
Атырауда 3 600-ден астам жұмыссыз оқуға тартылды
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Атырау облысында 3 600-ден астам жұмыссыз азамат оқыту бағдарламаларымен қамтылды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан (2024 жылы 3166 адам). Бұл жөнінде Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
– Біздің мақсатымыз – еңбекке қабілетті жандарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру. Жаңа кәсіби дағдыларды игерген азаматтар өндірістік тәжірибеден өтіп, арнайы жұмыс орындарына жолдануда. Бұл – облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендетудің тиімді тәсілі, – деді басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері онлайн форматта жүзеге асқан «Skills» жобасы аясында 2 200-ге жуық адам білім алған. Ал кәсіпкерлік негіздеріне арналған «Бастау-Бизнес» жобасына 1 300-ден астам адам қатысқан. Жергілікті бюджет есебінен ұйымдастырылған қысқа мерзімді курстарды 31 адам тәмамдады. Сонымен қатар «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 95 адам APEC колледжінде дәнекерлеу, электромонтаж, құбыр және бақылау-өлшеу құралдарын орнату бағыттары бойынша қысқа мерзімді оқуларын аяқтады.
Оқуды сәтті тәмамдағандардың бір бөлігі жұмысқа орналастырылып, арнайы жобалар шеңберінде қолдау тапқан. Атап айтқанда, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беру жалғасуда. Биыл маусым айында 144 адам осындай мемлекеттік грантты иеленген.
Айта кетейік, бұл шаралар аясында тек оқыту емес, кәсіптік бағдар беру де жүзеге асырылуда. Сондай-ақ 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.