Жазушы Мақсат Тәж-Мұрат Атырау университетінде дәріс оқыды
Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, алаштанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат студенттер мен оқытушы-профессорлар қауымына арнап тағылымды дәріс оқыды.
Қаламгер дәріс барысында қазақтың сөз өнері, ұлттық сана, өлкетану және әдебиет мәселелеріне кеңінен тоқталып, өз тәжірибесі мен зерттеулерінен сыр шертті.
Мақсат Әнесұлы – әдебиет пен мәдениет саласында тың тақырыптарды қозғап жүрген көрнекті тұлға. Оның еңбектері қазақ руханиятының терең қырларын зерттеп, ұлттық идеяны дәріптеумен ерекшеленеді.
Іс-шара барысында университет ректоры Саламат Идрисов жазушының әдебиет пен ғылымға қосқан зор үлесін атап өтіп, оны оқу орнының Ғылыми кеңесі шешімімен тағайындалған «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры» атағымен марапаттады.
– Бүгінгі дәріс – жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі. Мақсат Әнесұлы – сөз өнерінің білгірі, терең зерттеуші. Әсіресе, эссе жанрының маңыздылығы мен оны меңгерудің қыр-сырын жеткізуі болашақ жазушылар мен ғалымдарға ерекше жол сілтейді. Сіздің еңбектеріңізді студенттеріміз үлгі тұтады, — деді ректор Саламат Идрисов өз құттықтау сөзінде.
Дәріс барысында жазушының «Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» атты кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты жағдайдағы тұсаукесу құрметі Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Бақтыбек Таубаев пен университет ректоры Саламат Идрисовқа ұсынылды. Бұл туынды қазақ руханиятының маңызды тақырыптарын жаңа қырынан танытатын бірегей еңбек ретінде таныстырылды.
Мақсат Тәж-Мұрат дәрісінде өзі көп жыл бойы зерттеген Алаш арыстарының еңбектері мен Ғұмар Қараштың ағартушылық қызметіне тоқталып, жастарды ғылым мен шығармашылыққа шақырды.
– Сіздердің араларыңызда болашақ жазушылар, ғалымдар, тарихшылар отыр деп сенемін. Өлкенің бай тарихы мен ұлттық құндылықтарын эссе және көркем әдебиет арқылы ұрпаққа жеткізетін де – сіздер, — деді жазушы.
Кездесу соңында қатысушылар дәріскерге мазмұнды дәрісі үшін алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген автор