Жарнама
Әлеумет

2026 жылдан бастап зейнетақы жинағынан салық алынбайды

Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражат шешкен кезде жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды.

Жаңа ереже зейнетақы жинақтарын тұрғын үй алуға, емделуге немесе өзге де мақсаттарға пайдаланған азаматтарға жеңілдік береді. Бұдан былай мұндай төлемдерден 10% салық алынбайды.

Сонымен қатар, бұған дейін ЖТС төлеуді кейінге қалдырған азаматтардың берешегі автоматты түрде жойылады. Бұл үшін қосымша өтініш берудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп Қазақстаннан тұрақты тұруға кететіндерден басқа барлық азаматтарға қолданылады.

Ал салықты бірден төлеген кейбір азаматтарға қаражаттың бір бөлігі қайтарылуы мүмкін. Ол үшін үш шарт қатар орындалуы тиіс:

  • зейнетақы жинағын 2021–2022 жылдары пайдаланған болса;
  • ЖТС-ты бірден төлеген болса;
  • әлеуметтік осал топтардың біріне жататын болса.

Бұл жағдайда өтініш 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады. Салық қайтарылған жағдайда қаражат азаматтың БЖЗҚ-дғы жеке шотына аударылады.

Айта кетейік, 2026 жылдан кейін зейнетақы жинағынан мүлде салық алынбайды, бірақ бұрын төленген сомалар жалпыға бірдей қайтарылмайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button