Ауылдағы қорқынышты ғимарат
Құрманғазы ауданының орталығындағы бұрынғы кинотеатр ғимараты (суретте) ұзақ жылдардан бері қаңырап бос тұр. Ауыл тұрғындары есік-терезесі сынған бұл мекеннің бүгінде қаңғыбастардың жиналатын орнына айналғанын, сондықтан балалары үшін алаңдайтынын айтып, дабыл қағуда.
– Ауылымыздың қақ ортасында орналасқан осы ғимаратты көрген сайын көңіліміз құлазиды. Кезінде атағы дүркіреген кинотеатр болған жер, халық күн сайын ағылып кіретін құтты орын еді. Қазір ғимарат жекеменшікке өткен. Қожайыны қайта қалпына келтіруге қам жасар емес. Қолға алып, не өздері кәдеге асырмайды, не жұмыс істейтін азаматтарға бермейді. Ақиқатында, бұл жөндеу жұмыстарын жасаса, бизнес ашуға қолайлы жер ғой. Әрі ауданның нақ ортасында орналасқан,-дейді құрылыс саласының ардагері Елдос Бектеміров.
Соңғы кездері Құрманғазы ауылдық округінде біраз жұмыс жасалып жатыр. Тал-теректер егіліп, жолдары асфальтталып, көшелері жарықтандырылуда. Алайда, ауылдың архитектуралық ажарын кетіріп тұрған әлгіндей де ғимараттар кездеседі. Бұл туралы сұрағанымызда ауылдық округ әкімі Абдуррахман Муса осы мәселені шешуге жұмыстанып жүргенін айтты. Қаңырап, пайдаланылмай тұрған нысандарды бұзу бойынша аудан әкімдігінде бірнеше мәрте жиналыс өткізіліп, қоғамдық кеңес отырыстарында да талқылау жүргізілген. Бірақ, істің қиюы келмей тұрған көрінеді.
Құрманғазы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, апатты ғимараттың иесі Өміржан Нұрланұлына бірнеше рет хат жазылып, ескерту жіберілген. Бұл нысанды мемлекет меншігіне өткізу үшін келіссөздер жүргізілсе де, меншік иесі ешқандай іс-әрекет жасамапты. Округтік әкімшілік кәсіпкердің үстінен аудандық ішкі істер бөліміне шағым да түсірген көрінеді. Бірнеше рет айыппұл да салынған. Бірақ, оның нәтижесі байқалмай тұр.
Бүгінде көзге қораш көрінетін екі қабатты ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Қабырғалары сынған. Қоршалмағандықтан айналасы да қопырап шашылып жатыр. Осы жағдайдың нақты қашан шешімін табатыны белгісіз.
Біз мәселенің мәнісін білмек болып, нысанның иесіне хабарласқанбыз. Алайда, ол кісі иесіз қалған кинотеатр туралы айтуды қаламады. …Ал, әзірге жергілікті атқарушы орын өкілдері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы орынның айналасында тұрақты түрде рейд жүргізуде. Одан өзге олардың амалдары да қалмаған секілді-ау?!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Құрманғазы ауданы