Заман бейнесін айшықтаған туынды
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы — халқымыздың асыл да мәні мен маңызы зор қазынасы. Ал, оның есімі көптеген қаламгерлердің шығармасына арқау болғаны белгілі. Солардың бірі — қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар классик жазушы Рахымжан Отарбаев. Драматург жазушы «Абай-сот» деп аталатын драмалық шығармасын Абай заманы мен бүгінгі заман жастарының ой-санасын, ақыл-парасатын, мінез-құлқын саралап, салыстыра суреттеп жазған.
Қазіргі таңдағы шиеленістер, жастардың ойларының таяздығы заманның емес, адамның өзгергенін сөз етеді. Оны Абайды бүгінгі өмірге әкеліп, онда болып жатқан оқиға желісіне енгізіп, әңгімелестіру арқылы оқырманын қызықтыра түседі. Жазушы шығармада Абайды сөйлетеді: «Ұлымыз болса атын Абай қоямыз дейді, мына заманның жастары, Абай емес, Абайла деп қой! А-бай-ла! Абайла, бауырым, Абайла!»
Осы арқылы жас ұрпаққа ақыл айтып, имандылыққа, әдептілікке шақырғандай әсер қалдырады.
Өмірде болып жатқан сан алуан құбылыстарды ой елегінен өткізіп, көркем образ жасау арқылы оқырманын өзіне баурап алу — Рахымжан Отарбаевтың ерекшелігі десек, оған «Абай-сот» шығармасы дәлел. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»,-деген Абайдың сөзі осы шығарманың мазмұн-идеясына дөп келіп тұр десек, қателеспейміз.
«Тарихтағы табандылық пен тамырдағы тектілікті» біріктіре отырып, адам мен заман, ақ пен қара тартысқан мына өмірде шындықтың бетіне тура қарап бүкпесіз суреттеген жазушының кез келген шығармасындағы айтар ойы, берер тәлімі ұшан-теңіз.
Айназым Мыңбай,
Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы