Атырау облысының 100 зейнеткері шипажайда тегін емделіп қайтты
«Теңізшевройл» Атырау облысы мен Жылыой ауданының тұрғындарына қолдау көрсетуді жалғастыруда.
ТШО қолдауымен 2023 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы қазанға дейін «Атырау» шипажайында Атырау облысының 100 зейнеткері демалып, денсаулығын жақсартты. Олардың ішінде Жылыой ауданынан 53 зейнеткер қамтылды.
Бұдан басқа, 2024 жылы «Теңізшевройл» Құлсары қаласының орталық аудандық ауруханасына жабдық сатып алуға демеушілік көмек көрсетті. Атап айтқанда, медициналық мекемеге жалпы құны 53 млн. теңгеден асатын күйікке шалдыққан науқастарға арналған реанимациялық төсек берілді, — деді Жылыой ауданындағы ТШО ресми өкілі Нұрлан Ерғалиев.
Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасына өңірдің медициналық мекемелеріне 300 ноутбук табысталды. Жылыой аудандық орталық ауруханасына қосымша 200 ноутбук сатып алынды.
Сондай-ақ 2024 жылдың соңында ТШО компаниясының бизнес-серіктестерінің бірінің демеушілік қаражаты есебінен Құлсары қаласының отбасын қолдау орталығына 1 шағын автобус пайдалануға берілді.