Жарнама
Әлеумет

Балаңыз мектепке дайын ба?

Жадыраған жаз да аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл – ата-аналар үшін ең қарбалас кезеңдердің бірі. Соңғы уақытта азық-түлікпен қатар киім-кешек пен оқу құралдарының да бағасы шарықтап кеткенін ескерсек, баланы мектепке дайындау бұрынғыдан да қиынға соғып отыр. Биыл мектеп формасының құны өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен, кеңсе тауарлары да қымбаттап кеткен. Жауапты маусым қарсаңында базардағы бағаны шолып шыққанымызда, басқасын айтпағанда, қарапайым 12 беттік дәптердің өзі 45–50 теңгеге дейін көтерілгенін көрдік. Мұндай баға көп балалы отбасы түгілі, күнкөрісі төмен жандарға ауыр тиіп отыр. Ендеше, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

66e6780a 2bcc 4cf4 9a39 85c0a30aa99a

Отандық өнім қымбат

Осы күндері базардағы бағамен бір баланы киіндіру үшін орта есеппен 100 мың теңге қажет екен. Бізге Атырау қаласындағы «Көктем» базарынан кездескен төрт баланың анасы – атыраулық Нұргүл Айдынғалиева мектеп жасындағы әр баласына осынша ақша жұмсағанын, баланы мектепке дайындау құны жыл өткен сайын шарықтап бара жатқанын айтты.

– Қызыма алған белдемше үшін 8 мың теңге төледім. Осыдан екі жыл бұрын бұл ақшаға екі белдемше алған едім. Мектеп формасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Байқайсыз ба, ересектерге қарағанда балалар киімі анағұрлым қымбат. Осындай жағдайда оқушыға қандай да бір талап қою қаншалықты дұрыс?! Әрине, арнайы мектеп формасы болғаны дұрыс, оны қолдаймыз. Бірақ ол үшін оқушы киімі отандық өндірісте тігіліп, бағасы да тиімді болуы керек деп ойлаймын,-деген ол енді ұлына шалбар іздейтінін айтып, келесі бутикке қарай бет алды.

Шалбар демекші, оның бәсі – 7-18 мың теңге аралығында. Кім-кім де баласына арзанқол дүниені әпергісі келмейді. Өйткені «арзанның сорпасы татымайды» деген бар. Оның үстіне бағасы төмен шалбардың тігісі шала, жіптері әлден-ақ сөгіліп тұр екен. Іштей «қырғыздыкі немесе қытайлық тауар болар» деп ойлағанымыз сол еді, саудагер «бұл бишкекский» деп самп ете қалды. Қымбатшылықты олар да мойындап тұр.

93f068cd 8568 455f 9c1d f514c7b56838

– Ең қымбаты – Түркия мен Пекин тауарлары. Бішкек тауарлары қолжетімді. Бірақ сапасы нашар,-деді жасы егде әйел.

Саудагерлерден отандық өнімді неге сатпайтынын сұрағанбыз. Байқасақ, қазақстандық өнімнің көтерме бағасының өзі 12-15 мың теңгені шамалайды екен. Ал ондай бағада тауар алып сатуға шағын кәсіп иелерінің шамасы жетпейді. Осылайша, ата-аналар отандық өнімнің өзімізге қолжетімсіздігінен, яғни, сапалы киімнің қымбаттығынан өзбек пен қырғыз киімдерін алуға мәжбүр.

Әр жерде – әрқилы баға

Базарда 12 беттік кәдімгі дәптер – 45 теңге, күнделік – 800 теңге. Оны алмайын десе ата-ананың басқа амалы қалмайды. Қолына ұстаған дәптерлерін қайта санап тұрған Ақерке Ізбасарова қасындағы қызына:

– Сендерге әзірге жеткілікті етіп аз-аздан алмасам, — деп күбірледі.

Біз де жанына жақындап, жаңа оқу жылына дайындығы жайлы сұрап көрдік.

– Сәлеметсіз бе? Қалай ойлайсыз, мына тұрған кеңсе тауарларының бағасы сізге қолжетімді ме? — дедік.

– Дәптер мен қаламнан бастап, барлық тауардың бағасы өскен. Алғашқы тоқсанға ғана жетерліктей етіп алып жатырмын, — деді ол.

– Мектеп жасындағы балаңыз нешеу? — деп сұрадық.

– Үш балам мектепте оқиды. Базарға келгенше, оқу құралын жеткілікті етіп, молынан аламын деп ойлап едім. Бағасына қарасам, оған шамам жетпейді екен — деп мұңайды ана.

Кеңсе тауарлары мен киім-кешекті қолжетімді бағаға іздеп жүрген ата-аналардың көбі базардағы бағаны көріп, көңілі түсіп кетеді. Дегенмен дәптер «Глобус» кеңсе тауарлары дүкенінде, «Fix Price», «Анвар» әмбебап дүкендерінде сапасына қарай 25–40 теңге аралығында сатылып жатқанын естіп, кәдімгідей қуанып қалдық. Ал балаларға арналған тауарлар сататын «Еркемай» дүкені жыл сайын жәрмеңке өткізіп, дәптерді арзан бағамен сатуды дәстүрге айналдырған. Осындайда ойға еріксіз келеді: егер бір ғана дүкен емес, жергілікті билік те қолға алып, жаңа оқу жылы қарсаңында үлкен бір жәрмеңке ұйымдастырса қандай жақсы болар еді. Бұл балаларға арналған нағыз базарлық болар еді, ата-ана да, бала да бірдей қуанып, көңілі марқайып қалар ма еді?..

Базарда баласына киім немесе оқу құралын іздеп жүрген ата-ана көп. Көпшілігі «негізгі форманы ғана түгендеп алсақ, спорттық киімін кейін алармыз» деп өзін жұбатқандай. Шын мәнінде, қалтасына қарап, баласының көңіліне де алаңдап жүрген ата-аналарды көргенде, жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» деген сөзі ойға оралады.

20 мыңнан астам бала көмек алады

Биыл да әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың балаларына арнайы қолдау көрсетіліп, қажетті қаражат бөлініп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, әр облыста осы санатқа жататын отбасылардың балалары оқу киімі мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Бұл жұмыс ел Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы негізінде жүзеге асырылуда. Ал Атырау облысында мұндай санатқа кіретін 20 мыңнан астам бала бар екен.

Жуырда облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда «Мектепке жол» акциясы аясында осы балаларға киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін қаржы бөлінгенін білдік. Облыстағы көмекке мұқтаж әр балаға 46 228 теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

– Үкімет тарапынан қаржылай көмек мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге және төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемге мұқтаж болғандарға көрсетіледі,-деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Ата-аналар бұл қаржыны өзге мақсатқа жұмсай алмайды. Бұл жөнінде бізге басқарма маманы Қадыржан Асхатұлы түсіндіріп айтты. 

– Қазір көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті заттарды алып беру үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініштер жіберілуде. Сонымен бірге ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен кеңсе құралдарына арнайы бөлінген қаражатты мақсатты түрде жұмсауды сұраймын, — деді ол.

Бір қуантары, бұрынғыдай емес, енді мемлекеттен берілетін қаржыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын ата-аналар өздері баласының өлшемі мен қалауына қарай таңдап ала алады.

Қанағат қарын тойдырады

Бүгінде ата-аналардың да, балалардың да басым бөлігі мектепке бірыңғай киім үлгісімен баруды тиімді, тіпті қажетті шара деп санайды. Өйткені мектеп формасы – оқушының басты айнасы, оның білім ошағына тиесілі екенін бірден аңғартатын белгі. 

Бірыңғай мектеп формасы – сыртқы көрініс ғана емес, ол тәртіп пен бірізділіктің, ұйымшылдықтың көрінісі. Оқушылардың барлығы бірдей үлгіде киінгенде, олардың арасындағы әлеуметтік айырмашылық байқалмайды. Бұл мектептегі бірлікті күшейтеді. Ал бірлік пен тәртіп бар жерде білім сапасы да жоғарылайтыны сөзсіз.

Өткенге көз жүгіртсек, еліміз еңсесін енді тіктей бастаған 90-шы жылдары бүгінгідей дүкен сөрелері толы тауар жоқ еді. Матаның өзі тапшы болатын. Соған қарамастан ата-аналар қолдарынан келгенше ұл-қызын қатарынан қалдырмай, барын киіндірді. Бірінің киімін екіншісіне кию – әдеттегі жағдай еді. Мұндайда ешкім ешкімді сөкпейтін, қайта балалар өзара түсіністікке, бауырмалдыққа үйренді.

Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Қалағаның – базарда да, бутикте де, интернет дүкендерде де тұр. Тек қалтаң көтерсе болғаны. Дегенмен баланы жыл сайын қымбат, сәнді брендтермен киіндіру – оны қатарынан қалдырмаудың жалғыз жолы емес. Бұл көбіне ата-ананың өз амбициясын қанағаттандыруы ғана болуы мүмкін. Баланың болашағына салынған ең үлкен инвестиция – оның сапалы білім алуы мен сұранысқа ие мамандық иесі атануы. Киім – тек сыртқы көрініс, ал білім – өмірлік капитал.

d39e5e17 5bd9 40df 8547 a3c661edc49c

Сондықтан қымбатшылық қысып тұрған қазіргі кезеңде қолда бардың қадірін білу – ақылдылық. Киімді ұқыпты киюге, барды үнемді пайдалануға үйрету – баланың да, ата-ананың да жауапкершілігі. Себебі сәнқойлық пен ысырапшылдық өткінші, ал қанағатшылдық – өмір бойы серік болатын қасиет. Расында да, қанағат қарын тойдырады.

Перзентінің киімі бүтін, қарны тоқ болса, ата-ана да алаңсыз болады. Сол себепті базардағы бақылаусыз қымбат бағаға бола еңсе түсірудің қажеті жоқ. Қазіргі кезеңде қоғамның қолдауына мұқтаж отбасылар аз емес. Мұндайда әрбіріміз, әсіресе ауқатты, жомарт жандар, тым болмаса бір отбасыға көмек қолын созса – бұл үлкен сауапты іс болар еді. Есіңізде болсын, сіздің аз ғана көмегіңіздің өзі кішкентай жүректерге шексіз қуаныш сыйлай алады. Ал көп түкірсе – көл болары анық.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

* Сіз не дейсіз?

Нұрғаным Шынтасова,

зейнеткер:

Бірінің киімін бірі киетін…

– Біздің жастық шағымызда тұрмыс жеңіл болған жоқ. Мемлекет енді ғана еңсесін тіктей бастаған жылдары балаларым мектепте оқып жүрді. Аралары жас жағынан жақын болғандықтан, бірінің киімін біріне кигізіп, қолда барды тиімді пайдаландық. Соның өзінде ешқайсысы қатарынан кем болған жоқ. Үлкеніне қолдан тігіп берген киімді кішісі киіп өсті. Ол үшін ешкім сөккен емес. Тіпті бір жолы қызыма ақ фартук таба алмай, үйдегі терезенің пердесінен тігіп бергенім есімде.

Қазір, шүкір, дүкендер толы, таңдау мол. Ақшаң болса қалағаныңды аласың. Дегенмен әр балаға жыл сайын жаңа киім алып беру міндет емес. Кішкентайынан-ақ бала киімге ұқыпты, үнемді болуды үйренуі керек. Ата-ана да қолда бардың қадірін біліп, жоқтан бар жасап үйренгені жөн. Өйткені жыл сайын киім ауыстыру – бұл тек сәнқойлық емес, нағыз ысырапшылдықтың белгісі.

Мектеп формасын таңдаудағы негізгі ұсыныстар:

* Заттаңбадағы таңбалауды мұқият зерттеңіз. Онда өндіруші елдің атауы мен киім күтімі туралы ақпарат жазылуы керек;

* Матаның табиғи материалдан тігілгеніне назар аударыңыз;

* Матаның исіне мән беріңіз. Исі күшті әрі өткір киімге әуес болмаңыз. Күшті иіс – зиянды химиялық затқа тән;

* Өлшемін дұрыс таңдау да маңызды. Мектеп киімі баланы ұялтпауы керек, киюге ыңғайлы болғаны абзал;

* Киім астары тек табиғи матадан болғаны жөн. Өйткені астары бала денесіне тиіп тұрады;

* Міндетті түрде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етіңіз!

Саудагерлердің оңай олжасы

Байқағанымыз, мектепке қажетті кеңсе тауарларының бағасы әр дүкенде әртүрлі. Бір тауардың құны жер мен көктей алшақтықты 

көрсетеді. Мысалы, жай дәптер бір жерде 40 теңге тұрса, екінші 

жерде – 50 теңге. Ал 48 беттік қалың дәптердің ең арзаны 250 

теңгеден басталады. Сызғыш – 200 теңге шамасында, қалам болса 

50 теңгеден бастап, сапасы мен түріне қарай қымбаттай береді. Саудагерлердің кейде көңілдері соққан бағаны қоя салатыны да жасырын емес.

Жақында әріптесіміздің бірі осыған дәлел болатын жағдаймен бөлісті. 

Қаладағы «Мұрагер» сауда үйінде жүріп, асығыс бір қаламды

200 теңгеге сатып алады. Көлікке отырғанында қасындағы жұбайы 

бұл қаламның шын бағасы әрі кетсе 50 теңге екенін айтады. Ол бастапқыда сенбегенімен, әйелінің ұсынысымен екеуі қайтадан сауда үйіне кіріп, басқа нүктелерді аралап көреді. Айтқандай-ақ дәл 

сол қалам басқа сөрелерде 50 теңгеден сатылып тұрғанын көргенде таңырқап қалады.

Осыдан кейін әріптесіміз бір нәрсеге көз жеткізіпті: баласының мектепке керек-жарағын бірге барып алмайтын, бағалардан бейхабар ер адамдар саудагерлердің оңай олжасына айналуы мүмкін екен. Демек, саудаға шыққанда бағаны салыстырып, қайдан, қаншаға алып жатқаныңды қадағалау – артық шығыннан құтылудың ең қарапайым жолы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button