қандай, бұдан былай ол қалай есептеледі? Атырауға жұмыс сапарымен келген «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның өкілі Гүлбағила БОЛАТБЕКОВАМЕН кездесіп, декреттік төлемге қатысты сауалдарды қойған едік.

– Гүлбағила Қоңырбайқызы, декреттік төлемдер туралы жаңалықтар халық арасында қызу талқылануда. Бұл өзгерістердің мәні неде деп ойлайсыз?
– Қазір осы енгізілген өзгерістер бойынша түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Атырауға келуімнің себебі де осы ғой. Кәсіпорын-мекемелерде өткен кездесулерде тұрғындар декреттік төлемге қатысты көптеген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Бұрын елімізде декреттік төлемдер жұмыс істейтін әйелдердің әрбір жұмыс берушіден соңғы 12 айдағы түскен әлеуметтік аударымдар арқылы анықталған табысынан есептеліп, кейбір әйелдердің бірреттік төлемді 5-6 миллион теңге шамасында алу фактілері көбейіп кетті. Бұл, әрине, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізді.
Сол себепті 2025 жылдан бастап аталған төлемнің мөлшері шектелді. Әйел қанша табыс тапса да, енді біржолғы декреттік төлем сомасы жеті еселенген ең төменгі жалақыны (7*85 000 теңге=595 000 теңгені) 4,2 коэффициентіне (жүктілік және босануға байланысты 126 күнге берілген еңбекке жарамсыздығы парағын 30 күнге бөлгенде – 4,2) көбейткенде, 2 499 000 теңгеден аспайды. Бұл өзгеріс жалпы әлеуметтік әділеттілік принципін сақтау мақсатында енгізіліп отыр.
– Бұрынғы жүйенің өзгертілуіне не себеп болды?
– Өте орынды сұрақ. Бұрынғы жүйе белгілі бір деңгейде икемді еді. Бірақ оның осалдығын пайдаланғысы келгендер көбейді. Бұрын кейбір аналар, жүктілік кезеңінде, әсіресе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, соңғы 12 айда жоғары табыс көрсетіп, әлеуметтік төлемді әдейі өсіріп алатын. Кейбірі заңды жолмен жасағанымен, өкінішке қарай, алаяқтық фактілері де аз болмады.

Биыл жалған жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлем алуға қатысты 113 адамға 16 қылмыстық іс қозғалды. Былтыр жүкті әйелдер жаппай бірнеше жұмыс берушіге жүгініп, қомақты жәрдемақы алу үшін өздерінің ресми табыстарын бірден көбейтіп көрсетуге көшкен. Мәселен, бір ғана кәсіпкер 30 жүкті әйелдің құжаттарын ұсынған. Осылайша, алдап-арбап алу жолымен әйелдер бірнеше жұмыс берушілерден табыстары бар екендігін көрсетіп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) қомақты қаржы алған.
Ал 1500 әйел төлемақыны тағайындау барысында табыстарын әдейі жоғары көрсеткендерін мойындаған. Осылайша, мемлекет қазынасы 4 млрд. теңгеден астам қаражатты үнемдеді.
Әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан бұл жағдай қорға үлкен салмақ салды. Осыны ескере отырып, төлемдерге шектеу енгізу уақыт талабы болды.
– Сонда бұған дейін жалақысы жоғары болып, бірреттік декреттік төлемді миллиондап алып жүрген әйелдер енді қомақты қаржыға қол жеткізе алмай ма?
– Дәл солай. Иә, бұрынғы жүйеде жоғары табысы бар жұмыс істейтін әйелдер демалысқа шыққанда, көбінесе миллиондап төлем алатын еді. Мысалы, ірі компанияларда қызмет ететін әйелдерге бұл төлем үлкен қаржылық көмек болған. Алайда жаңа жүйеде ай сайынғы табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшері – 595 мың теңге мөлшерін негізге ала отырып, төлемнің шекті көлемі белгіленді. Бұл өзгеріс еліміздегі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Бұл өзгерістерге қоғамның реакциясы қалай болды?
– Әлбетте, қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Әсіресе жоғары табысы бар әйелдер арасында жаңа жүйе көбіне түсініспеушілік тудырып жатыр. Олар бұрынғы жүйеге үйреніп қалғандықтан, өзгерістер олар үшін күтпеген жаңалық болды. Дегенмен біз бұл өзгерістердің негізінде әлеуметтік әділеттілік пен қордың тұрақтылығы қамтамасыз етілетінін түсіндірудеміз. Бұл жүйе барлығына тиімді болу үшін енгізілді.
– Жаңа жүйе орташа және төменгі табысы бар әйелдерге қалай әсер етеді?
– Орташа табысы бар әйелдер үшін бұл өзгеріс аса сезілмейді. Мысалы, айлығы 300-400 мың теңге аралығында болатын әйелдер бұрынғыдай дерлік көлемде төлемдерін ала алады. Бұл жаңалықтың негізі жоғары табысты адамдарға қатысты екенін айта кеткен жөн. Осы арқылы біз әлеуметтік теңгерімді сақтауға және қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етпекпіз. Шыны керек, табысы аз тұрғындардың әлеуметтік қорғау жүйесіне көбірек көңіл бөлу керек болып тұр.
– Оқырманға түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Айталық, 300 мың теңге жалақы алатын әйел декреттік демалысқа шықса, ол үшін декреттік төлем қанша болады? Осыны ережеге сәйкес есептеп берсеңіз.
– Тұрғын бір ғана жұмыс берушіде еңбек етеді делік. Тұрақты кірісі – 300 мың теңге деп алсақ, әлеуметтік аударымдар үшін ай сайынғы кіріс 270 мың теңге болады. Себебі, әлеуметтік аударым ай сайынғы айлықтан 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын алып тастап, есептеледі. Жұмысқа жарамсыз күндерінің саны 70 күн босануға дейін және 56 күн босанғаннан кейін деп саналады. Осыдан біз жұмысқа жарамсыз күндер санының коэффициентін шығарамыз. Ол үшін 126 күнді 30 күнге бөлеміз. Коэффициент – 4,2. Бұдан кейін әйелдің 12 айдағы кіріс сомасын қорға жұмыс берушіден түскен әлеуметтік аударымдар негізінде анықтаймыз. Осылайша орташа айлық кірісінің мөлшері – 270 000 теңге болса, оны 4,2 коэффициентіне көбейткенде декреттік төлемі 1 134 000 теңге болады. Бұл сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.
– Ал жұмыссыз әйелдерге қандай көмек көрсетіледі? Олар да бұл төлемдерден үміттене ала ма?
– Иә, жұмыс істемейтін әйелдер де мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды. Оларға бала туған кезде берілетін бірреттік төлем және бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Бұл төлемдер табысқа емес, нақты бекітілген мөлшерге байланысты есептеледі. Биыл ата-ананың біреуіне (жұмыс істегеніне байланысты емес) бірінші, екінші, үшінші балаға бір реттік төлем – 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 149 416 теңге, төртінші және одан кейін балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге шамасында. Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Оның көлемі бала санына байланысты 22648 теңгеден 34 995 теңгеге дейінгі шамада. Егер анасы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, бір жарым жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне қордан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлығының 40 пайызын құрайды, бірақ биыл оның көлемі 238 мың теңгеден аспайды.
– Өтініш беру тәртібіне өзгеріс енді ме? Төлемді алу үшін тұрғындар не істеуі керек?
– Жоқ, өтініш беру тәртібі өзгерген жоқ. Бәрі бұрынғысынша қалды. Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш берудің бірнеше тәсілі бар. Мәселен, қызметті алу туралы автоматты түрде SMS-хабарлама келіп, оған әйел адам келісімін берсе, өтінішіне 4 жұмыс күні ішінде жауап беріліп, қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Мұнда да қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып өтініш берсе, 8 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер әлеуметтік аударымдар толық немесе дұрыс түспеген жағдайда қайта ресімдеуге жіберіліп, қосымша құжаттар сұратылып, 30 жұмыс күніне ұзартылады.

Осы ретте мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түскен әлеуметтік аударымдарды тексеріп отыруға кеңес береміз. Оны egov.kz веб-порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тексеруге болады.
– Болашақта тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін? Бұл сала қалай дамиды?
– Мемлекеттің әлеуметтік саясаты – үнемі даму үстіндегі жүйе. Ол қоғамдағы өзгерістерге, экономикалық жағдайға бейімделіп отырады. Біздің басты мақсатымыз – әділ, ашық және тұрақты жүйе қалыптастыру. Әр адал жұмыс істеген адамдар үшін әлеуметтік аударымдар түссе, соған сәйкес төлем алуы қажет. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасы. Барлық процестерді автоматтандыру арқылы адам факторының әсерін азайтып, төлемдерді әділ әрі уақытылы тағайындау бағытындағы жұмыс жүргізіле береді.
– Уақытыңызды бөліп, халықты мазалаған сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!
– Сізге де алғысымыз зор. Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – қоғам үшін өте маңызды. Әр адам өз құқығы мен мүмкіндігін білгені дұрыс. Сондықтан біз әрқашан ашықпыз, сұрақтарға жауап беруге дайынбыз.
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ
* Сіз не дейсіз?
Рысты ҚАЛИЕВА,
заңгер:
Жүйені алдау ма, әлде заңдағы саңылау ма?
– Соңғы жылдары Қазақстанда декреттік төлем жүйесі көпшіліктің талқысына түсті. Бұрын аналарды қолдауға бағытталған бұл жүйе бүгінде кейбір адамдар үшін оңай табыс көзіне айналып бара жатқандай. Әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен жарнамаланған «Декретке – миллионмен» курстары қоғамда үлкен дау тудырды.
Мәселен, Instagram желісінде 2,4 миллионнан астам жазылушысы бар депутат әрі блогер Дәулет Мұқаев кезінде осы курс арқылы аяғы ауыр аналарға «жол сілтеп», ақпараттық өнімін саудалағаны белгілі. Бұл бастаманың ізін ала ел ішінен жүздеген пысықай шығып, заңды айналып өтудің жолын нәпақа көзіне айналдырды. Жылдап жұмыс істемеген, үйінде отырған әйелдер қысқа мерзімде жеке кәсіпкерлік ашып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын жүздеген мың теңге аударып, кейін мемлекеттен бірнеше миллион теңге көлемінде декреттік төлем алып жатқан жағдайлар көбейді. Әрине, жүйедегі осындай олқылықтар елдің наразылығын туғызғаны белгілі. Жұмыс істемеген, ешқандай өнім өндірмеген «уақытша кәсіпкерлердің» осындай төлем алуы әділеттік пе?
Әлеуметтік саладағы мұндай алаяқтықтың тағы бір көлеңкелі жағы – қайтарымсыз гранттар төңірегінде де байқалып отыр. Қарапайым халыққа бағытталған гранттар да көбіне осындай жалған «ИП»-лардың жетегінде кетіп, шынайы кәсіппен айналысып отырған адамдарға жетпей жатыр. Мемлекеттің қолдауы алаяқтың олжасына айналмаса игі. Мұндайда бабаларымыздың «Құрық бермей, құнан алмас» деген нақылы еріксіз ойға оралады – жүйе қатаң болмаса, талап та орындалмайды.
Президент соңғы жылдары халықтың масылдық психологияға үйреніп бара жатқанын бірнеше рет атап өткен болатын. Өкінішке қарай, осы декреттік төлем жүйесінің өзі сол масылдыққа жол ашып беріп отыр.
Осыған байланысты мемлекет декреттік төлем жүйесін реформалауға қадам жасады. Енді жеке кәсіпкерлерге қатысты төлем тәртібі қатаңдатылып, жалған кәсіпкерлікпен айналысқан аналарға бұрынғыдай жеңілдікпен жәрдемақы алу қиындай түспек. Бұл шешімді ел мүддесін көздеген, әділеттілікке бағытталған қадам деп қабылдаған жөн.
Бесіктегі баланың болашағы бүгінгі әділ саясатқа тікелей байланысты. Әділет салтанат құрмайынша, мемлекетке деген сенім де нығаймайды. Меніңше, декреттік төлем жүйесіндегі өзгерістер – уақыт талабы ғана емес, елдің ертеңі үшін қажет шешім.