
Атырау облысына шетелден 169 этникалық қазақ қоныстанды
2025 жылдың 1 шілдесіне дейін Атырау облысына шет мемлекеттерден 122 отбасы (барлығы 169 этникалық қазақ) тұрақты мақсатта қоныс аударып, қандас мәртебесін алды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Келген қандастардың басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан (127 адам). Сондай-ақ Ресей Федерациясынан 22 адам, Түрікменстаннан 12 адам, Қытай Халық Республикасынан 7 адам және Моңғолиядан 1 адам қоныс аударған. Олардың 153-і Атырау қаласына, 7-еуі Жылыой ауданына, 8 адам Құрманғазы ауданына және 1 адам Мақат ауданына орналасты.
- Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында биыл облысқа 100 адамға квота бөлінді. Бүгінге дейін комиссия шешімімен 56 отбасы (90 адам) квотаға енгізілді. Олардың ішінде 63 адам – Өзбекстаннан, 10 адам – Қытайдан, 10 адам – Ресейден, 7 адам – Түрікменстаннан. Көші-қон шығындарын өтеу мақсатында 81 адамға 70 АЕК мөлшерінде 22 294 440 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. Бұдан бөлек 6 отбасындағы 13 адамға тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдер үшін 20-25 АЕК мөлшерінде – 727 420 теңге көлемінде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалды,- деді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.
Сонымен қатар заңда көрсетілген мерзімге сәйкес 15 қандастың мәртебесі 6 айға ұзартылды. Олардың ішінде 13 адам – Өзбекстаннан, 1 адам – Моңғолиядан, ал 1 адам Түрікменстаннан келген.
Қазір облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы тұрақты жұмыс істейді. Мансап орталықтарына жүгінген 10 қандастың 5-еуі әлеуметтік қолдауға ие болды: 2 адам тұрақты жұмысқа, 2 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылып, 1 адам қайта даярлау курсына жіберілді.
Атырау облысында қандастарды қолдау бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасуда. Бұл – елге оралған отандастардың жаңа ортаға бейімделуіне жасалған нақты қолдау.