Альфия ТӨЛЕҒАРИЕВА: “Әрбір адамға тең мүмкіндік жасау — басты мақсатымыз”
3 желтоқсан – Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні. Бұл күн ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шараларды насихаттауға арналады.
Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен әлеуметтік бағдарламалардың нәтижелері қандай? Атаулы күнге орай осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариевамен сұхбаттасқан едік.
– Альфия Байғанинқызы, Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күнінің ең басты ерекшелігі неде? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
–Сұрағыңыз өте орынды. Рас, бұл жай күнтізбелік дата ғана емес, қоғамның жүрегіне үңілуге, ерекше қажеттіліктері бар жандардың мұң-мұқтажын түсінуге арналған ерекше күн. Бұл күн – мүгедектігі бар адамдардың тек көмекке мұқтаж емес, өз таланты, күш-жігері мен қайсарлығымен қоғамның маңызды мүшесі екенін еске салатын мүмкіндік.
Бұл күннің ерекшелігі – әр адамның өмірде тең құқылы екенін мойындату, олардың алдындағы кедергілерді жоюға баршамызды шақыру. Ол тек көмек көрсетумен шектелмей, мүгедектігі бар адамдардың жанайқайын, үнін естіп, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жол ашу арқылы шынайы инклюзивтілікті насихаттайды.
Бұл – мейірімділік пен қолдаудың символына айналған күн. Осы күн әрқайсымызды ойландырып, өзгеге қолдау көрсетудің тек бір күнмен шектелмей, өміріміздің бір бөлігі болуы керектігін түсінуге шақырады. Бұл – жүректерді біріктіретін күн.Сондықтан жер жаһанда мейірімділік деген жақсы қасиеттің кеңінен қанат жаюына осындай даталар да өз септігін тигізіп тұрары сөзсіз.
–Ал бүгінде облыста мүгедектігі бар адамдарға қандай қолдау шаралары жүзеге асырылуда?
– Атырау облысында барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар саны – 25 459. Оның ішінде бірінші топтағы – 2 713, екінші топтағы – 9 335, үшінші топтағы – 8 943, ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 4 468.
Бұл көрсеткіштердің ішінде 803 адам кресло-арбаға таңылған, 3 215 адам көру қабілетінде, 1 135 адам есту қабілетінде мәселелері бар.
Бұл адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер үш мекеме арқылы көрсетіледі. Атап айтқанда, «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», яғни Сарайшық жүйке-неврологиялық интернатынде 310 адам орналасқан. Психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған интернат – №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 110 адам бар. Ал қарттар мен мүгедектерге арналған «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 111 адамға қызмет көрсетілуде.
Сондай-ақ, облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы қызмет жасайды. Жалпы алғанда, жыл басынан бері 640 адам осы мекемелерден қызмет алды.
– Техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қолдау жайлы да айтып өтсеңіз...
– Биыл 1 қарашаға дейін мүгедектігі бар 20 419 адамның өтініші тіркеліп, оның 17 300-і немесе 84,7%-ы қажетті техникалық құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде: 6 677 адам міндетті-гигиеналық құралдармен, 4 578 адам санаторий-курорттық қызметтермен, 2 287 адам протездік-ортопедиялық жабдықтармен, 1 407 адам тифлотехникалық құралдармен, 1 014 адам жеке көмекші қызметтерімен, 618 адам сурдотехникалық жабдықтармен және 213 адам ымдау тілі қызметтерімен қамтылды.
Сонымен қатар, облыс бойынша 126 инватакси қызметі ұйымдастырылды. Оның 13-і арнайы жабдықталған. Биыл инватакси арқылы 2 867 мүгедектігі бар адамға 177 374 тасымалдау қызметі көрсетілді.
– Әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында биыл мүгедектігі бар адамдар үшін 470 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу жоспарланды. Бүгінгі күні 159 нысанбейімделіп, қолжетімді етілді. Соңғы уақытта салынып жатқан жаңа жолдар мүгедектігі бар адамдар үшін де ыңғайлы етіп жасақталуда. Тас жолдарда рнайы бағдаршамдар мен жүру жолақтары бірге орнатылып жатыр. Жаңа қоғамдық көліктер де мүгедектердің кіріп-шығуына ыңғайластырылған.
Бұған қоса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында №1, №3, №4 әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен мүгедектерді сауықтыру орталығына барлығы 171 бейнебақылау камерасы орнатылып, ішкі істер органдарының жедел басқару жүйесіне қосылды.
– Мемлекеттік әлеуметтік көмек қандай деңгейде жүзеге асырылуда?
– 2021 жылдан бастап, мүгедектігі бар балалар мен ересектерге жыл сайынғы біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Биыл Конституция күніне 18 жасқа дейінгі балаларға 50 мың теңгеден, Қазақстан халқының бірлігі күні мен Республика күніне 7,5 АЕК мөлшерінде (27 690 теңге) көмек төленді. Сонымен қатар, үйде білім алатын мүгедек балалардың шығындары өтеледі. Биыл 1 қазанға дейін 402 балаға 38,6 млн. теңге төленді.
–Бүгінде мүгедектігі бар жандардың қоғамдық орындарда емін-еркін жүріп тұруында қиындықтардың кездесіп жататыны рас. Әсіресе пандустардың дұрыс орнатылмауы біраз кедергі келтіреді. Бұл мәселе қаншалықты шешімін табуда?
–Жасыратыны жоқ, осы мәселе бүгінде өте өзекті. Әрине, мүгедектігі бар адамдардың көшеде еркін жүріп-тұруы үшін инфрақұрылым толыққанды дамуы қажет. Облыста осы бағытта бірқатар жұмысжүргізілуде. Жоғарыда айтқанымдай, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында биыл 470 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу жоспарланған болатын, оның ішінде пандустар мен басқа да арнайы құрылғыларды тиімді пайдалану мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда 159 нысан бейімделіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына жағдай жасалуда. Әрине, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда және біз барлық инфрақұрылым нысанынтолықтай қолжетімді ету үшін жан-жақты жұмысты жүргізе береміз.
Қазір өңірдегі нысандардағы пандустарды құзырлы мекемемен бірге тексеру жұмыстары іске асырылуда. Ауданда да арнайы мониторингтік топтар нысандарды тексеріп, жарамсыз пандустарды қайта жасақтау үшін кәсіп иелерімен жұмыс жүргізілуде.
– Барлығына тең мүмкіндіктер жасап, инклюзивті қоғам құруда алдағы жоспарларыңыз қандай?
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерін лицензиялау енгізіледі. Бұл жүйе қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, 187 әлеуметтік қызметкер «SKILLS.ENBEK.KZ» платформасында кәсіби оқытудан өтті. Сондай-ақ, «SOCIM» әлеуметтік порталына облыстағы 27 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі тіркелді.
Біздің негізгі міндетіміз – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, оларға қажетті жағдай жасау және әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ету.Осы мақсаттағы жұмыстар күн тәртібінен түспейді. Өйткені, ерекше жандар да қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан барлығына тең мүмкіндіктер жасалуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет! Қоғамды ізгілендірудегі жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА