Атырауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Атырау қаласында кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл іс-шараны қалалық жастар ресурстық орталығы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесе өткізді. Жәрмеңкенің басты мақсаты – жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасау және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Жәрмеңкеге 50-ден астам кәсіпорын мен мекеме қатысты. Олардың қатарында «Болашақ Атырау», «Шлюмберже Лоджелко ИНК», «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС, «Атырау жылу жүйелері», «Атырау жарық» АҚ, «КазТрансОйл», облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті және тағы басқа мекемелер бар. Бұл ұйымдар жұмыс іздеушілерге жалпы саны 300 бос жұмыс орнын ұсынды.
Бос орындар негізінен мұнай саласы, вахталық жұмыс, өрт сөндіру, мұғалімдік және техникалық бағыттарды қамтыды. Сонымен қатар, құрылысшыларға, дәрігерлерге және мұғалімдерге сұраныстың жоғары екені байқалды. Жәрмеңкеге келген 1500-ге жуық адам түйіндемелерін тапсырып, түрлі компания өкілдерімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 30-ға жуық жәрмеңке өткізіліп, 2 800-ден астам жұмыссыз азамат түйіндемелерін тапсырған. Олардың ішінде 1 000-ға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Осындай жәрмеңкелер — жұмыссыз жүрген жандар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.
Дәулетқали АРУЕВ
Жұмыс іздеп жүрмін бос жұмыс орындары болса кез келген жұмысқа
Байланыс номер:8 771 112 5108