Атырау облысында 2025 жылы 9 мыңдай адамға АӘК берілу жоспарланып отыр
Өткен жылы облыстағы аз қамтылған 849 отбасының 5000-нан астам мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бюджеттен 560 млн теңгеге жуық қаржы төленді. Оның ішінде 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 1400-ден аса балаға тағайындалған 72,8 млн. теңгелік қосымша төлем бар. Ал биыл атаулы әлеуметтік көмек Атырау облысының 9 мыңға жуық тұрғынына көрсетілу жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 812,3 млн. теңге қарастырылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жасұлан Бисембиевтің сөзінше, былтыр 2023 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын өңір тұрғындарының саны шамамен 18%-ға төмендегенмен, берілген көмектің көлемі артты.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қолдау жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 22 мыңнан аса жан әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес бір жолғы әлеуметтік төлем жұмысы жолға қойылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар ересек жандарға жылына екі мәрте 77 мың, ал балаларға жылына үш рет 105 мың теңге көлемінде қосымша қолдау көрсетіліп отыр,- деді Ж.Бисембиев.
Жалпы өңірде 2024 жылы 70 мыңға жуық зейнеткер, асыраушысынан айырылған 8 мыңға жуық азамат және 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы әлеуметтік төлеммен қамтылған.