
Адал еңбек – берекелі кәсіптің негізі
Кәсіпкерлік – тек табыс табу жолы ғана емес. Ол – қоғамға пайда әкелудің, туған жерге қызмет етудің, адал еңбекті дәріптеудің көрінісі. Нағыз кәсіпкер – ішкі ниетінің тазалығымен, елге деген жанашырлығымен ерекшеленеді. Ал берекелі істің бастауы – осы ниет пен мақсатта.
Шілде айының төртінші жексенбісі – Сауда қызметкерлері күні. Осы атаулы күн қарсаңында Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында отбасылық кәсіпті дөңгелетіп, ауыл экономикасына үлес қосып жүрген Алмаз Атшыбаев пен жұбайы Гүлсара Сауғабаевамен тілдесіп, кәсіпкерлік жолдағы тәжірибелері туралы әңгімелескен едік.
Кәсіпке бастаған алғашқы қадам
Алмаз Атшыбаев кәсіпкерлікке 2004 жылы жолаушы тасымалдау саласынан қадам басты. Ал уақыт өте келе бұл бағыт кеңейіп, жаңа кәсіп көздерін іздеуге жол ашты. 2014 жылы ауыл халқының күнделікті сұранысын ескере отырып, азық-түлік дүкенін ашты. Ал 2019 жылы «Накен» шаруа қожалығын құрып, жылқы шаруашылығын қолға алды. Бұл – жай ғана кәсіп емес, ұлттық дәстүрді жаңғырту, табиғи өнім өндіру жолындағы маңызды қадам болды.

Алайда кез келген істің ілгерілеуінде сенімді серіктің, жанашыр жанның рөлі зор. Бұл тұрғыда Гүлсара Ашықбайқызының еңбегі айрықша. 1964 жылы Қаракөл ауылында дүниеге келген Гүлсара апай ұзақ жылдар бойы тіс дәрігері болып еңбек етіп, талай жанға шипа болған. Ал жолдасының кәсіпкерлік жолындағы талпынысына қолдау білдіріп, медицина саласындағы жұмысын тоқтатып, отбасылық кәсіпке бет бұруға бел байлады.
– Мен бұл істі жолдасымның ғана емес, екеуміздің ортақ арманымыз ретінде қабылдадым. Басты мақсатымыз – ауыл халқына сапалы өнім ұсыну, — дейді Гүлсара Ашықбайқызы.
Қазіргі таңда Алмаз ағай мен Гүлсара апайдың бірлесіп жүргізіп отырған «Атшыбай» дүкені ауылдың өміріне серпін беріп отыр. Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың кең таңдауы бар бұл шағын дүкен тұрғындардың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Сауда тек табыс табу құралы емес, ең алдымен халыққа қызмет көрсету алаңы деген ұстаныммен жұмыс істейтін олар баға тұрақтылығы мен қолжетімділікке баса мән береді.

– Ауылда сауда жасау деген – тек сату емес, әрбір тұрғынның жағдайын ойлау. Біз дүкенімізді таза, жинақы ұстаймыз. Ол – тұтынушыға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан арнайы тазалықшыны жұмысқа алдық, — дейді дүкен иесі Гүлсара апай.
Алмаз Атшыбаев жетекшілік ететін «Накен» шаруа қожалығы да бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар өндіріс ошағына айналған. Жылқы өсіріп, табиғи ет өнімдерін ұсынып отырған кәсіпкер ауылдың азық-түлік қорын молайтып, тұрғындарға сапалы өнім жеткізуді жолға қойған.
– Бұл тек табыс үшін емес, ұлттық құндылықты жаңғырту үшін жасалып отырған еңбек. Қазақ үшін жылқы – киелі мал. Сондықтан бұл істің берекесі де, жауапкершілігі де мол, — дейді Алмаз аға.
Әрбір жаңа бастаманың өз сынағы болады. Қаракөлдік кәсіпкерлер де алғашында түрлі қиындықтарға кезіккен. Алғашқы кезде азық-түлік пен тауарларды Астрахан қаласынан тасып, кедендік кедергілер мен ұзын-сонар кезектерден өткен. Дегенмен, бұл қиындықтар оларды шыңдап, шыдам мен сабырды үйретті.
Бүгінде олар тауарды Атырау қаласынан тасып, ауылды үздіксіз азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді.
Жол ашылса – кәсіп өркендейді
Бұрын ауыл кәсіпкерлері үшін ең үлкен кедергі – жолдың нашарлығы болатын. Қала мен ауыл арасында өнім тасу үлкен шығын мен уақытты талап ететін. Бірақ соңғы жылдары жол инфрақұрылымының жақсаруы ауыл кәсіпкерлігінің тынысын ашты.
– Бұрын екі күн жүріп атқаратын істі қазір бірнеше сағатта тындырамыз. Бұл – ауыл кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік, — дейді Алмаз Атшыбаев.
Алмаз аға мен Гүлсара апаның айтуынша, кәсіпкерлік табыстың ғана емес, сенімнің де ісі. Адал еңбек, дұрыс ниет пен шынайы қарым-қатынас – кез келген бизнестің табысқа жетуінің алғы шарты.
– Саудада адалдық болмаса, береке де болмайды. Біз үшін ең бастысы – клиенттің сенімі. Сенімге кірген кәсіпкердің ісі де, табысы да тұрақты болады, – дейді олар.
Қаракөл ауылындағы бұл отбасылық кәсіп – бүгінгі жастарға үлкен үлгі. Кәсіпкерлердің айтуынша, кәсіп бастаймын деген жасқа бүгінде мүмкіндік мол. Мемлекеттік қолдаулар да жетерлік.
– Тек батыл қадам жасау керек. Қиындықтан қорықпай, адал еңбектенсең, берекеге жетерің анық. Біз де бәрін бірден меңгерген жоқпыз. Қателік те болды, тоқырау да кездесті. Бірақ соған мойымау керек. Істің берекесі – ниетте, — дейді кәсіпкер Гүлсара Ашықбайқызы.
Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысатын отбасының ұлдары – Самғат пен Еламан – ата-аналарынан көрген тәлім-тәрбиені өмірлік ұстаным етіп, өз балаларына да сол өнегені үлгі қылып келеді. Еңбектің қадірін бала күнінен бойларына сіңіріп өскен олар, бүгінде маңдай терімен адал табыс тауып, кәсіптің көзін табуда. Тиыннан теңге құрап, үлкен жетістіктерге жету жолын жетік меңгерген ағайындылар, бүгінде қоғамға да үлгі боларлық азаматтарға айналды.

Адал еңбек – берекенің бастауы. Қарапайым ғана ауыл кәсіпкерлерінің еңбегі – табысты кәсіптің түп-төркіні дұрыс ниет пен табанды еңбек екенін дәлелдеп отыр.
Алмас ҚАБДОЛ