Ешкім көмексіз қалмайды
Биыл Атырау облысында 9 мыңдай адамға АӘК берілу жоспарланып отыр.
Өткен жылы аймақтағы аз қамтылған 849 отбасының 5000-нан астам мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бюджеттен 560 млн. теңгеге жуық қаржы төленді. Оның ішінде 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 1400-ден аса балаға тағайындалған 72,8 млн. теңгелік қосымша төлем бар. Ал биыл атаулы әлеуметтік көмекті Атырау облысының 9 мыңға жуық тұрғынына көрсету жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 812,3 млн. теңге қарастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, былтыр 2023 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын өңір тұрғындарының саны шамамен 18%-ға төмендегенімен, берілген көмектің көлемі артқан.
– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін қолдау жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 22 мыңнан аса жан әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес біржолғы әлеуметтік төлем жұмысы жолға қойылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар ересек жандарға жылына екі мәрте 77 мың, ал балаларға жылына үш рет 105 мың теңге көлемінде қосымша қолдау көрсетіліп отыр, — деді Ж.Бисембиев.
Былтыр өңірде 70 мыңға жуық зейнеткердің, асыраушысынан айырылған 8 мыңға жуық адам және 30 мыңға жуық көпбалалы отбасының әлеуметтік төлеммен қамтылғаны белгілі болды.
*Сарапшы пікірі
Сіз не дейсіз?
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек елімізде 2002 жылдан бастап төлене бастады. Ол мыңдаған мұқтаж отбасына үлкен көмек болды деп ойлаймын. АӘК – отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен (облыстағы, әрбір облыста әртүрлі) аспайтын отбасыларға беріліп келеді. Әрине өткен жылдарға қарағанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны бірнеше есеге төмендегені байқалады. Бұл ел экономикасының көтерілгеніне және жұмыс орындарының көбеюіне байланысты болып отыр.
Жалпы АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару. Кеше әлеуметтік желілерден биыл өңірде 9 мыңға тарта атыраулыққа атаулы әлеуметтік көмек берілгелі отырғанын оқыдым. Ол үшін қазынадан қомақты қаржы да қаралыпты. Ең бастысы, соңғы жылдары АӘК алатын тұрғындардың саны шамамен 18 пайызға төмендеген.
Негізгі көмек алушылар әлеуметтік осал топтар – яғни мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар, зейнеткерлер. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту үшін халықтың табыс көзін молайту, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін көбейту, ауыл шаруашылығы мамандарының еңбекақысын арттыру, жұмыс орындарын ашу жұмыстарын қолға алу керек деп есептеймін. Сондай-ақ биыл елімізде жұмысшы мамандық иелеріне айрықша назар аударылып отыр. Қарапайым еңбек адамына құрметтің артуы – оның бұл салаға, өз жұмысына деген ынтасын көтеретіні сөзсіз.
Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА,
еңбек ардагері
Сурет: ortcom.kz