ҚАРАҚШЫЛАР ҚАТЕР ТӨНДІРДІ


Сомалийлік қарақшылардың қарекетінен жыл сайын әлем экономикасына келетін шығынның мөлшері 18 млрд.
АҚШ долларын құрайды екен.

Бұл туралы Парламент ассамблеясының кезекті сессиясында НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Рассумен мәлімдеген. Альянс басшысының айтуынша, егер НАТО тарапынан қарсы бағытта  жүргізілген операциялар сәтті жүзеге асырылмаған жағдайда, жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектер одан да көп сомада болуы ықтимал көрінеді.

 

20 мың баррель мұнай төгілді

АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатында тағы да мұнай төгілу оқиғасы орын алған.

Дәлірек айтқанда, 20 мың баррельден астам «қара алтын» елдегі ірі кеніштердің бірінен саналатын Баккен кен орнынан тасымалданатын құбырдың бойындағы ақаулықтың салдарынан осынша көп мөлшердегі қазына далаға аққан. Ең бір сорақысы, төгілген мұнай сол жердегі бидай алқабына жайылып кеткен. Фермер Стивен Дженсеннің мәлімдеуінше, күндегі әдетінше, егін жинау жұмыстары барысында кенеттен мұнайдың иісін сезген, бірақ та онша мән бермеген. Арада бірнеше күн өткесін егістіктің қақ ортасынан «қара бассейннің» пайда болғанын көрген. Сонда ғана барып, шаруашылығына орасан залал келгендігіне көз жеткізген.

Жерорта теңізіндегі қара жұма

Сицилия жағалауларына таяу тұстан жақында 50 адам (оның ішінде балалар да бар) күтпеген жерден көз жұмды.

Лампедуза аралынан оңтүстікке қарай 110 шақырым қашықтық шамасында теңізде жүзіп бара жатқан сәтінде аударылған су кемесінің бортында 250 босқын болған. Апатты жағдайға тап болған кеме сол тұстан Мальта мемлекетінің күзет катерінің өткендігін байқаған. Сәлден соң төтенше жағдай аймағына итальяндық әскери корабльдер жақындаған. Теңізшілер дереу зардап шеккендерді судан шығаруға кіріскен. Нақты қанша адамның құтқарылғандығы әзірге белгісіз.

әскерилер су астында

қалғандарға жәрдемдесті

Қытай армиясының белгілі бір құрамалары елдің шығысындағы Чжэцзян провинциясына қарасты Юйяо қаласының су астында қалып қойған тұрғындарына жәрдемдесуге жіберілген.

Ұзын саны 830 мың адамды құрайтын тұрғыны бар алып шаһардың көшелері «Фитоу» тайфуны соққан соң, аяқ астында өзенге айналып шыға келген. Үстемелеп жауған нөсер жауынның толастамауынан селге айналған топан су жолындағы бәрін басып, қатерлі де қауіпті жағдайға душар еткен. Талайларды тосылдырған осынау табиғаттың «тосын сыйы» соңғы 100 жылда, яғни ғасырда бір рет қайталанып тұрған төтенше жағдай болып шықты.

Үнділіктер

әбігерге  түсуде

«Фаулин» циклонының жақындап қалуымен байланысты Индияның Орисса және Андхра-Прадеш штаттарынан екі жүз мыңнан астам адам бір мезгілде қауіпсіз жерге қоныс аударылатын болады.

Қазіргі уақытта бұл алапат солтүстік батыс бағытта  Бенгаль бұғазының үстімен өтуде. Болжам бойынша ол көп кешікпей Гапалпур шаһары маңындағы құрлықтық аймаққа да ауыз салмақ. Жергілікті метеорология департаментінің деректерін негізге алсақ, үдете соққан өкпек желдің жылдамдығы сағатына 220 шақырым жылдамдыққа дейін жетеді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл көрсеткіш одан да гөрі өсіп, 315 шақырым/сағатқа дейін көтеріледі деп күтілуде.

Дайындаған Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз