Жарнама
Әдебиет

Ұрпаққа үлгі болған ақын: Нұралы Әжіғалиевтің 85 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада ақын Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай «Ақынның мәнді ғұмыры – ұрпаққа үлгі» атты еске алу кеші өтті. Аталмыш кеш «Бір өлке – бір жазушы» акциясы аясында өтті. Іс-шараға ақынның жары, туыстары, әріптестері, шәкірттері және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұстаздары мен студенттері қатысты.

Мазмұнды кештің шымылдығын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы Сара Ізмұханбетова ашып, ақын Нұралы Әжіғалиевтің шығармашылығы мен өмір жолының қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталды. Өз сөзінде ол ақынның артына қалдырған мұрасы ұрпақ үшін баға жетпес қазына екенін ерекше атап өтті.

Еске алу кешінде ақынның жары Қорлығайын Дүсіпқызы мен курстас досы, белгілі ғалым Қадыр Жүсіп естеліктерімен бөлісті. Олар Нұралы Әжіғалиевтің ақындық жолы, адамгершілігі, өмірлік ұстанымдары жайында әсерлі сыр шертті.
Ақынның шығармашылығына тоқталған Қадыр Жүсіп оның қазақ поэзиясына қосқан үлесі туралы кеңінен баяндап, достары арасында ақкөңіл, жаны жайсаң адам болғанын жеткізді.

Шара барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, жырсүйер қауымға ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетіліп, ақын жайлы тың естеліктер ортаға салынды.

Атырау университеті жанындағы дарынды ер балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушылары ақын өлеңдерін оқып, кештің мәнін айшықтай түсті.
Еске алу кеші қатысушылар үшін рухани азық болып, Нұралы Әжіғалиевтің өшпес мұрасын тағы бір мәрте ұлықтауға мүмкіндік берді. Кездесу соңында қатысушылар ақынның шығармашылығы мен оның әдебиеттегі орны туралы ойларын ортаға салып, рухани кештен алған әсерлерімен бөлісті.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button