
Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауда
Өңірде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар бағаны тұрақтандыру және қала тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр. Ол туралы Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мониторинг нәтижесінде негізгі азық-түлік тауарларының бағасы төмендеген. Атап айтқанда, І сұрыпты ұн 204 теңгеден 198 теңгеге түсіп, 2,9%-ға арзандаған. Сонымен қатар С1 санатты 10 дана жұмыртқаның құны 519 теңгеден 462 теңгеге дейін түссе, күріш 489 теңгеден 432 теңгеге төмендеген.
Әлеуметтік маңызы бар ұн мен жұмыртқа сынды өнімдер қаладағы жергілікті кәсіпорындарда өндіріледі. Ұнмен «Карат» ЖШС, «Дәулет Нан» және «Желаев астық өнімдері комбинаты» ЖШС қамтамасыз етсе, жұмыртқаны «Дәулет құс» фабрикасы өндіреді. Бұл фабрика айына 4,5 млн жұмыртқа шығару қуатына ие. Ал күріш көршілес Ресей Федерациясынан және Қызылорда облысынан жеткізіледі. Қазір бұл өнімдер «Идеал», «Лидер», «Payda» супермаркеттерінде арзан бағада сатылып жатыр, — деді А.Ерубаева.
Сондай-ақ Алтынай Ерубаева тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында сенбі және жексенбі күндері екі мекенжайда жәрмеңке ұйымдастырылатынын атап өтті. Жәрмеңкелерде өңірде өндірілген ет, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер қолжетімді бағамен ұсынылады. Ал кәсіпкерлер өз өнімдерін «Мұнайшы» спорт кешені мен «Сарайшық» коммуналдық базарының алдында өтетін жәрмеңкелерде сата алады. Олар үшін шатыр, арнайы киім және мекеме атауы жазылған табло тегін беріледі.