Жарнама
Әдебиет

Шын дарынның шырқау биігі

Рахымжан Отарбаев – ұлттық әдебиетіміздің қорын сүйекті, сүбелі шығармамен байытқан бірегей жазушы. Теңдессіз туындыларымен санамызға сілкініс жасай білген нағыз дегдар тұлғаның есімі халық жадында мәңгі сақталатыны ақиқат. Себебі жазушының артында жан дүниенің құпия пернелерін басатын мол әдеби мұрасын іздеп жүріп оқитын қалың оқырманы, сол мұрасын зерттеп, насихаттауда және жинастыруда көп жұмыс атқаратын «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» бар. Қордың ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі жазушының атаулы дәрісханасында «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық – 2» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Өте қауіпті симптом…»

Конференцияға елдің әр түкпірінен әдебиет теориясын, қазақ әдебиеті мұраларын зерттеп жүрген беделді ғалымдар қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист Мақсат Тәж-Мұрат «Рахымжан Атырауи: аймақтық әдебиет, локальді текст және филологиялық регионалистика» тақырыбында орамды ой толғады.

– Рахаң барда біз арқамызды жарға тірегендей болып жүруші едік. Ағамыздың көзі тірісінде «Қара сөзден қаймақ қалқыған» және «Өрге тартты ақ кеме» мақаларын жаздым. Өмірден өткен соң, «Даусыңды естідім» атты эссем жарық көрді. Оның алыстаған сайын қадірі артып бара жатыр. Сан мәрте әңгіме-қалжыңдарын тыңдағанбыз, шығармаларын бірге талдағанбыз. Көкшетауға, Бурабайға қасына ертіп алып барғаны бөлек бір естелік. Сол кезде маған тапсырма берді ағамыз: – Арқаның тарихы – тым қалың тарих. Бір өкініштісі, осы қалың тарихты қопарып жазатын жан жоқ болып тұр. Сен басқа топырақтың түлегі болсаң да, тартынба. Осы Арқаның тарихын сен жазшы, — деді.

Ағамның себепкерлігімен Арқа туралы талай эссе-еңбектерім дүниеге келді. Біз оны «Рахымжан Атырауи» десек те, ол бар қазаққа ортақ қайталанбас тұлға еді. Қазақты ешуақытта бөліп-жарған емес. Туған жер – адамның кіші Отаны десек, Рахаң туған жерін қаламына көбірек арқау қылды. Сол аяулы Атырауы, кіндік қаны тамған Қошалағы жайлы біраз толғанды.

Кейде мен ағама айтатынмын, «Шығармаларыңызға «бояуды» қаттырақ жағып жібересіз ғой», — деп. Сонда ол: «Е, айналайын, мен деген қазақтың сөзін қойша өргізетін жазушылардың соңымын ғой», — дейтін. Әрине, солай болатын. Рахаң сияқты жазушы, Рахаңның тіл байлығына ие жазушы сол Рахаңмен аяқталды ғой деп ойлаймын. Артығырақ жағатын «бояуы» дегенім – қазір басқалар қолданып, қаламына серік етіп жүрген – диалогтарында, авторлық реплика, ремаркаларында. Кейіпкерлердің өзін-өзі бейнелеуі өте қиын. Өзінен кейінгі жас толқындардың жазғандарында суреттеуден гөрі баяндау көбірек боп кетіп жатады. Мұның бәрі көркемдік прозаның өзіне тән негізгі шарттарын сақтамаудан болып жатыр.

Құндағына құт дарыған қасиетті Атырау өңірінің ұрпақтары – Ғабдол Сланов, Зейнолла Қабдолов, Сәтімжан Санбаев, Мағзом Сүндетов, Жұмекен Нәжімеденов, Әбу Сәрсенбаев, Сайымжан Еркебаев, Есенжол Домбаев – бұлар бір-бір ұстын, шебер прозаиктер болатын. Өздерінің бағыты, өздерінің жазу стильдері бар, реалистік прозаның ішінде тұрып-ақ, қазақ әдебиетіне талай көркемдік формалар әкелген еді. Ал, қазір «осы тұлғалардың неге ізбасарлары жоқ? Бұл не деген әдеби құрғақшылық?» деген ой мені жиі мазалайды. Өңірлік проза кенже қалып барады. Бұл – өте қауіпті симптом, — деп Мақсат Әнесұлы бұл бағытта әлеуметтік зерттеулер жасау, мақсатты түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса атап көрсетті.

Әрине, проза – осы заманның айнасы, идеологияның құрамдас бір бөлігі екені айна-қатесіз шындық.

Жазушы және шеберлік

Филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева баяндамасында жазушы шығармаларындағы постмодернизм бағытының эстетикалық тенденциясының бірі – сонористиканың да көрініс табатынын айтты. Оның зерттеуінше, жазушы әңгімелерін оқи отырып, дыбыстардың қайталанғанын немесе белгілі бір сөздер мен тіркестердің дыбыстық құрылымы кеңінен қолданылғанын көруге болады. Бұл оның шығармаларында ерекше ырғақ пен музыкалық мән беріп, оқырманның назарын аудартатыны сөзсіз. Яғни қаламгер кейде эмоциялық күйді, кейде табиғат құбылыстарын жеткізу үшін белгілі бір дыбыстарды, сөздерді ерекше қолданып, сол арқылы шығарманың мәнін күшейтуге, оқырманға әсер сыйлауға тырысқан.

С.Торайғыров атындағы университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай қаламгердің «SOR» әңгімесіне әдеби талдау жасады.

– Р.Отарбаевтың «SOR» әңгімесі – бір оқып шыққанда ұғындырмас, бойлатпас туынды. Есеңгіреп қаларың анық. Көркемдік ауылынан алыс жан тосырқап, қиырлап барып үңілері сөзсіз. Бір ғана шығармамен әлемге танылған қаламгерлер бар. Мысалы, Ярослав Гашек «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері», Оскар Уайльд «дориан Грейдің портреті» және басқалар. Бір ғана әңгімесімен әлемді мойындатқан қаламгерлер бар. Сәбиттің «Көркемтайы», Ги де Мопассанның «Томпақшасы», Амброз Бристің «Үкілі бұлақ көпіріндегі оқиға», Агутагава Рюноскенің «О, Томидың ұяты», тағы сол сияқты. Осы қатардағы әңгіме – «SOR». Рухыңыз жұмақта шалқып, кітабыңыз оқырман қолында тозсын, ұлы суреткер Рахымжан аға, — деді С.Елікбай.

Ал, ақын, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының кандидаты, Ақпарат саласының үздігі Гүлзада Ниетқалиева өзін ұйықтап жатқанда оятса, барлық шығармасын жатқа айтатын замананың заңғар жазушысы жайлы тебірене сөз сөйледі.

– Бейжай есінеген марғау өмірді қылыштың жүзіндей өткірлігімен қиып түсетін мінезді туындыларымен халық сүйіспеншілігіне бөленген жазушы – Рахымжан Отарбаев. Прозалық шығармаларды қара өлең сияқты тау басынан сарқырап аққан бұлақтай, поэтикалық өрнекпен тудыру – қаламгердің қайталанбас шеберлігінің айқын дәлелі. Суреткер Отарбаевтың қай шығармасына үңілсеңіз де қоғамды ірітіп-шірітіп, жегідей жеп жатқан былық-шылықты әшкерелегенін көруге болады. Жазушы әңгімелері мен хикаяттарында риторикалық сұрауды шебер қолданады. Негізінен, айшықтаудың бұл түрі көбіне ақындардың еншісіне тигендей еді. Алайда, Рахымжан бұл түсінікті жоққа шығарды. Прозалық шығармалардың философиялық астарын тереңдетіп, психологиялық иірімін молайтуда осынау көркемдік құралдың зор екенін дәлелдеді, — деп рахымжантанушы кешегі Асанқайғы, Қазтуған, Доспамбеттердің жырларындағы мінез, болашақ үшін алаң көңіл жазушы шығармаларынан да өзіндік көрініс табатынына тоқталды.

Аманатқа адал, сөзге берік

Жиын барысында журналист, жазушы Ардақ Үсейінова жазушы шығармаларындағы кісілік құндылықтар жөнінде баяндады. Оның пікірінше, қаламгердің қай шығармасын алсаңыз да аманат, адалдық, адамдық дейтін құндылықтар алдыңыздан шыға келеді. Қай әңгімесінен де өмірдің боямасыз тынысын сезінесіз. Аманатқа адалдық, уәдеге беріктікті сақтай алмағанның жан азабы, тағдыр таразысына түсер сәттері «Дүние ғайып» повесінде де, «Аспандағы ақ көбелектерде» де, «Шыңғыс ханның көз жасында» да әрқилы көрініс тауып жатады. Осындай құндылықтарды сақтаған пенденің адамдығы да биік.

Ал, педагогика ғылымдарының магистрі, PHD доктор, Bolashaq Академиясының стратегиялық даму жөніндегі проректоры Әділ Жакулаев Р.Отарбаевтың «Бас» романындағы тарихи дискурс, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Әлібек Байбол Р.Отарбаев драматургиясындағы құндылықтар мен ұлттық код мәселесін тілге тиек етті.

Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арқалық Әмәлиятұлы қаламгердің «Соңғы спектакль» шығармасындағы ұлттық бояу мен ұлтжандылық көзқарасты мектеп оқушыларына оқыту әдістемесіне кеңірек тоқталды.

Гуманитарлық ғылымдардың «Әдебиеттану» мамандығының магистрі Айнұр Төлеу «Р.Отарбаев прозасындағы символдық сөйлемдер: «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі» тақырыбында сөз өрбітті.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Тарас Наурызәлі «Бассыз қоғамның қасіреттері» атты сараптама материалы арқылы бүкіл қоғамды жайлаған келеңсіз оқиғалар аясында әңгімеледі.

Аталған зерттеу баяндамалары және филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет жасайтын Риза Әлмұқан, «Әдебиеттану» мамандығының магистрі, «Жанр» әдеби клубының мүшесі Ақлима Сапарованың өшпейтұғын артында із қалдырған сөз сардарының бірегей болмысы хақында жазған еңбектері республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналына жарияланып, оқырман назарына ұсынылды.

Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың теңдессіз әдеби мұрасы жан-жақты зерделеніп, жаңа қырынан жандана түсті.

2000 жылы жазушының өзі құрылтайшысы болған «Бәйтерек» қоғамдық қорының өкілдері де конференцияда төбе көрсетті. Ақылшы ағаларының сара жолымен игі істердің жаршысына айналып жүрген бірлестік мүшелері конференцияда белсенділік танытқан ғалымдарға арнайы Алғыс хат пен қаржылай сый тарту етті.

Конференция нүктесін «Рахымжан Отарбаев руханият қорының» жетекшісі, жазушының жары, соңында қалған шығармаларының шырақшысы Сәуле Отарбаева қойды. Барша жиынға қатысушыларға зор алғысын білдіріп, қаламгердің рухани мұрасын насихаттау және жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Республикалық ғылыми-практикалық конференциядан соң жиынға қатысушылар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушының «Жалғыздық» пьесасын тамашалады. Режиссері – «Құрмет» орденінің иегері, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Мұқанғали Томанов. Жалғыздық зарын тартқан шерлі адамның жалған дүниеден әбден жалығып, күйзелген жан дағдарысы көрерменді терең ой әлеміне сүңгітіп жібергендей әсер қалдырды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button