
«Анаға қолдау»: Үшжақты ынтымақтастыққа жол ашылды
Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі іс жүзеге асты. «Анаға қолдау» жобасының жетекшісі Серік Қамидоллаұлы Атырау облысының тиісті мекемелерімен бірлесе отырып, қиындыққа тап болған әйелдерге жан-жақты көмек көрсету жолында маңызды қадам жасады.

Атырау қалалық пробация қызметі бөлімі, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», «Отбасын қолдау орталығы» және «Анаға қолдау» жобасы арасында өзара әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қойылды.

-Бұл келісім аясында өмірлік қиындыққа тап болған әйелдерге кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, оларға психологиялық кеңес беру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қаржылық білім беру, рухани және мәдени даму мүмкіндіктерін ұсыну, денсаулық сақтау мен спорттық шараларға қатысуға жағдай жасау, кәсіпкерлікке баулу және мотивациялық қолдау көрсету сынды маңызды қызметтер тегін ұсынылады. Әр ана – мейірім мен қамқорлыққа лайық. Біздің ортақ күш-жігеріміз арқылы олардың өміріне жарық пен үміт сыйлай аламыз, — дейді ұйымдастырушылар.
Аталған бастама тек құжат жүзінде ғана емес, нақты істермен жүзеге асатын әлеуметтік жоба ретінде қарастырылып отыр. Бұл меморандум тағдырдың қиын сынағына тап болған аналарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Майра ЕРҒАЛИ