Жарнама
Әдебиет

Жоқ іздеген жиһанкез

Бұл күнде аты аңызға айналған арқалы ақын Светқали Нұржанмен өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың басынан бері таныс екенбіз. Әсем қала – Алматыда жалауын желбіреткен жастықтың жазиралы бағын бірге шарладық. Қызыққа толы студенттік кезең аяқталып, ол маңғаз Маңғыстауына бет бұрса, мен Атырауыма аттандым. Сиректеу болса да хабарласып тұрдық. Осыдан он шақты жыл бұрын Светқали дос облыс әкімдігінің, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалы басшылығының шақыртуымен Атырауға келе қалмасы бар ма? Содан келе сала: «студенттік кездегі қандыкөйлек досым еді» деп біздей пақырға іздеу салған көрінеді. Сөйтіп, шұрқыраса қауыштық. Бұл жолғы сапары қоңыр өлеңді қойдай қоздатып, құбатөбел қоңыр тірлік кешіп, соңына «тереңдігі теңіздей, ауырлығы табыттай» өлмес мұраларын қалдырған қазақтың талантты ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туған топырағына тағзым етуге бағышталыпты.

Құрманғазы ауданындағы Жұмекен ауылында өткен оқырмандармен кездесуінде ақын тебірене сөйлеп, Жұмекенмен жетінші сыныптан бері «ауырып» келе жатқандығын әсерлі жеткізді. Жұмекеннің өлеңдерін жатқа оқыды. Ал, Жұмекен ақынның кіндік қаны тамған Ашақ сорының басына барғанда Светқали ақынның екі көзінен от шашырап, ерекше бір сезімге бөленіп, екі тізесі еріксіз бүгіле берді. Көз алдымыздағы көрініске таңырқап біз тұрмыз, орнымыздан тапжылмастан. Бір кезде жата қалып топыраққа аунады. Іс-қимылында еш жасандылық жоқ, бәрі шынайы. Сонда ғана біз хас талантты тудырған топырақтың киесін, құдіретін Светқали ақын арқылы ұғынып, әлдеқашан көмескіленіп қалған санамыздың саңылауына себезгілеп сәуле құйылып жатқандай сезіндік. Жолшыбай жанкешті жұртымыздың арғы-бергі тарихын тымақша сілкіп, ағыл-тегіл бір ақтарылды дерсің. Не деген білімпаздық, не деген тереңдік деп таң қалғанмын. Сол жолы мен білетін бұрынғы Светқалидан мүлдем өзгерген, ойшыл, хәм күрескер, ұлтжанды қайраткер тұлғаны таныдым. Бесін намазынан кейін өркеш-өркеш созылып жатқан қызыл құмдардың төбесінде кешкі керімсал ауамен тыныстап отырып, оңаша сырласқанда Айдың жаңасында қауымдарды аралап, әулиелерге тәу ететінін де жасырмады. Бірақ мен: «тылсымдармен үнсіз тілдескендегі мақсатың не?» деп сұрай алмадым. Ақынды, аруақты шамдандырып алармын деп сескендім…

Сол жер-қиянды кезген сапары әлі күнге жалғасып келеді. Бірде Баянауылда Мәшһүр-Жүсіп Көпейдің кесенесінде қылаң берсе, іле-шала Абай хакім мәңгі дамылдаған Жидебайдан төбе көрсетіп қалады. Сондайда Асан қайғы бабасы желмаямен желіп жүріп жерұйығын іздесе, Светқали шайыр заманауи темір тұлпармен, бірде су, бірде әуе жолымен жортып, ой түбінде жатқан асыл сөз – жырұйығын шарқ ұрып іздеп жүрген сияқты көрінеді. Рухани жан дүниесін нұрландырып, кемеліне келтірген сол жолсапарлар із-түзсіз кетпепті. Светқали Нұржанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Көкірегім – көне кітап» туындысы соның айғағы. Енді көне кітап күмбіріне құлақ түріп көрелік.

Жалпы Светқалидың қайсыбір өлеңін оқысаңыз да, түбінде мөлт-мөлт етіп қайнар бұлағы шымырлап жатқан шыңырауға тап болғандай күй кешесіз. Ал, өзінің терең иіріміне тарта жөнелетін тұма туындыларды талғаммен талмап жұтып, өн бойыңа сіңіру үшін асқақ рух, сергек сана қажет. Ол – өзінің жүрекке тұнған ақиқатын іркілмей айтатын дауылпаз ақын. Оны жинақтағы «Жыр азабы» деген өлеңінен аңғарамыз:

Қалам мен қағаз, жайнамаз-майдан алаңым,

Қашқанда бұдан шегініп қайда барамын?!

Зікір мен таспих, сосын жыр, қаруым осы:

Саһарда тұрып дұшпанды найзалағаным…

Бұл шабытын шараппен шақыратын кейбір желбуаз ақындардың шамына тиіп, іштей жақтырмай, тіпті қызғанышын тудырары да сөзсіз. «..Зікір мен таспих, сосын жыр, қаруым осы:..» Бұдан басқа нағыз ақында қандай қару болуы мүмкін?..

«Ескі жұрт. Күз» деген өлеңін оқығанда да көңілің құлазып сала береді. Қоңырайып жатқан атакүлдіктің орнын көргендегі көңіл күй, жалт етіп өте шыққан дәурен көз алдыңда көлбеңдейді. Оралымды ой, шашылып түскен тіркестер, тың теңеулер өлеңнің өн бойында өріп жүр. «…Барады ұқсап көп тырна баспалдаққа, Шығатын жан табылса аспан жаққа…» Қайтқан құстардың белгілі бір тәртіппен тізіліп, үшкілденіп ұшатынын көрдік, бірақ баспалдаққа ұқсайтынын аңғармаппыз.

Біздің пайымдауымызша, Светқали – сөзбен сурет салатын ақын, табиғатпен етене. Ешқашан өзін табиғаттан тысқары ұстамайды. Барлық өлеңдері өзінің көңіл күйімен, табиғатпен астасып жатады. Мына бір «Жанарға ұйыған іңір» деген шап-шағын өлеңін оқып көрелікші:

…Жанарыңа ұйыған қаймақ іңір,

Сонда ғана өшеді бойдағы кір.

Айдағы нұр жүзіңді сәулелесін,

Елестерге ермеші қайдағы бір!

Аспанға айран төгіп тастағандай іркіттеніп тұратын желкемдеу кештерде оймен оңаша қалған шайыр желді күнгі өрттей өлеңін одан сайын өршелендіріп, оқырманын бір сәт тәтті мұңға, қиял әлеміне жетелейді.

Жинақтағы мұндай шұрайлы тілмен кестеленіп, ормандай ойлармен қаусырылған шырайлы шумақтардан көз сүрінеді. Светқалидың әлі күнге дейін сырын ішке бүккен ғарыш әлеміне «саяхаты» жалғасып келеді. Әсіресе аспандағы Айға деген құштарлығы алапат. Онымен сырласудан бір жалықпайды. «Жырдың тууы. Ай-Шөре» атты өлеңінде былай толғанады:

Не үшін туды, қайсы өлеңім?

Біледі Ай себебін…

Бір суынам, ысынам,

Осы неге Ай толғанда ұшынам?..

Ол енді сүйегіне сөз сіңген шайырдың ішкі құпиясы. Оған «Көне Астана қауымында» деген өлеңінде астарлап жауап беретін сияқты. Атам заманынан атом заманына дейін жеткен киелі сөз өнері туралы толғана келіп ақын:

Жазылған ол жырлар шайыр бейітінің құлпында…

Мен сенің елесіңді ертіп,

Жүрем ылғи өлі шаһардың жұртында

Жүректе – нұр-тұнба,

Тірі хикметтер бар ұртымда…

Көз алдымызға шаңытқан аспандағы Айдың сүттей сәулесіне шомылып, аруақтар тылсымымен тілдесіп жүрген шайырдың қара көлеңке сұлбасы елестейді. Сол жүргенде одан бақытты ақын жоқ. Өйткені: «жүректе – нұр-тұнба!» Мұндай тылсым тілін түсініп, жан рахатына бөлену – кез келген ақынның маңдайына жазылмаған.

Жинақты парақтай отырып, жоқ іздеген жиһангез ақынның көңіл төріндегі мазалайтын сұраққа да жауап тапқандай боламыз. «Көз бен Сөз» атты өзгешелеу үлгідегі өлеңінде:

Бір Сөз бар – тірі Сөз: ғаламның қуысында,

Кәләм мен Қаламның уысында –

Сұмырайдан да сұмпайы

Сөздің суығын біртұтас жоятын!

Моласына құлпытас қоятын – бір сөз бар!

Бір күнім озып бір күннен,

Сол Тірі Сөзді, сол Ұлы Сөзді таппай жүрмін мен!.. — деп тебіренеді.

Бәлкім, сол моласына құлпытас қойылған Тірі Сөз, Ұлы Сөз Айдың жарығымен Светқали ақын шарлаған өлілер бейітінен табылып қалар деп үміттенеміз.

Оқыған сайын Светқалидың бір өлеңі бір өлеңінен асып түсетіндей құныға түсесің. «Шыңға ілінген жетім жұлдыз дұғасы» деген өлең тосын атауымен де ынтықтыра түседі.

Жезтырнақ тас түнді бүріп,

Қонып жатыр мұлғын іңірт.

Бір тал нұрын шыңға байлап

Жетім жұлдыз тұрды ілініп…

Елестетіп көріңіз: қандай аянышты сурет!..

Қиялың шашын жайған қап-қара түнге сүңгіп, зұлымдық пен сұлулықтың бір-бірімен арбасқан сәті көз алдыңда тұра қалады. Енді қайтпек керек? Соңғы шешім де тағдыры бір тал нұрға ілінген жетім жұлдызда: «Мүмкін емес тұра беру шыңға ілініп, жеке қалып, Не ғарышқа көтерілем, не түнекке кетем ағып…»

«Көкірегім – көне кітаптың» тұтастай бір бөлімін хикаяттар мен дастандар легі жалғастырады. Оларды оқып отырып өзіңді бір ашылмаған қазына аралына тап болғандай сезінесің. Оның әрқайсысы жеке зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Біз тек соның біреуіне ғана тоқталып өткенді жөн көрдік. Ол: «Тәбриздік Шәмістің Мәуләна Румиге жыр жаздырғаны туралы хикая». «Аяқтай сап дәрісін, жыр жазады Мәуләна, Ішіп көңіл дәрісін, сыр қазады Мәуләна» деп келетін хикаяның шарықтау шегі кемеге бір дәруіштің кіріп келіп, ұрмай-соқпай ақынға әмірін жүргізіп, дүйім жұрттың көзінше шарап алдырып, ақыр соңында ақынның алты жыл бойғы жазған өлеңдерін суға лақтырып жіберуіне ұласады. Шыр-пыр болған ақынның жанайқайын түсінген әлгі дәруіш «саған керегі өлең бе?» деп су бетінде қалқып жүрген парақтарды жинап әкеліп, Мәуләнаның қолына ұстатады. Бәрі түгел, құп-құрғақ. Ал, ғайыптан пайда болған дәруіштің сөзі мірдің оғындай:

Қотан менен Отанға шапқан сайын әр төбет,

Тіл мен дінді сен қанша шаптың екен балта боп.

Жасағанға бір ауыз қимасаң да жылы сөз

Шекпенді мен шендіге арнадың сан «ұлы сөз»…

Осы жолдарды оқып отырғанда білмеймін неге екенін 1986 жылғы Алматыдағы тәуелсіздікке ұмтылған демократияшыл жастарды басып жаншыған Желтоқсан көтерілісінен кейін Қазақстан Жазушылар Одағындағы бас хатшы Колбинмен өткен кездесу жиынында әдебиетіміздің бір ақсақалының беті шімірікпестен: «біз сіздей басшыны 25 жыл бойы күттік» деп масайрай сөйлегені есіме түсіп, қапелімде тіксініп қалдым…

Ал, өмір бойы «Тірі Сөзді, Ұлы Сөзді» іздеп жүрген Светқали ақынның жолы мүлде бөлек.

Сөзімізді ақынның тұла бойын жарып шыққан туындысы туралы өз өлеңімен түйіндесек:

Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,

Алып өткен Антымды аман мұрам бар.

Бұл кітапта шырқай-шырқай шығанға

Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар.

Не дейміз, сол ән әлемді, ғарышты шарлайтын күн жақын болғай! Құйрық жалы күлтеленген сәйгүлігің – «Көкірегім – көне кітаптың» аламанда маңдайы жарқырап, абыройыңды асырғай!

Сөз жоқ, талантты ақын Светқали Нұржанның бұл туындысы Мемлекеттік Абай атындағы сыйлыққа әбден лайықты.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button