Жарнама
Әлеумет

2,5 млн теңге: бүгіннен бастап декреттік төлемдерге шектеу енгізілді

Бүгіннен бастап декреттік төлем тәртібі өзгерді. Енді жалақысы жоғары әйелдердің бала босанғаны үшін алатын әлеуметтік төлеміне шектеу қойылады. Бұл өзгерістің басты себебін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова түсіндірді, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.

— Соңғы 1-2 жылдың ішінде көптеген жеке тұлға декреттік төлемнің көлемін көбейту үшін түрлі әрекетке барып жүр. Олар жалған жұмыс орындарын, жалған еңбек шарттарын көрсетіп, жалған кәсіпкерлік ашқан. Онда әлеуметтік аударымдар төлеп, бірнеше жұмыс орнын көрсеткен. Нәтижесінде декреттік төлемді де көп мөлшерде алады. Бұл мәселені шешу үшін осындай өзгерістер енгізілді, — деді Гүлбағила Болатбекова агенттік тілшісіне.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ресми өкілі енді декреттік төлемдер қалай есептелетінін түсіндірді.

— Қазір енгізілген ең басты өзгеріс — шектеу қою. Ең алдымен, ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерін есептейміз. Қазіргі таңда бұл — 595 мың теңге. Еңбек кодексіне сәйкес, жүктіліктің 30-аптасынан бастап бала туғанға дейін 70 күн, туғаннан кейін 56 күнге әйелге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Дәл осы 126 күнді 30 күнге бөлсек, 4,2 коэффициент шығады. Енді 595 мыңды 4,2 коэффициентке көбейтсек, 2,5 млн теңге болады. Бұл — ең жоғарғы әлеуметтік төлемнің мөлшері, — дейді маман.

Демек, декреттік төлем алатын әйелдің орташа жалақысы 595 мың теңгеден көп болса да, оған берілетін әлеуметтік төлем 2,5 млн теңгеден аспайды. Ал орташа жалақысы 595 мың теңгеден аз шығатын әйелдердің декреттік төлемі басқаша есептеледі.

— 3 жерде жұмыс істейтін және әр жұмыс орнынан 100 мың теңгеден жалақы алатын әйелдер болса, ол 3 жердегі жалақысын қосады. Егер оның 12 айдағы орташа жалақысы 300 мың теңге шықса, оны 4,2-ге көбейтеді. Нәтижесінде миллионнан артық сома көлемінде әлеуметтік төлем алады, яғни мұндай азаматтарға ешқандай өзгеріс жоқ. Өзгеріс тек қана жоғары жалақы алатын әйелдерге берілетін декреттік төлемге енгізілді, — деді ол.

Айта кетейік, егер әйел баланы ауыр босанса немесе 2 және одан да көп сәби туса, оған тағы 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Демек, мұндай жағдайда тағы 2 аптаға әлеуметтік төлем алуға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар Гүлбағила Болатбекова жалған кәсіпкерлік ашып, декреттік төлемін ұлғайтқысы келгендерге тексеріс әлі де жалғасып жатқанын айтты.

— Біз кәсіпкерлік пен еңбек шарттарын анықтайтын құжаттарды аламыз. Ал оның жалған не растығын құқық қорғау органдары анықтайды. Кәсіпкерлігі бар азаматтар әдетте ең төменгі жалақыны көрсетеді. Ал жүктілік бастала сала жоғары жалақыны көрсетеді. Мұндай азаматтар да күдікке ілігеді. Еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан соң кәсіпкер ретінде тіркеліп, еңбек шартын жасасса, оның әлеуметтік аударымдары есепке алынбайды, — деді ол.

Өткен айда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдістерін үйрететін консультациялық қызметтердің үстінен шағым түсірген болатын.

Еске салсақ, ««Миллионмен декретке» курсының авторлары жауапқа тартыла ма?» деген сауалға министрлік жауап берген еді. Сонымен қатар жүктілік және босануға қатысты асыра төлем алған 113 келіншекке қылмыстық іс қозғалған еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button