Жарнама
Әлеумет

Атырауда ерекше балаларға арналған жоба нәтижесін берді

Облыста әлеуметтік маңызы зор «Ерте араласу» жобасы табысты жүзеге асырылылып жатыр. Бұл жоба — «БолашақК» қоғамдық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қолға алынған бастама. Мақсаты — үш жасқа дейінгі балаларға ерте оңалту көмегін көрсету.

Жоба іске қосылған үш жыл ішінде 243 бала оңалту ем-шараларынан өтті, ал соңғы үш айда 51 бүлдіршін ем қабылдаған. Бүгінде оң нәтижеге қол жеткізген балалардың құрметіне арналған тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Теңізшевройл» компаниясының мемлекеттік органдар және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полс қатысты. Ата-аналар бұл жобаның негізгі демеушісі ретінде Хэймиш Полстың адамгершілік қадамын жоғары бағалап, тұсау кесу құрметін ұсынды. Қазақ дәстүріне ерекше ілтипат білдірген шетелдік мейман «Қаз-қаз, балам!» деп ақ бата беріп, рәсімге қатысты.

Жиын барысында «Ерте араласу» жобасының жемсін көріп, салтанатты жағдайда тұсауы кесілген Зейін Абылайханұлының анасы Аида Сұлтанғали ризашылық білдіріп, алғыс айтты.

— Ұлым Зейін бір айлығында сырқаттанып, инсульт алған еді. Бізді дәрігер Әсем Мырзабекқызы қабылдап, баламның өмірге деген ұмтылысын байқап, оның аяққа тұратынына сендірді. Ақ халаттылардың кеңесімен осы оңалту мекемесіне жүгініп, бір жыл бойы үздіксіз ем-шаралар қабылдадық. Қазір балам дертінен құлантаза айықты. 12 отаны артқа тастап, мықтылық танытты, — деді А.Сұлтанғали.

Айта кету керек, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатындағы бұл іс-шараны «Асыл мұра» және «Қазақия» қоғамдық қорлары бірлесіп ұйымдастырды.

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button