Жарнама
Әлеумет

Асылай ашқан бизнес

Қай уақытта да бала бағу оңай шаруа болған емес. Әсіресе, қазіргі заманда жұмысбасты ата-ананың басты уайымы сол. Олардың арасында ата мен әжеге арқа сүйеп отыратындары аз. Өйткені, баяғыдай бала бағып, елжіреп ертегі айтып, еміреніп отырған үлкендердің қатары сирек. Амалсыздан жұрттың көпшілігі балабақша мен бала бағып-күту қызметімен айналысатын агенттіктерге балаларын сеніп тапсыруға мәжбүр.

Сериал серпін берді
Атыраулық Асылай Темірғалиеваның негізгі мамандығы – мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі. Ол осыдан он жыл бұрын балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істей жүріп, қосымша бала күтуші болып табыс тапқан. Содан бері бала бағумен айналысып, нарық сұранысына ие болған. Балаларды жақын тұтып, жақсы көретін ол көп ұзамай бала күтуші қызметін ашу туралы көп ойланыпты. Бастапқыда оған ойы орындалмастай көрінген.
Бір қызығы, жыл жарымдай уақыт бұрын «Бизнес по-қыздарски» атты қазақша сериал көреді. Бас кейіпкер ауқатты отбасының үйіне бала күтуші болып жұмысқа тұрып, өзіне бейтаныс кәсіптің кілтін ашады. Асылайдың агенттік ашуға деген сенімі осыдан соң қалыптасқан. Қарамағындағы жаңа келген күтушілерге тәжірибесін бөлісе жүріп, өзі де білім көкжиегін кеңейте түседі.
Бүгінде «Asyl nunny» агенттігінде 40-қа жуық күтуші жұмыс істейді. Агенттік басшысының айтуынша, жұмыс тәртібі тиімді кестеге құрылған.
– Жұмыс кестесі күтушілер мен ата-аналарға қолайлы. Қызметшілерге бес күн бойы сегіз сағаттық жұмыс аптасы белгіленген, сосын өз қалауына қарай сағаттық немесе жұмыс уақытынан тыс жұмыстарға да шыға алады. Қаласа екеуін бірге алып жүруіне де болады. Агенттікте балабақшаның тәртібіндей, математика, тіл дамыту, сенсорика, нейрогимнастика, жапсыру, қоршаған ортамен танысу секілді бірнеше саланы қамтып, сабақ өткіземіз. Балаға ұялы телефон беріп отырғызып қоймай, қауіпсіздігін де өз жауапкершілігімізге алдық. Баланы жасына сай дамытуға тырысамыз. Таңертең жұмысқа келген күтуші киімін ауыстырып, гигиена ережелерін орындайды. Егер сол уақытта бала ұйықтап жатса оның ойыншықтарын жинастырып, сөресіндегі киімін реттеп, таза киімдерін үтіктеп қояды. Бала оянғанда онымен танысып, таңғы асын беріп, әрі қарай таңғы серуенге шығарады. Баламен тіл табысып, онымен жақын қарым-қатынас жасауға тырысады. Қоршаған ортамен таныстырып, оларды бірге талқылайды. Әрі қарай апталық кестеге сай сурет салу, гимнастика секілді сабақтар жүргізеді. Сабақтарды бір сарындылықтан гөрі қызықтыру тәсілімен ұйымдастырады. Осылайша күтушілер балаларға сандар мен сөздерді үйретіп, ойын еркін жеткізуге көмектеседі, — деді А.Темірғалиева.
Бала күтуші қызметі нарықта сұранысқа ие болғанмен, балалармен жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті талап етеді. Олардың мінез-құлқы, отбасындағы тәрбиесі әртүрлі болғандықтан әрқайсысының тілін табу – қиынның қиыны.
Асылай күтушілерді жұмысқа қабылдағанда жеке тілдесіп, егжей-тегжейлі мағлұматын біліп отырады екен. Агенттікке жұмысқа тұру үшін педагогикалық білімі болмаса да, адаммен жайдары қарым-қатынас маңызды роль атқарады. Өйткені, бала кез келген адамға ашыла қоймайды. Сондықтан, күтуші баланың көңіліне жол табуы керек.

Агенттіктің ерекшелігі
Қызметкерлер негізінен балаларды үйлерінен қарайды. Кейде баланы өз үйіне апаратын жағдайлар да кездеседі. Білгеніміздей, «Asyl nunny» агенттігінің дәстүрлі балабақшалардан ерекшелігі көп.
– Бала өз үйінде болғандықтан ортаға сіңісе алмайды, ауру жұқтырып алады деген қорқыныш сейіледі. Өйткені бала өзінің үйренген ортасында болып, күнделікті ойнайтын алаңында ойнап, ұнатқан тамағын жей алады. Іші пысатындай ахуал жоқ. Күтуші сенімді адам болғандықтан, ата-ананың балаға өктемдік жасап, немқұрайлы қарау жөнінде ата-ананың қорқынышы болмайды. Кейде балалар өз ата-анасынан гөрі күтушіге бауыр басып қалатын жағдайлар да кездеседі. Қызметкерлер өзара апалы-сіңлідей қарым-қатынас жасап, қашанда бірін бірі қолдап отырады. Сол үшін оларға дән ризамын. Шағын ғана ұжымда әріптестермен көңілді іс-шаралар ұйымдастырып, олардың білімін арттыруды да естен шығармаймыз. Әрқашан оларға түрлі мамандармен курстар, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Осы айда дәрігер-педиатрмен шеберлік сабағымыз жоспарланған, — деді агенттік басшысы.

Асылай әңгіме барысында әлі көпшілікке ашып айтпаған жаңалығын да жасырып қалмады. Жуырда ғана «Asyl nunny» агенттігі ұзақ жылдан бері күткен патентін алып, қызмет алушылардың санын көбейтіпті. Содан болса керек, Атырау қаласын ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан да агенттік құрылымдарын ашуды қолға алуды көздейді. Іскер келіншектің сөзінше, ол күн де қашық емес көрінеді. Қазір облыс орталығын қамтып отырған агенттік Ақтау қаласынан филиал ашуға ниетті. Өйткені, сол өңірден сұраныс көп екен.
Бүгінде 16 баланы тұрақты күтімге алған агенттік одан бөлек күніне санаулы сағатқа да қызмет көрсетеді. Әсіресе мейрам күндері балдырғандардың саны көбейеді екен. Кейде бір күтуші бірнеше балаға бас-көз болса, бірнеше күтуші жиналып ұжымдық отырыстарда балаларға қарайтын да сәттер болады.
Әрине, қай істің де өз қиындығы бар. Сондай қиын күндерді бастан кешкен Асылайға бастапқыда күтушілерді жинау оңайға соқпаған. Ол кезде оған іріктеуді ерекше сыннан өткізіпті.
– Әуелі үміткерлерді балаларымды қарауға жіберіп, кейін солардың пікіріне құлақ түремін. Бала деген барометр сияқты ғой, қай күтушінің қалай қарағанын, қалай сөйлескенін бұлжытпай айтады. Расында да балаларымның айтқаны дұрыс болып шығатын, олар біз түсінбейтін затты түсінеді, жүрекпен ойлайды. Қазір қызмет алушылардың сұранысы толық қанағаттандырылып отыр. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, дами бергенді құп көреміз. Қызметтегі қыздарыма әркез көмектесуге тырысамын, жеке мәселесіне қатысты көмек сұраса қолымнан келген жәрдемімді аянып қалмаймын, — деп Асылай Нұржанқызы ағынан жарылды.
Биыл «Asyl nunny» агенттігі жыл үздігі аталымына ие болып, жылдан астам уақыттан бергі еселі еңбек ақталыпты. Әлбетте, бәсекелестік бар жерде ғана даму болатыны анық. Облыста бұл агенттіктен өзге де ұжымдар болғанмен, олардың ісі алға баспай, жұмыстарын тоқтатқан. Агенттік басшысы қай істе де бәсекелестіктің болғанын қалайды. Сонда ғана әрқайсысы сапалы қызмет көрсетуге ұмтылады да, таңдауды қызмет алушының өзі жасайды.
Бүгінде Асылай Нұржанқызы агенттіктен бөлек «Asyl cleaning» тазалық компаниясының да жұмысын жүргізеді. Бала күтуші болып жүргенде, жас аналар демалыс күндері үйін жинап беруін өтінеді екен. Қосымша табыс көзінің артық етпейтіні түсінікті, содан бұл салаға да білек сыбана кірісіп кетеді. Сұраныс ұсынысты қалыптастырады емес пе, қазір компания кәсіби түрде дами бастады. Бұл жұмыстарға отағасының да қолдауы мен көмегі орасан зор. Компанияның қызметіне даяшы, ыдыс жуу, жөндеуден кейінгі тазалау, терезелерді жуу, жеңіл тазарту жұмыстары кіреді. Бұдан да қызмет алушылар тарапынан оң пікір қалыптасып үлгерген.
Иә, табысқа жетудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан талапты замандасымыздың бұл ісіне сүйсінбеске лаж жоқ.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button