
Атырауда 48,6 млн. теңге жалақы берешегі өтелді
Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздегі 66 кәсіпорында 1,7 мыңнан астам жұмыскерге 672 млн. теңге көлемінде жалақы бойынша берешек барын анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығының бұзылуына қатысты 2,3 мың дерек тіркелген. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытында Атырау облысында да бірқатар жұмыс жүргізілуде.
Облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы азаматтардың өтініштерін қарап, олардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында нақты шаралар қабылдауда.
Азаматтардың шағымдары негізінде жүргізілген тексерулер мен қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 мекемеден 11,4 млн. теңге көлеміндегі жалақы берешегі өндіріліп, 14 жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Сонымен қатар тексеріс жүргізбестен, жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 18 жұмысшыға 37,2 млн. теңге көлемінде жалақы төленіп, өтініштер қанағаттандырылды.
2025 жылдың алғашқы төрт айында департаментке 788 өтініш тіркелді (2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 802). Оның 752-сі қаралып, нәтижесінде 402 азаматтың еңбек саласындағы конституциялық құқықтары қорғалды.
Еңбек инспекторлары 93 тексеріс жүргізіп, 99 заң бұзушылықты анықтады (2024 жылы – 58 тексеріс, 35 заң бұзушылық). Бұл бұзушылықтардың алдын алу және жою мақсатында жұмыс берушілерге 62 нұсқама беріліп, 47 заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 8,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 827 азаматқа құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар еңбек саласындағы өзекті мәселелер бойынша облыстық телеарнада үш рет сұхбат беріліп, басылымдарда 9 мақала жарық көрді. Жыл басынан бері 7 семинар, 3 “дөңгелек үстел” және жұмыс берушілер мен жұмысшылардың қатысуымен 70 кездесу ұйымдастырылды.
Еңбек шарты, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың еңбегі мәселелері бойынша 3 бейнеролик әзірленіп, жарияланды. Барлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі («Facebook», «Instagram») ресми парақшаларда тұрақты түрде жарияланып отыр.
Бұл жұмыстар өңірдегі еңбек қатынастарында заңдылықты қамтамасыз етуге, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Игілік ӘУБӘКІРОВ,
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы