
Ынтымақ пен бірлік!
*1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
Ынтымақ сен, кел-кел, біздің елге кел,
Өз нәсібін адалынан терген ел.
Қазақстан, соның бүгін дәлелі,
Бірлігімен озса егер, елден ел.
Бірегей ел, бір кездегі құл-тымақ,
Жер-жаһанға жатыр бүгін ұлты ұнап.
Көңілі бай, кеудесі кең қазақты,
Жарастырып тұрған бүгін ынтымақ.
Мейлі үлкен, мейлі құйттай бала бол,
Арман жалғыз, шайқалмаған ала көл.
Тыныштыққа жететұғын бәс қандай,
Ынтымағым тапжылмастан қала гөр!
Бейбіт өмір, кең дүниеде түрлі ұстам,
Соны уағыздар дін ұйыған Түркістан.
Жанымызға жақын тұттық жатты да,
Не тапты әне, екі бауыр қырқысқан.
Артық па еді, сайраса егер жақ тынбай,
Басымызға кезікпеген бақ мұндай.
Алауыздық тұтанбасын ағайын,
Өртін өшір тұрғанында асқынбай.
Жетеміз деп шын бақыттың шыңына,
Құлақ түрдік қиналғанның мұңына.
Көлкілдетіп көтеріп тұр көк Туды,
Зор келісім, ынтымақ пен ымыра.
Жақсылыққа аударумен сананы,
Еркіндіктің шырқалуда сан әні.
Ынтымақ пен ымырасы ұйыса,
Бізді тастап бірлік қайда барады?
Дауыл шайқап кетпегей тек тосыннан,
Бұл тілекке берер сөзсіз досым мән.
Ынтымаққа ындынымыз шөлдесе,
Берген құдай айырма тек осыңнан!
Туған елім, татулықтың алаңы,
Жаба алмайды ешкім бөгде жаланы.
Жарылуды білмейтұғын бүтінде,
Қанға сіңіп бірлік мәңгі қалады.
Таңатар Дәрелұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Құрманғазы ауданы