Атырауда еңбекқор жандар ұлықталды
Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн – адал, іскер, жауапкершілікті, білімпаз, және әрдайым жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тырысатын еңбек адамының қасиеттерін дәріптейтін ерекше сәт.
2013 жылдан бері аталып өтіліп келе жатқан бұл мереке мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор жандарды бағалауға арналған. Атырау энергетика және құрылыс колледжі мен Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Еңбекпен тапқан бақытын» атты еңбек ардагерлерімен кездесу кеші осы мерекенің жарқын үлгісін көрсетті.
Кездесуде еңбек майталмандары, оның ішінде ардагер ұстаз Жібек Мәлікқызы, теміржол саласының ардагері Мамай Сембайұлы және еңбек ардагері Мәрия Шырақпайқызы өздерінің еңбек жолдары мен жетістіктері туралы баяндап, жастардың сұрақтарына жауап берді. Бұл іс-шара жастар арасында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру, оларды ынталандыру және еңбек қоғамының құндылықтарын насихаттау мақсатында өткізілді.
Еңбек күнінің мақсаты – жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және жастарға еңбектің маңыздылығын түсіндіру. Ал бұл күнді атап өтудің негізгі міндеті – өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, сонымен қатар жұмысшы әулеттерінің дәстүрлерін нығайту.
Жиын соңында арнайы шақыртылған қонақтарға кітапхана атынан Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды. Аталған басқосу еңбек адамына деген құрметті арттырып, жастарды еңбек етуге, адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелеудің нағыз символы болды.
Тоғжан ЕРМЕК