Жарнама
Әлеумет

Біреудің қайғысынан пайда табу

Өткен жылдары жерлес жасөспірім синтетикалық затты жеткіземін деп тәртіп сақшыларының құрығына түскен еді. Иә, дер кезінде қимылдаған құқық қорғаушылардың қырағы әрекеті бозбаланың болашағын есірткінің тырнағынан арашалап алып қалды. Әйтпегенде ше. Сорақысы, ол бұл әрекетке соңының жақсылыққа апармайтынын біле-тұра ерікті түрде барған. Ақша таппақ ниетте болғанын айтып, ақталады. Одан кейін жұртшылықтың жанайқайынан соң аталған дүниені сатып жүрген «ханым» да алысқа ұзамай, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өкініштісі, облыс спортын шетелдерде танытып жүрген спортшы замандасымыз трамадолдың тұсауынан шыға алмай, өзіне өзі қол салды. 

«Бақсақ, бақа екен» демекші, біз «ауруымызды» жасырып, іштен тынып жүргенде әлем «синтетика» саудасының белең алып бара жатқанын ескертіп, дабыл қағуда. Біздің елде де сең қозғалды. Қазақстанда трамадол препаратын тек рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алады. 

Біз де бұл тақырыптан қалыс қалмай, облыстық психикалық денсаулық орталығының наркологиялық бөлімі меңгерушісі Ержан Төремұратовпен аталған тақырыпта біраз ой бөлісіп, пікірін тыңдаған болатынбыз.

Синтетика саудасы қызып тұр

– Адам санасын  улаған «синтетика» «спайс» пен «снюстен» басталған заңсыз сауда туралы кеңінен айтып өтсеңіз… Өкініштісі, бұл түтіннің тозағына буыны бекіп үлгермеген жасөспірімдердің түсіп бара жатқаны…

–  Елімізде «синтетикалық есірткі» ұғымы осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемінде «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.

Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі, синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал, елімізде кез-келген адам үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір бірімен бетпе-бет кездеспейді. Барлық іс белгісіз ара қашықтықта жасалады.

Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті. 

–  Бұл тек біздің ғана емес, әлемнің де басына төнген қара бұлт. Оны ауыздықтау мүмкін бе? Ұрпағымызды бұл дерттен қалай арашалап аламыз? 

–  Рас, «синтетика» аз ғана уақыттың ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Қолдану әдістері де ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Себебі, «синтетиканы» әдетте темекі секілді шегеді, дем алады немесе ішке қабылдайды. Сондықтан олар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Ал, бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ.

Есірткі қылмысын тек тыйым салу арқылы шеше алмайтынымыз анық. Расымен де, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған өте маңызды. Сондықтан қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып бірлесе қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бұрынғыдан да маңызды болып отыр.

Осы бағытта тек мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында оң нәтижеге жетуге болады. 

«Синтетикалық» наша сатушылар болашақта өздерінің тұрақты клиенттерін қалыптастыра бастайды. Яғни олар қара нарықтағы тұтынушыларының санын азайтпауға мүдделі. Есірткі саудагерлері оны таратудың заманауи әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар интернет технологиясының барлық амал-тәсілдерін пайдаланады. Әсіресе, есірткіні түрлі сайттарда жарнамалауға ерекше назар аударады.  

Есірткінің соңы … Суицид

–  Байқағанымыз, соңғы уақытта мұндай синтетиканың түрлі атты иемденген түрлері де көбейіп барады… 

– Кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны ірітіп жібереді. Соңғы 2-3 жылда «альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристал» дейтін түйіршіктер мен ұнтақтар күрт көбейіп, олардан төнген қауіп пен кесел де азаймай отыр. Соңғы уақытта, әсіресе, 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында «синтетиканың» «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» секілді түрлері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың дені – өздерін жалғыз сезінетіндер.. Олардың өмірге құлшынысы жоқ. Өздерін өте төмен бағалайды. Ата-аналарымен қарым-қатынастары қиын.

Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Бұл заттардың әрқайсысы адам ағзасы мен психикасына ешқашан өшпейтіндей із қалдырады. Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді. Тіпті «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. 

– Соңы өлімге әкеледі дейсіз ғой?

–Иә, «синтетиканы» тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді деген сөз.

Тренд – «тұз»

– Жастар арасында ең көп таралған түрі қайсысы?

–  Қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. «Тұзға» мықтап «отырған» адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда, кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзылулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды. Бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше, адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды.

– Синтетика пайдаланғанын сырттай байқау мүмкін бе?  Кәдімгі қарапайым адамнан айырмашылығы бола ма?

– Әдетте «синтетика» тұтынған адамның жанары шарасынан шығып кетеді, көзқарасы да «жабайы» болады. Мефедронға мас адамның жүрек қағысы жиілеп, жай жүрсе де ентігіп қала береді. Бұлшық еттері қақсап      ауырып, тістері ыстық пен суыққа қатты сезімтал болып кетеді. Музыка мен жарыққа сезімталдығы жоғарылап, ұйқысы мен тәбеті бұзылады.

Синтетикалық есірткіні пайдаланғаннан кейін нашақордың күші тасып, эйфория, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділігі артып, әлдебір супер қабілеттеріне сене бастайды. Бұл әсерлер сөзсіз ұйқысыздық пен күш жоғалтуға әкеледі. Адам өзі үшін қатты қорқады, әсіресе, өлімге байланысты ой оны шошыта бастайды. Ол тез ашуланады, оның санасында әлдебіреулерге деген «қастандық теориясы» пайда болады. Оған бүкіл әлем қарсы және айналасындағылардың бәрі қауіпті болып көрінеді.

Синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болады. Адам ағзасы бұрын-соңды мұндай уды татып көрмеген. Сондықтан да оны шексе де, ексе де, иіскесе де әйтеуір бір жолмен ішке түскен жұлынқұрт уақыт өте ағзаны ірітіп, жеп тауыспай қоймайды. Өлімге тәуелділік пен азаптың пайда болуы осыдан басталады. Ал, ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек.

Синтетикалық есірткінің әсері туралы кез-келген маманды сөзге тартсаңыз, бәрінің айтар ойы бір жерге келіп тоғысады. Ол – «барлық синтетикалық препарат адамның қайғы-қасіретінен пайда табу үшін жасалады» деген ащы тұжырым. Себебі, келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда, есі мен етін улап алған тажал ішке бір кірген соң әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды.

Ұлтқа төнген қауіп

– Қоғамда, өзіңіз айтқандай, жұлынқұрттың құрбанына айналғандар көп пе? 

– Бүгінде 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам әлем тұрғындары тұрақты нашақорлар тізіміне алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 50-ге жуығы буыны қатпаған жасөспірім. 

Түсіне білген жанға халқының саны 20 миллионнан асқан біздің еліміз үшін осы сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қатер екендігі анық.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button