Бұқараның ой-санасы бірлескен іс-әрекет арқылы көтеріледі
Облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, саяси партиялар және этномәдени бірлестік өкілдерімен бірге кездесу ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басты бағыттардың ел тұрғындарына жетіп, нақты жүзеге асуы туралы спикерлердің пікірлеріне құлақ түрді.
«Жолдау – дамудың даңғыл жолы» тақырыбындағы ой-талқыға «AMANAT» партиясының мүшелері, Атырау қалалық мәслихатының депутаттары Ақылбек Құлбарақов, Гүлнафис Таңбаева, Қазақстан Халық партиясының мүшелері, бастауыш ұйым жетекшісі Қаһарман Жәрдем мен партияның әйелдер қанатының жетекшісі Людмила Көбентаевалар қатысып, облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының төрағасы Назарбек Қосшиев кездесуді жүргізіп отырды.
Ашық пікірталас – қоғамға пайдалы
Назарбек ҚОСШИЕВ:
– Жыл сайынғы Президенттің халыққа Жолдауы елдің дамуы мен қоғамның тұрақтылығы, халықтың татулығын көздейді. Осы бағытта этномәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас жасап, олармен бірлесіп, жұмыла еңбек еткенде ғана нақты нәтижелерге қол жететіні белгілі. Бұған өмірлік тәжірибе арқылы жететіні де анық. Биылғы 1 қыркүйектегі мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауының мән-маңызы ерекше.
Сол себепті облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті бұған дейін де тұрақты түрде қоғамдағы негізгі мәселелер туралы «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып келеді. Биылдан бастап қоғамдық бірлестіктер және саяси партиялармен бірлескен жұмыстарды қолға алып отырмыз. Өткен жолы «AMANAT» партиясының «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында спикерлермен су тапшылығы жөнінде ауқымды проблеманы көтерген едік. Мұның өңір үшін өте өзекті екені белгілі. Бұл жолы қоғамдағы біртұтастық, бірлік бағытында әңгіме өрбітпекпіз.
Кәсіпкерге қолдау бар…
Ақылбек ҚҰЛБАРАҚОВ:
– Елімізде мемлекет басшысының халыққа Жолдауы жыл сайын дәстүрге айналды. Бұл отандастарымыздың да дағдысын қалыптастырды. Соның негізінде жаңадан кәсіп бастауға ниетті жастарға қолдау көрсетіледі. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Даму» қоры бар. Ол субсидия беріп, кепілдік жасап келеді. Кәсіпкерлермен кездесу барысында білгеніміздей, жыл басынан бері республикалық және жергілікті бюджеттер арқылы осы мақсатқа бөлінген 10,2 миллиард теңге шілде айының басында толықтай игерілген. Демек бөлінген жылдық бюджетті дұрыс пайдаланып, кәсіпкерлер қолайлы кәсіптерін ашып, мемлекет тарапынан қолдау көріп келеді. Республика Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдап 1,2 миллиард теңге сұратқан едік. Бұл да жергілікті әкімдіктен қолдау тапты. Бұған Президент Жолдауларының да игілігі тиіп жатқаны анық.
Қазір екінші деңгейлі Банктердегі ставка мөлшері 23 пайыз екені айтылып жатыр. Оған Ұлттық Банктің ықпалы бары да айтылып жүр. «Қазақстан Халық банкі» Атырау облыстық филиалынан білгеніміздей, қазір мұны 20 пайызға түсіру қарастырылып жатыр. Оның үстіне, Президенттің тапсырмасына сай Қазақстан нарығына шетелдік банктер кіреді. Бұл жаңа Қазақстандағы дамуға қызығушылығы бар жастарға зор септігін тигізеріне сенім кәміл.
Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі елге аса қажетті құрылым. Бұл – мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған аса маңызды шешімі. Өйткені, қазір елде су тапшылығы байқала бастады. Елімізге келетін судың 60 пайыздан астамы көршілес елдерден келеді. Тек Қазақстан емес, жер жүзінде су тапшылығы алаңдаушылық туғызып отырған шақта бұл оң өзгерістер әкеледі деген сенімдемін.
Әлеуметтік мәселеге мән беріледі
Қаһарман ЖӘРДЕМ:
– Жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықпен кездескенде де толғандыратын әлеуметтік мәселелеріне құлақ түреміз. Қазір Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы тарапынан қалалық және бірнеше аудандық мәслихаттағы өкілдеріміз арқылы елдегі күрделі түйіндердің жай-жапсарына қанықпыз. Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан келгенде облыстағы экологиялық мәселелер де қозғалды.
Біздің партия өз мүшелері арқылы елдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Халқымыздың бейбіт заманда өмір сүріп, білім саласының жетілуіне, мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруы бағытында да жұмыстар жүруде. Оған қоса ең төменгі жалақы көлемін ұлғайтуды да көтеріп жатыр. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайларын қалыс қалдырып жатқан жоқ.
Жуырда облысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары келіп, жергілікті жерде қалыптасқан экологиялық жағдайға байланысты көшпелі жиын өткізді. Алқалы жиында депутаттар мен сала мамандары су мәселесін, әсіресе Каспий теңізі мен Жайық өзенінің тартылып бара жатқанын алға тартты. Каспий жағалауындағы елдер осы проблеманы шешудің алғышарттарын қарастыруы керектігі туралы да ұсыныстар болды. Мұның барлығы – мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген негізгі басым бағыттар. Оған қоса, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидасының орындалып жатқанының дәлелі іспетті.
Әрине, мұндай бірді-екілі жиындар жылдар бойы қордаланған түйіндерді түбегейлі шеше алмайды. Алға қарай тұрғындармен кездесулерді көбейтіп, жергілікті жерде жасалып жатқан жұмыс барысындағы олқылықтар мен салық саласына өзгерістер, басқа да проблемаларды бірлесе көтерген жөн.
Біз де мұндай мәселелерді көтеруге әрқашан дайынбыз. Себебі, партияға келіп өтініш білдірушілердің де санасы көтерілгенін байқап отырмыз. Қазір қабылдауға келгендер бұрынғыдай тұрмыстық немесе жеке бастың қамымен жүрмейді. Баршаға ортақ мәселелердің шешімін табуына оң ықпал етуді сұрайды. Демек халықтың санасы терең, көзі ашық.
Әрине, түйінді мәселелер қоғамда әлі де жеткілікті. Соның барлығына ортақ мүдде жолында жұмылғанда ғана қол жеткізе аламыз. Мысалы, грантта оқығанмен шәкіртақы алмайтын студенттер, бау-бақша серіктестіктері, пәтер иелері кооперативтері, мүлікті басқару бірлестіктері, өңірдегі монополистер, тозығы жеткен жылу, электр желілеріне қатысты да түйінді шаруалар жетіп-артылады. Бұл – ортақ мәселелер.
Халық тілегі – басты назарда
Людмила КӨБЕНТАЕВА:
– Президенттің Жолдауы бойынша жер-жерде талқылаулар болып жатыр. Осы бойынша көптеген еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың талап-тілегін жинақтаймыз. Көпшілік болған соң наразылықтарын білдіріп, қолдау танытып та жатқан азаматтар табылады. Қазақстан Халық партиясына көптеген адамдар келіп талқылау жөнінде сұрақтарын қойып жатыр. Ең төменгі жалақы көлемін 85 мың теңгеге көбейту туралы Президенттің 1 қыркүйектегі тапсырмасы да халықтың көкейінен шықты. Осы айтылғандарды жүзеге асырып, шешімін таба бастаған соң да партияға жылы лебізін білдіріп жатқандардың саны артып келеді.
Әйелдер қанатының жетекшісі болған соң түрлі мұң-мұқтажын айтып әйелдер бізге көбірек келеді. Облыстық филиал жетекшілері де сол сұрақтарды жергілікті атқарушы органдардың алдына мәселе етіп көтеріп, бірлесе шешілуіне атсалысып жүр. Халықтың оң көзқарасы осылайша біртіндеп қалыптасады деп ойлаймын.
Су есепсіз жұмсалып жатыр
Назарбек ҚОСШИЕВ:
– Қазақстанның батыс өңіріндегі су мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Әсіресе, Атырау облысында бұл – аса өзекті проблемалардың бірі. Ел аумағына келетін негізгі су алаптары сыртқы ресурстар есебінен толығады. Яғни, трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Демек біз ауыз судың өзін шетелден сатып алып отырмыз деп айтуға болады.
Осы тұрғыдан алғанда Жайықтың мәселесі апатты жағдайда тұр. «AMANAT» партиясының диалог алаңындағы кездесуде осы саланың және шаруашылық басқару ісінің ардагерлері судың мәселесін екінші кезекке ысырмау керектігін айтты. Жуырдағы бес жылда ауыз су болсын, тұрмыстық тұтынатын су болсын, апатты жағдайға жетуі мүмкін. Осы қиын жағдайды ескеріп, Қазақстан Халық партиясы ұстанып отырған суды үнемдеу мәселесі де құптарлық. Бұл мәселеге қоғам болып ден қоюымыз қажет.
Кәсіпкерлердің көзімен алып қарасақ суды үнемдеу мәселесі белгілі бір дәрежеде шығынға әкеп соқтыруы мүмкін, бірақ ертеңгі ұрпағымызға не қалдырып кетерімізді де ойлап қойған жөн. Бізде қаншама қонақ үй, мейрамхана, кафе, көлік жуу, басқа да бизнес нысандары бар, осының барлығында судың есепсіз жұмсалып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Қайта өңдеу технологиясын қолданбаймыз.
Сондықтан, мәселеге қоғам болып, қоғамдық бірлестіктер, арнайы ұйымдармен бірлесіп жұмылмасақ келешекте артымызға үлкен күрмеулі мәселені қалдырып кетуге шақ тұрмыз. Судың мәселесі тек жуынып-шайыну үшін емес, денсаулыққа да қажет екендігі түсінікті.
Өңірде дәрігер жетіспейді
Гүлнафис ТАҢБАЕВА:
– Биыл 1 қыркүйекте Президент халыққа Жолдауында әуелі экономикалық бағдарға мән берді. Бәсекелестікті арттыру, өңірлердегі өндірісті жетілдіру секілді бағыттар баса айтылды. Жасыратын не бар, Атырау өңірі мұнайды өндіріп, оны шикізат есебінде шетелге жіберумен айналысып отырғаны аян. Сондықтан, енді бұған көбірек көңіл бөлініп, айтылған мәселелердің іске асқанын құп көреміз.
Ал, әлеуметтік салаға жататын денсаулық сақтау мәселесін 100 пайыз деп алып қарасақ, саулықты сақтаудың 60 пайызы өзіміздің қолымызда, 15 пайызы – экологияға байланысты. Тек 10 пайыздан астамы ғана әртүрлі тұқым қуалаушылық ауруларға байланысты, бұл ғылымда дәлелденген. Бүгінде бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан», одан бері «Денсаулық» бағдарламалары қабылданды. 2021-2025 жылдарға «Дені сау ұлт» бағдарламасы да іске асып жатыр. Оның ішіндегі басты индикаторлар – адамның өмір жасының ұзақтығын алдыңғы бағдарламалар кезінде 69,5 жастан 71 жасқа көтеру көзделсе, қазір 2025 жылға дейін 75 жасқа дейін ұлғайту негізгі мақсатқа айналған.
Бір өкініштісі, 2020-2021 жылдары COVID-19 жұқпасы кезінде қосымша созылмалы сырқатына байланысты көптеген адамнан айырылып қалдық. Сол себепті осы жастың ұзақтығы 73,5 жасқа дейін төмендеп кеткен болатын.
Бүгінде облыстағы дәрігер жетіспеушілігі салдарынан медицина саласында көптеген проблемалар туындап отыр. Жылда медициналық оқу орындарының түлектеріне сұраныс беріліп, облысқа 200-ден астам маман келді. Бұрын Атырау облысында ауылдық жерге барған жас маманға 1 миллион теңгеге дейін көтермелеу ақысы берілетін. Шындығында, өңірлік бағдарлама қабылданбаған екен. Сондықтан, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен облысқа келген мамандарға бюджет есебінен қаражат бөлініп, қалаға орналасқан жас маманға 3 миллион, ауылдық жерге барған жас маманға 5 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы беру туралы ұсыныс бердік. Қазір ол қолдау тапты, енді жылдың соңына дейін тиісті қаулы қабылданады. Нормативтік актіде келген маманның неше жылға дейін жұмыс істейтіні, басқа да талаптар ескеріледі.
Мамандарды тұрақтандырудың тағы бір тетігі ретінде жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге Атырау облысы әкімінің білім гранты бөлініп келеді. Биыл бакалавриат дәрежесіне бөлінгені – 65 білім гранты. Дұрысында медициналық оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинау керек. Бірақ облыстық әкімдіктің қолдауымен 75 балл жинаған және түрлі санаттағы түлектер критерийлеріне қарай медициналық мамандыққа түсе алады.
Мойындау керек, 75 балл жинаған түлектердің арасында әлеуметтік осал топ санатына жататын отбасылардың да балалары қарастырылған. Мысалы, әке-шешесі қайтыс болған, жалғызбасты ананың балалары, мүгедектігі бар ата-аналардың балалары да оқуы мүмкін. Оларға алты жыл бойына шәкіртақысыз оқу өте қиынға соғатыны даусыз. Жақында біздің емханаға тіркелген отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылынан үш бала асырап алып, сол балалардың үлкенін Ақтөбедегі медициналық университетке түсірген ата-ананың жағдайына қанық болдық. Қыз бала 78 балл жинап, облыстық әкімдіктің білім грантымен жатақханасына орналасты. Ал, одан кейінгі екі баланың денсаулығында кінәрат бар екен. Оған ай сайын ақша болмаса бағушы есебінде алатын зейнетақысының жетпейтіні белгілі. Күнделікті жүріп-тұру, ас-судың шығыны өздеріңізге жақсы таныс. Осыған байланысты тиісті орындарға ұсыныс хат жолдадым. Тым болмаса әрбір азамат бір жыл бойы ай сайынғы қажеттіліктеріне 30 мың теңгеден төлеп тұрса қаншама көмек болады?! Алдағы уақытта оқуға талабы бар, бірақ жоғары оқу орнына түсе алмай қалған балалардың тұрмыстық жағдайын да ескерген жөн деп ойлаймын.
Қазір мемлекет тарапынан оңтайлы бағдарламалар іске асып жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасы болған соң, тиісті талаптарға құлақ асатын халық та болуы керек. Осы ақпараттар қалың бұқараға кейде жетпей қалып жататыны рас. Мысалы, бүгінде жоғары білімді медициналық мамандықтарға 6 жыл оқиды, оны бітірген соң екі-үш жыл резидентурасы тағы бар. Оларға қатысты мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер немесе қолдаулар дер кезінде халыққа жан-жақты түсіндірілсе, емдеу-сауықтыру мекемелерін маманмен қамтамасыз ету де әлдеқайда жеңіл болар еді.
Биыл акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, онколог, маммолог мамандықтарына білім гранттары бөлініп, 32 маман оқуға түсті. Оның төртеуі – №7 қалалық емхананың мамандары. Атап айтсақ, олардың бірі мемлекеттік білім гранты арқылы оқуға қабылданды. Былтыр келген жас маман бір жыл жұмыс істеп, қызмет етті. Ал, басқа үш маман екі жылдан жеті жылға дейін дәрігер болып еңбек етіп жүр. Олар да өздері ұнатқан онколог, дерматолог секілді мамандықтарға оқуға түсті. Осы секілді іргелі істер жүзеге асып жатыр.
Бүгінгі таңдағы білім сапасының жағдайы да бізді алаңдатады. Атырау облысында білім сапасының көрсеткіші 50 пайыздан көтеріле алмай отыр. Соңғы кезде айтылып жүрген зорлық-зомбылық, психологиялық тұрақсыздық, жастардың отбасын жоспарлай алмауы тәрізді мәселелер қоғамның дертіне айналды. Қазіргі статистика көрсеткендей, отбасын құрған жастардың тең жартысынан астамы бір жылға, әрілесе үш жылға жетпей ажырасып кетеді. Сондықтан, проблеманың байыбына үңіліп, олардың саналы түрде жоспар құруына мән беруіміз қажет.
«Судың да сұрауы бар» демекші, кейінгі бес жылда Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Бірақ оның қаншалықты дұрыс әрі сапалы қазылып жатқанын, одан әрі қанша жыл жұмыс істейтіні, бұдан соң су өзекке келе ме, жоқ па деген сұрақтарға депутат ретінде жауап іздеп келеміз.
Көктем кезінде экология тақырыбында да мәселе туындады. Мұның барлығы бір күнде шешіле қалатын шаруа емес. Сондықтан, мұндай күрделі проблемалармен ғылыми-зерттеу институттары жан-жақты айналысуы қажет. Соңғы бес-он жылда экология, денсаулық сақтау салаларымен қатар, ішіп отырған суымыз бен тыныс алып отырған ауадағы өзгерістерді де статистикаға сүйене отырып, егжей-тегжейлі тексереді деген ойдамыз.
«AMANAT» партиясының атынан халықтың қаржылық сауатын арттыратын «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Бұл туралы Президент Жолдауында да айтылған болатын. Бүгінгі таңда кейбір тұрғындар онлайн түрде несие алғанымен, онда көрсетілген шарттармен таныспайды. Сосын төлем уақыты келгенде 50 пайыз өсімімен төлеуге мәжбүр. Тіпті, одан да мол қарызға душар болады. Сол себепті, тұрғындардың қаржылай сауаттылығын арттыру аса қажет.
Қазір салықтың көлемін азайту, алдағы қаңтардан бастап облыста пайыз көлемін жеңілдету жөнінде де ұсыныстар берілді.
Әрине, мәселе қозғалғанымен оның жүзеге аса қоюы ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Ең бастысы, алдағы уақытта Жолдауда айтылған мәселелердің кідіріссіз жүзеге асуы үшін Үкімет, жергілікті басқармалар мен депутаттар ғана емес, мемлекеттік органдар да мүдделі болып, тікелей атсалысуы қажет деп есептеймін.
Бұдан соң кездесуде спикерлерге ұсыныс-пікірлер айтылып, басқосу қоғамдық мәселелерге қатысты ұтымды ойларға ұласты.
Жолдауды қолдау жеткіліксіз…
Тарих ғылымдарының кандидаты, Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Гүлфайруз Қайырғалиева сөз алып, Президент Жолдауындағы міндеттерге көбірек мән беруге назар аударды.
– Биылғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауды талқылағаннан гөрі, ондағы міндеттерге көбірек мән берген жөн. Елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар Жолдауға байланысты өз пікірін айтып, оны іске асырудың негізгі тетіктері белгіленген «Жол картасы» секілді жоспарлар жасалғаны абзал. Мысалы, осы Жолдауда Атырау өңіріне қатысты да бірқатар мәселелер қозғалды. Әсіресе, су мәселесінің кейбір облыстарда төтенше жағдайға дейін жеткенін білеміз. Біздің өңірде де бұл аса өзекті проблема. Себебі, Жайық өзенінің азаюы, Каспий теңізінің тартылуы, оған қоса экологиялық ахуалдың да көңіл көншітпеуі қалың бұқараның тұрмысына кәдімгідей әсерін тигізетіні түсінікті. Айталық, судың болмауы халықтың денсаулығына, экономикалық өсім мен ауыл шаруашылығы, тіпті туризм саласына да зиянын тигізеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі ретінде айтпағым, топ мүшелері өтіп жатқан шараларға қатысып қана қоймай, белгілі бір деңгейде өздерінің сарапшылық көзқарастарын білдіруі қажет деп санаймын. Мысалы, басқосуда денсаулық, жедел несие беру мәселелері, «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы айтылып жатыр. Енді осы мәселелердің қоғамға қозғау салып жатқанын халыққа жеткізу үшін статистикалық деректер қажет.
Бүгінде жастар арасында ойынқұмарлық мәселесі ушығып тұр. Ол үшін денсаулық сақтау басқармасынан тіркелгендер саны, олардың жас ерекшеліктері, әлеуметтік санаты, ойынқұмарлықтан зардап шегіп отырған халықтың үлес салмағы секілді маңызды мәліметтер қажет. Соны анықтаған соң қоғамдық проблеманың туындау себебіне талдау жасалып, себеп-салдарын анықтаған дұрыс болар еді. Қажет болса, ғылыми-сараптамалық топтың атынан түрлі дәрежедегі депутаттарға сауал жолдауды да ойластыру керек.
Ал, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша да осындай зерттеу-зерделеу жұмыстары өзінен-өзі сұранып тұр. Өйткені, онлайн қарыз алу бір адамның ғана мәселесі емес, бүкіл отбасына ортақ. Ақыры, ерлі-зайыптылар ажырасып, баланың психикасы бұзылып жатыр. Осы секілді түрлі әлеуметтік салдарлар қоғамдық проблемаларды туындатады. Сондықтан, мұндай тақырыпта зерттеу жүргізіп, көмектесу қажет деп ойлаймын. Бірақ тек біржақты емес, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, банк филиалдары мен кәсіпкерлер палатасы да статистикалық талдаулар жүргізсе құба-құп. Қаласаңыздар, сол талдауларға ғалым, зерттеуші ретінде біз де атсалысайық.
Мұндай қоғамдық мәселелерге қатысты жазбаларды пайдаланып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның қоғамда өте өзекті екенін үнемі хабарлап отырған жөн. Сондықтан осы мәселе бойынша жастармен көбірек жұмыс істеуіміз қажет.
Әрине, өңірдегі судың, электр энергиясының жетіспеушілігін көріп отырмыз. Сондықтан, бұған да отбасылық тәрбиеден алшақ қарамағанымыз жөн. Үнемшілдік туралы тек есейген соң емес, балабақшадағы бүлдіршін шағынан ұрпақтың құлағына сіңіре беруіміз қажет. Оған қазіргі оқушылар да өз ойын айтып, мұнымен күресудің жолын көрсетуі мүмкін. Мұны жеткізудің түрлі тиімді жолдары бар.
Мысалы, биыл сәуірде Чехия республикасының астанасы – Прага қаласына тағылымдамаға барғанда, «Жер күніне» арналған тәрбиелік шараның куәсі болдым. Ересек адамдар өз балаларымен саябаққа барып, жасыл желекті қорғау, суды ысырап етпеу, гүлзарларды таптамау тәрізді мәселелерді «отбасылық ойын» түрінде ұйымдастырды. Бізде де әдеттегі отырыс, жиындардан гөрі сондай үлгіде өткізген жақсы болатын шығар. Қазір кәсіпкерлер аз емес, мұндай ауқымды тақырыптарға сол азаматтарды көбірек тарту үшін ойын алаңдарын ұйымдастырған пайдалы болуы мүмкін. Кәсіпкерлерге ой тастаса, өздері-ақ қолайлы әдіс-тәсілдерін ойлап табуы мүмкін. Бұл оларға да, қоғамға да пайдалы болар еді…
Біз байқамайтын мәселе
Ғылыми-сараптамалық топ мүшесінің сұрағына қалалық мәслихаттың депутаты Гүлнафис Таңбаева жауап беріп, дәрігерлік тәжірибесімен де бөлісті.
– Жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлық, зиянды әдеттер, оның үстіне соңғы кезде электронды шылымға әуестенуі, әртүрлі үлгідегі денеге қабылдайтын дәрі-дәрмек, тәттілер, оның құрамындағы түрлі қоспалар, өзіне-өзі қол жұмсау, энергетикалық сусындардың қаншалықты зиян екені белгілі. Кәдімгі пластикалық ыдыстан бифонал деген зиянды ерітінді бөлінеді. Оны екінің бірі біле бермейді. Жайық өзенінің сутегі көрсеткіші (pH) – 8,2. Адам ағзасында бұл қалыпты жағдайда 7,2 немесе 7,5 болуы керек. Ол су құрамы бізге жеткілікті болғанмен, құбырмен жеткенде ағзаға түрлі металдар, бактерия, инфекциялармен келген соң оны тікелей ішкіміз келмейді. Сондықтан, оған әркім түрлі сүзгілер орнатады. Ал, одан өткен су «өлі» суға айналады. Құрамында минерал болмаған соң адам ағзасына пайдасы жоқ. Демек бір мезет қайнаған суды тұтыну да артық етпейді.
Медицина саласында да, басқа салаларда да жасалып жатқан жұмыс көп. Тек оны жүзеге асыруда кемшіліктер немесе қателіктер болуы мүмкін. Айталық, мектептердегі кәсіби бөлімшелерде түрлі аурулардың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, қазір қызылша ауруының көрсеткіші көбейіп келеді. №7 қалалық емхана бойынша биыл мамыр айының соңынан бері қызылшамен тіркелген 33 адамның 30-ынан қызылша жұқпасы дәлелденді. Оның 27-сі уақытында вакцина алмағандар. Енді ойлап көріңіз, вакцина – әлемдегі вирусты, жұқпалы, бактериялы ауруларды тоқтатудың бірден-бір жолы. Бірақ оның әсері әр ауруда әртүрлі болады және 75 пайыздан 98 пайызға дейін ауруды тоқтатады. Екпе алған адам қайталап ауырса, дерттің жеңіл түрімен ауырады. Бұл туралы менің әріптестерім айтудан кенде емес.
Қоғамдық дертке айналып бара жатқан тағы бір проблема – телефонға үнемі еңкейіп қарап, орындыққа қисайып отырудың кесірінен балалардың арасында сколиоз, көз аурулары, құлақ естімеу аурулары да көбейіп барады.
Бұқара арасындағы әлеуметтік мәселелерді ескере отырып, қазір облыстағы барлық емханада жастар орталығы ашылып жатыр. Жасөспірімдердің кейбірі өз сұрақтарын дәрігерге келіп айтуға жасқанады. Сондықтан, ғимараттың артқы бөлігінен есік ашып, оларға анонимді түрде сұрақтарын қоюға мүмкіндік жасағымыз келеді. Ол жерде педиатр, гинеколог, уролог, психолог секілді мамандар қабылдайды.
Букмекерді «бүркемеу» керек
Ал, басқосуда сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Құлбарақов ауыл азаматтарын «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шақырды.
– Осы жоба бойынша 2,5 пайызбен несие береді. Бұл – ауыл тұрғындарының жағдайын көтеруге зор септігін тигізетін жоба. Атырау облысында бұл жобаның орындалу үлесі 50 пайызға да жетпейді. Сондықтан, ауыл тұрғындары бұған назар аударғаны жөн.
«AMANAT» партиясы ойынқұмарлық тақырыбына да ерекше ден қойып отыр. Әсіресе 1xbet, olimpbet секілді букмекерлік кеңселердің республикалық телеарналар арқылы жарнамасы жақсы, олардың маркетинг нарығын әбден меңгергені соншалық, кез-келген бұқаралық шараға демеушілік жасаудан тартынбайды. Бұған шектеу қою туралы ұсынысқа партиядан сайланған депутаттар бірлесіп депутаттық сауалымызды дайындап жатырмыз.
Жастарға көңіл бөлінсе…
«Новруз» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эльдар Ахметов жастардың мәселесіне көбірек тоқталып, олардың тәрбиесінің де тұралап тұрғанын жасырмады.
– Әрине, қазір көз қуантып, жан сүйсінетін жастардың өсіп келе жатқаны рас. Бірақ оларға көбірек көңіл бөлу керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде өзгенің көмегіне мұқтаж жастардың қатары аз емес, басым бөлігі несие төлеміне мұқтаж. Жақында Ресейде болғанымда ол жерде несиенің ең жоғары пайызы 14-16 пайыз. Одан көп емес. Ал, бізде бұл жағы қиын. Жастардың көпшілігі жұмыссыз. Олар біздің балаларымыз, өзге әлемнен келмегені белгілі. Сондықтан, жастармен көбірек етене жұмыс істеу, олармен тығыз байланыста болуымыз қажет.
Белсенді жастар да өз құрбыларымен ортақ жұмыс істесе, тигізер пайдасы көп. Өйткені, олар бір-бірін өте жақсы түсінеді. Бұл біздің ортақ үйіміз екенін саналарына сіңіреді. Атырауда су, кәріз жүйесі мәселелері ғана емес, шешімін күткен өзге де шаруалар жетіп артылады. Бізде экологиялық, онкологиялық мәселелер аз емес. Мұндай мәселелер шешілмесе, қазіргі күйімізде біз әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіруіміз қиын. Бұл жан күйзелтетін мәселе. Сондықтан, бұл мәселемен күнделікті айналысуымыз керек.
«Клиптік ойлауға» қалай жеттік?
«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев өңірдегі білім саласының күрмеуі қиын проблемаларын ашып айтты.
– Бүгінде білім деңгейі төмендеп барады. Балалар оқып, білім алудың маңыздылығын сезінбейді. Тіпті, олар жоғары білім алғанымен, жұмыс таба алмай жатады. Ойынқұмарлық мәселесі де айналысар ісі жоқ адамдардың кеселі. Олар сол арқылы өздерінің көздеген істерін жүзеге асырғысы келеді. Ойын клубтарында көбінесе жағдайы нашар отбасылардың балалары уақыт өткізеді. Сондықтан, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет. Ал, олардың қызығушылығы әлеуметтік желілер ғана. Біздер әлеуметтік желінің алдында дәрменсіз болып отырмыз. Әлеуметтік желілер адамды дамытпайды.
Қазір мамандар балалардың «клиптік ойлау» деңгейінде екенін айтып жүр. Ал, «клиптік ойлайтын» сананы қалай емдеп, оқыта аламыз? Әрі қарай не істейміз? Мектептен білімсіз болып шыққан бала білімсіз маман болады.
Ақыры, емхана туралы әңгіме көтерілген екен мұны да айта кету керек. Қазір адам басы ауырып, балтыры сыздаса басқа жаққа барып емделуге бейім тұрады. Жергілікті дәрігерлерге амалдың жоқтығынан ғана қаралады. Неге бұлай?! Дерекке сүйенсек, Атырау облысы ауру көрсеткіші бойынша көшбасшылардың сапында тұр екен. Мамандардың жетіспеушілігі тағы бар. Облыста медициналық жоғары білім беретін оқу орыны неге жоқ?! Мұны жергілікті жерден оң шешуге болмас па?! Дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жасауға мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Тарихты кім оқиды?..
– Адам баласы білімсіз ештеңеге қол жеткізе алмайды. Біздің өңірге дұрыс нәтиже беретін оқу орындары қажет. Қазір тарихты оқитын адамды табу қиын. Жастар көркем әдебиет жанрындағы кітапты да оқымайды. Сондықтан, осы мәселе бойынша жұмыстануымыз қажет.
Оқушылардан жазғы каникулдағы әрекетін сұрасақ, бассейнге барып, бургер жегенін айтады. Ал, музейге, басқа да рухани азық болар жерлерге барғылары келмейді. Газетті онсыз да оқымайды. Әлеуметтік желідегі жазбаларын қарасаңыз, сана мен ой мәдениетін жетілдіретін жөні түзу сөз жоқ, — деп қынжылыс білдірді «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова.
Өзің өзгер, өзгеге өнеге бол!
Басқосуды қорытындылаған облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев қоғамды масылдық психологиядан арылту бағытында жұмыстар жүргізуге шақырды.
– Біз дамуды өзімізден бастағанымыз жөн. Басқаға қояр талабымыз зор, бірақ өз әрекетімізге есеп бермейміз.
Осында айтылып отырған мәселелер туралы отбасында өз баламызбен пікірлестік пе?! Жұмыс жоқ дейміз, бірақ ауыл тұрғындары ауласында тұрған сиырын сауып ішпейтін жағдайға жеткен. Үйінде ересек баласы жатса да, азын-аулақ қой-ешкісін көршісіне ақша беріп бақтырады. Бұл — масылдық пиғылға түбегейлі мойынсұну. Сондықтан, отбасылық тәрбиенің де маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз.
Денсаулықтың дімкәстігі, ауру балалардың дүниеге келуі де өзіне берілген аманатқа жауапкершілікпен қарамаудан. Репродуктивті жастағы қыз-келіншектер энергетикалық сусын ішіп, құнарлылығы жоқ тағамдарға әуестеніп алды. Соның кесірінен өмірге келген сырқат баланы дәрігердің білімсіздігінен көреміз. Ендеше, ата-ана баласына дұрыс тәрбие беруі керек.
Қазір интернет алаяқтық тақырыбы да «күйіп тұрған» мәселе. Аңғарсаңыз, оларға алданып, құрбан болып жатқандардың басым бөлігі әл-ауқаты ортадан жоғары отбасылардың мүшелері. Статистика осыны көрсетіп отыр.
Әуелі өз ұрпағымыздың тәрбиесіне көңіл аудармай тұрып, өзгеден кемшілік іздемеуіміз қажет. Бір елдің суын ішіп, бір жердің ауасын жұтып отырғаннан кейін барлығымыз жұмылып, облыстағы қоғамдық мәселелерге ұсыныс-пікірімізді білдіріп отырған дұрыс. Сондықтан, этномәдени бірлестіктерден жаңаша, тың көзқарасты күтеміз. Серпін беретін жастар керек. Қоғамның ілгері дамуы үшін жергілікті жерде бірлесіп іске асыру қажет, — деп түйіндеді Назарбек Төлеуішұлы.
P.S.
Мемлекет басшысының қай Жолдауында да қойылған міндет, жүктелген тапсырманың барлығы өзекті. Ендеше, оны жүзеге асыру үшін әр отбасы өз жауапкершілігін түсінгені жөн. Ал, отбасы шағын мемлекет деп алсақ, ата-ананың ролін арттыру аса маңызды мәселе. Қоғамның дамуы, бұқараның санасын көтеру бағытындағы ағарту шараларының нәтижесі сонда ғана көрінеді. Бұған қол жеткізу үшін жұдырықтай жұмылуға әрекет ету қажет.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор