
Заңғар жазушының шығармашылығы зерделенді
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі Рахымжан Отарбаевтың атаулы дәрісханасында «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық – 2» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Аталған ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен әдебиет теориясын, қазақ әдебиеті мұраларын зерттеп жүрген беделді ғалымдар қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист Мақсат Тәж-Мұрат, «Рахымжан Атырауи, аймақтық әдебиет, локальді текст және филологиялық регионалистика» тақырыбында орамды ой толғады. Филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева «Рахымжан Отарбаев шығармаларындағы постмодернизмнің эстетикалық тенденцияларының көрінісі: поп-арт, сонористикадағы қаламгерлік шеберлік», «Торайғыров университеті» профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар облысы филиалының директоры Серік Елікбай «SOR» сыры жөнінде зерттеу жұмыстарына талдау жасады.

Сондай-ақ, ақын, әдебиет сыншысы, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Гүлзада Ниетқалиева шығармаларында риторикалық айшықты шебер қолдана білген замаманың заңғар жазушысы жайлы тебірене сөз сөйледі.
Сондай-ақ, журналист, жазушы Ардақ Үсейінова, педагогика ғылымдарының магистрі, PHD доктор, Bolashaq Академиясының стратегиялық даму жөніндегі проректоры Әділ Жакулаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология және көптілді білім беру институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Әлібек Байбол жиын барысында Р.Отарбаевтың шығармаларының ерекшелігін тізбектеп айтты.

Түркістан қаласы №28 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арқалық Әмәлиятұлы, «Әдебиеттану» мамандығының магистрі Айнұр Төлеу, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Тарас Наурызәлі жазушының кейіпкерлер жүйесі, сюжет пен тақырып таңдаудағы өзгешелігі туралы саралады. Осы және филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет жасайтын Риза Әлмұқан және «Әдебиеттану» мамандығының магистрі, «Жанр» әдеби клубының мүшесі Ақлима Сапарованың өшпейтұғын артында із қалдырған сөз сардарының бірегей болмысы хақында жазған еңбектері «Сарайшық» республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналына жарияланып, оқырман назарына ұсынылды.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов Академиясы сыйлығының иегері, Республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың теңдессіз әдеби мұрасы жан-жақты зерделеніп, жаңа қырынан жандана түсті. «Рахымжан Отарбаев руханият қорының» жетекшісі, жазушының жары, соңында қалған шығармаларының шырақшысы Сәуле Отарбаева барша жиынға қатысушыларға зор алғысын білдіріп, қаламгердің рухани мұрасын насихаттау және жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ