Доссорлық Әділхан тағдырдың сынағына сынбады
Шыр етіп дүние есігін ашқан соң, пендеге өмірдің түрлі сынағы кезігеді. Ондайда ерік-жігері мықты, алдағы күннен үмітін үзбеген жандар ғана сынаққа төтеп береді. Ал, басына түскен қиындыққа шыдас бермей, болашағын бағдарлай алмаған адам оны тағдырына жазылған қатал жаза ретінде көруі мүмкін. Сондай жандарға доссорлық жиырма жасар Әділхан Нұрсұлтановтың өмірін үлгі етсе болатындай.
«Жұлын жарығы» жаза емес
Онымен таныс болғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығында білім алатын жас жігіт биыл «Атырау» газетінің редакциясынан өндірістік тәжірибеден өтті. Оған «туабітті жұлын жарығы» диагнозы қойылыпты, қоларбада отырады. Өзінің айтуынша, дүние есігін ашқанына небәрі он екі күн болғанда дәрігерлер ота жасап, беліндегі дүрдиіп шығып тұрған артық етті алып тастаған. Содан бері талай дәрігердің есігін қағып, табалдырығын тоздырып келеді.
– Өмірге келген кезде денемнің белден төмен бөлігі ештеңе сезбейтін болған. Отадан соң аяғымның тобықтан төмен бөлігі жансызданып, қалған бөлігі қалпына келді. Әлі де дәрігерлерге қаралып жүрмін, «алтын инемен» емделемін. Ем іздеп, Алматыға барып тұрамын. Қазір сәл үзіліс болып тұр. Мемлекет тарапынан берілетін қоларбаны пайдаланамын. Ешқандай кем-кетігі жоқ, — деді Әділхан Нұрланұлы.
Медициналық көрсеткіштерге байланысты мектеп бағдарламасын үйде отырып-ақ меңгерген. Соған қарамастан жастайынан көркемсөз оқуды жанына серік етіп, домбыра шертіп, сурет өнеріне де жақын болды. Бала кезден шығармашылық бағытқа бейім болған оны ақын-жазушылардың өмірбаяндары мен шығармашылығы қызықтыратын. Қоларбаға таңылса да Доссор мәдениет үйіндегі драма үйірмесіне қатысып, дарынды жеткіншектерді өнерге баулып жүрген Айнагүл Әбілқасованың жетекшілігімен облыстық, республикалық байқаулардан жеңімпаз болып келетін ол қарым-қабілетін көпке танытып, мектептің ғана емес облыстың да намысын абыроймен қорғап жүр. Тіпті, мәдениет үйінің «жас жұлдызы» атанып та үлгерген. Әрине бұл жетістіктерге жету жолында төгілген тер, орасан еңбектің үлесі зор.
Айталық, балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Наурызым – нұрлы ырысым» атты республикалық өнер байқауының «Көркемсөз» номинациясы бойынша бас жүлде алса, республикалық «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» байқауынан жеңімпаз атанып, ерекше дарынымен көзге түсті. Республикалық «Тәуелсіз Қазақстан», «Елім менің» онлайн байқауларынан да мерейі үстем болған. Халықаралық «Alash star» өнер байқауында «Көркемсөз» номинациясы бойынша дарынымен басым түсіп, тағы да бас жүлдені жеңіп алды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ерекше білімді қажет ететін балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және олар үшін инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында онлайн түрде ұйымдастырылған XVI Халықаралық «Juldyzai» балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық іріктеу кезеңінде қазылар шешімімен «Аспаптық орындау» номинациясында ІІІ орынды иеленді.
Қоларбаға таңылғанымен, Әділханның көкірегі ояу, жүрегі жалынға толы жас екенін осы жетістіктері әйгілеп тұрғандай. Әлбетте оның осы жетістіктерінің артында әкесі, тәжірибелі мұнайшы Нұрлан Жолдасбаев пен анасы, ардақты ұстаз Сұлухаш Темірболатованың және туған үш апасының көмегі ұшан-теңіз.
Болашағын журналистикамен байланыстыратын оның бұл мамандыққа деген қызығушылығы бала кезден бар екен. Кішкентай кезінде теледидар қарап отырып белгілі журналистер секілді қаламы жүйрік, сөз зергері болуды армандаған оның көркемсөз оқуға әуестігі сол кезден басталғанын өзі де жоққа шығармайды.
Әділханның өнерге жақын болуына әсер еткен алғашқы байқаулардың бірі – республикалық «Жұлдызай» мүгедектігі бар балалар шығармашылығы фестиваліне іріктеу сыны. IV сыныпта оқитын ол бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша салынған суреттер мен түрлі қолөнер бұйымдары көрмесіне «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» атты суретін ұсынған. Суретте отанын қорғау үшін алға ұмтылған жас жауынгер бейнеленген. Сол көрмеге қатысушылар суреттің рухты көтеретіндігін айтып, ерекше бағалапты. Содан бастап оның шығармашылыққа ықыласы ауып, өзін әлі күнге дейін қамшылап келеді.
Инклюзия игілігі іске аса ма?
– Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Адам баласы үшін отбасыдан артық ештеңе жоқ. Жүзінен мейірім шуағын шашып тұратын асыл әжем – тірегім, қамқорлайтын қолдаушым – асқар тау әкем мен аяулы анам. Анам мен ауруханада жатқанда да жанымнан кеткен жоқ. Бірнеше рет отаға түскенімде де тілеуімді тілеп отырды. Әуелі Алла, екінші анамның тілегі қабыл болып, бүгінде жетістіктерім де аз емес. Алдымда жанашыр үш апам бар, мен үйдің кенжесімін. Бауырларым әркез жақсылық тілеп, қуансам бірге қуанып, қабағымнан кірбің байқаса соған алаңдап жатады. Кезінде үйді толтырып отыратын апаларым бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Кейде қара шаңырақта бас қосқанда бұрынғы қызықты сәттерді еске аламыз. Бауырларыммен өткізген әр сәт баға жетпес қымбат екен, — дейді Әділхан.
Бержан Қанатбаев атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, журналистерді даярлап келе жатқанына ширек ғасырға жуықтаған өңірдегі іргелі оқу орны – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен. Енді III курсқа аяқ басқалы отырған Әділхан қазір өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедектігі бар жандарға бұрынғыдай емес, жағдай жасалып келе жатқанын айтады. Университет қабырғасына келген кезде ғимараттың жоғары қабатына адамның көмегінсіз көтеріле алмайды. Сол себепті университетке келіп, тобындағы қатар-құрбысын көріп, ұстаздардың тәлімін алуға үнемі мүмкіндік бола бермейтін көрінеді.
Қазір қоғамда инклюзивті білім беру бағытында жасалып жатқан іс-шаралар көп. Әрине, инклюзивті білім беру – сапалы білімге әр азаматтың қолы жетуін қамтамасыз етуге бағытталған ұтымды процестердің бірі. Сондықтан жастардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени-этникалық, тілдік, басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беріп, оларды тарту арқылы кедергілерді жойып, әлеуметтік тұрғыдан қоғамға бейімделуін қолдау қажет-ақ. Облыстағы оқу орындарының басшылығы осындай жұмыстарды қолға алса Әділхан секілді жастардың оқу орнына жиі келіп, қатар-құрбысымен жүздесіп, сабақтарға қатысуына көмек болар еді.
– Ұстаздарыммен онлайн түрде сабаққа қатысуға келіскен болатынбыз. Жақында кенттегі мұражайға барғанмын, онда пандустар бар екен. Сонысы қуантты. Жаяу жүргіншілер жолы да жасалып жатыр. Дегенмен әлі де болса қоларбамен еркін жүріп-тұру үшін кедір-бұдыр жолдардың жөнделгенін қалаймын, — деді жас жігіт.
Бүгінде ауылдық жерлерді айтпағанда қаланың өзінде қоларбамен еркін тыныстап, жайбарақат жүрген жанды көшеден өте сирек кездестіреміз. «Мұндай келеңсіздіктер мүгедектігі бар жандарды қоғамнан алыстатып жатқан жоқ па екен?», — деген заңды күмән туындайды.
Журналистика – жүрек қалауы
Университеттегі ұстаздар да мәртебелі мамандықты таңдаған жастың талабын қолдап, кезекті емтихандарды онлайн тапсыруға мүмкіндік берген. Сабаққа әкесі ауысымдық жұмыстан бос кезінде әкеліп тұрады, онсыз барып-келу қиын. Болашақта тілші болуды армандайтын жігіт журналистің қаруы – кітап екенін жақсы түсініп, сөздік қорын көбейту үшін кітапты көбірек оқуды дағдыға айналдырған.
– Журналистің сөздік қоры бай болуы керек. Сүйікті жазушым – Шерхан Мұртаза, шығармалары ұнайды. «Қызыл жебе» романының II бөлімін оқып бітірдім. Қазір «Мылтықсыз майдан» кітабын оқып жатырмын. Ақындардан Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін ұнатамын. Анда-санда домбыра да тартамын. Нота білмеймін, есту қабілетіме сүйеніп үйрендім. Бір әуенді естіген соң 4-5 сағат отырып домбыраға саламын. Толық болмаса да Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі, Әшім Дөңшіұлының «Кеңес» күйі, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін шертемін. Қазір қарқынды дамып келе жатқан мобилографияны да үйреніп жүрмін, бірақ ол үшін көп тәжірибе керек екен. Бүгінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қорымен тұрақты байланыс жасап келемін. Сол ұжымның ұйымдастыруымен Құлсары қаласының орталық алаңындағы ғимаратта жергілікті мүгедек арбасын қолданушыларға арналған оңалту лагеріне барып, өзіме жаңа достар таптым, — дейді ол.
Әрине қазір Әділхан секілді жандар аз емес. Олардың ортаға бейімделуі үшін инклюзивті білім беру бағдарламасына байыппен қарап, жұмысын жандандыру қажет. Тағдырдың сынағына сынбай, қиындыққа қарсы тұрар қайсар да қабілетті жандардың өмірі көпке үлгі.
Алмас ҚАБДОЛОВ