Жарнама
Әдебиет

Риза ӘЛМҰХАН: «Фольклор ескінің қалдығы емес!..»

Қазақ тарихында фольклорлық туындылар жеткілікті. Керек десеңіз, халық даналығының қайнар көзі де осы фольклорда жатқанын атап көрсеткен жөн. Бұл тақырыпта бүгінде түрлі пікірлер айтылғанымен, негізгі ұстаным дәстүрлі бағытқа жетелейді. Сол себепті жуырда ғана бейнелеу өнері, театр және кино туындыларындағы фольклорлық сюжеттер мен түсініктердің қолданысы жөнінде «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты жаңа монографиясы жарық көрген филология ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері Риза Әлмұханға хабарласып, арнайы сұхбаттасудың сәті түсті.

–  Риза Тасқынғалиқызы, ғылым жолына түсіп, Атыраудан аттанғаныңызға да 30 жылдай уақыт өтіпті. Атырау сізге не берді, сіз Атырауға не бердіңіз?

– Атырау – туған жерім, сондықтан «Туған жерден кеттім» деген ой болмайды. Қай жақта жүрсең де, жүрегіңде туған жердің мөрі тұрады. Ол ешкімнiң көзіне түсе қоймайтын жүректегі талшықтарда шығар.

«Жер ортасы», «Жер кiндiгi» дегенде, әркім өз бiлгенiн айтып жатады. Бірақ менiң пайымымда жер кiндiгi – әркiмнiң туған жері, топырағы, әр адам өзінің кiндiгi түскен жерге байланған, сондықтан туған жерімен мәңгі байланыста деп ойлаймын.

Тағы бір ой: мен Атыраудан кеттім десем, бәрібір, қайта оралып жүрдім ғой. Мысалы, 1982 жылы Гурьев медицина училищесін үздік бітіріп, қаладағы «Бipiншi участок» аталатын жердегі қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 3 жыл медбике болып жұмыс істедім. Сосын 1985 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінiң журналистика факультетіне оқуға түстім.

Туған жерден бip «кеттім» дейiншi, шартты түрде айтқанда. 1990 жылы университеттің журналистика факультетін үздік бітіріп, Алматыда «Рауан» баспасында екі ай корректор, сосын редактор лауазымында жұмыс істеп жүрген едім. Кеңес одағы ыдырап, әр республика өз бетінше өмip сүре бастаған Тәуелсіздiктiң алғашқы жылдары ешкімге де оңай болған жоқ. Пәтер жалдап жүру оңай болмады, басқа да қиындық көп болды ол кезде. Сол кезде «Есiң барда елің тап» деген аталы сөзді ойлап, бұл да фольклорлық сөз, Атырауға қайтып келдім. Облыстық «Атырау» газетінде 1992-1994 жылдары тiлшi болып еңбек еттім. Осылай туған жерге тағы оралдым. Туған жер – қайда жүрсең де оралатын, табан тірейтін ардақты мекен, одан түбегейлі кеттім деп, ешкім айта алмайды-ау.

Ал, Атырау маған не берді? Ең алдымен, өмip, бақытты балалық шақ, есею туған жерде өтті. Осының өзі керемет. Мамандық алып, еңбек еткен жылдар, әрине, әр кезде жақсы оймен еске алатын алтын қазына. Медбике болғанда да, журналистік қызметте де адал еңбек еттім. Ауруханада талай сәбиге қан берiп, өмipiн сақтап қалуға үлес қостым.

Журналистік қызметте қай мекемеге барсам да, менi жақсы қабылдайтын. «Жақсы жазасыз, сiздiң жазғандарыңызды жiбермей оқимыз» деген сөздердi естідім. Мұның бәрі менi әрдайым жiгерлендipдi. Осы елдiң перзенті ретінде дұрыс жолмен жүретін жолымды қалыптастыруға әсер еттi деп ойлаймын.

1994 жылы күзде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына академик Серiк Смайылұлы Қирабаев шақыру жолдаған себепті қайтадан Алматыға кеттім.

«Сiз Атырауға не бердіңіз?» деген сұраққа айтарым: мен қай жақта жүрсем де, руға, жерге, жүзге бөлінбеймiн. Қай жерде де таза, адамшылықпен өмip сүру – менiң кредом. Қай жақтың адамы болса да, білгенімді айтып, жөн сілтеуге дайынмын, бipaқ бәрi таза оймен болуы керек. Менiң таза ойым, адалдығым туған жердің абыройы деп бiлемiн. «Батыстың қызы ғой, батыл айта алады, әділін айтады» деп, айналамдағы әрiптестерiм ілтипаттарын білдіріп жатады. Атыраудың абыройына кip келтірмеу – менiң туған жеріме деген адалдығым.

–  Жуырда бейнелеу өнері, театр және кино туындыларындағы фольклорлық сюжеттер мен түсініктердің қолданысы талданған «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты жаңа монографияңыздың таныстырылымы өтті. Қазіргі ғылымда көптеген зерттеушілер «Фольклор жаһандану заманының үдесіне сай емес, ескіні көксей берудің не керегі бар?» деген пікір айтады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл еңбегіңіз қарама-қайшылық туғызбай ма?

– Фольклор ескі нәрсе дегенге қосылмаймын. Ешқашан ескipiп, мерзімi өтiп кететін уақытша зат емес, халықпен бірге, себебі ол – халық даналығы, өмip тәжірибесі. Осы арада ажыратып айту керек сияқты, бүгінгі адамдар, әсіресе, жас буын жыр, қиссаны тыңдай алмайды дейтіндер бар шығар, алайда шын таланттар оны жаңа әдіс-тәсілдермен жеткізуге талпыныстар бар. Қайбір жылы «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы бойынша «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын мектеп оқушылары керемет мәнерлеп, кейбірі домбырамен орындады емес пе?

Жыршылардың арасында небір дүлдүл өнерпаздарымыз бар. Өзім куә болған жағдай бар, мәселен. Мен еңбек ететін Қазақ Ұлттық өнер университетінде халықаралық аккредиттеу болған кезде шетелдерден адамдар қатысты. Елмұра Жаңаберген біздің университетте сабақ береді, сол сіңлімді шақырып, келген меймандарға толғау айтқыздық. Елмұраның дауысына Францияның адамы таңғалып, басын шайқап, таңдайын қаққанын өзім көрдім. Міне, сол сияқты бізде рухани құндылығымызды танытатын мүмкіндіктер жеткілікті.

Тағы бір жағдай есіме түсіп отыр, Алматыда жүргенде Оңтүстік Кореядан бір топ шығармашылық адамы келіп, қазақтың фольклорлық сюжеттерін айтып беруімізді сұрады. «Сондағы ойлары – өздеріне ұнаған сюжеттерден өз елінде кинофильмдер шығару. Оны әлемдік деңгейге шығару, сонда біздің фольклорлық сюжеттерді пайдаланайын деп тұр ғой, сақ болайық, ұлттық мұрамызды талан-таражға салмайық. Өзіміз де шығарамыз» деген ой болғаны рас. Міне, ретін тауып, барымызды біліммен, шығармашылықпен көрсете білуде болып тұр мәселе. Енді сондай деңгейге жетейік.

Бұл өнер саласындағы фольклордың қажет екені дейік. Сонымен бірге фольклор халықпен бірге жасай береді. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, өмірдегі бір жағдайларда «Көз – қорқақ, қол – батыр» немесе «Атың шықпаса, жер өрте», тағы басқа мақал-мәтелдерді санадан тыс айтып қаласыз, рас қой. Ал бұл фольклор емес пе? Отбасылық ғұрып, дәстүрлер ескіліктің қалдығы десек, тұрмысымыздан шығып қалар еді. Олай болған жоқ, тіпті, өзге ұлт өкілдері де баласының тұсаукесуін өткізіп жатқанын көрдік. Себебі фольклор тек ескінің сөзі емес, халықтың наным-сенімі, баласына ақ жол тілеп, өмірде жолы ашық болсын деп, тұсаукесу бүгінгі XXI ғасырда да, алдағы замандарда да болады. Ұрпағына ақ жол тілеу еш уақытта ескірмейді. Сол сияқты аруаққа арнап жеті шелпек пісіру, оның да тамыры фольклорлық санада жатыр. Ендеше фольклор халықпен бірге жасай береді. Фольклор бір сөзбен  «Ескінің қалдығы» дей салатын нәрсе емес, ол  – халықтың дүниетанымы, наным-сенімі, тұрмыс бөлшегі, сөз өнері, сондықтан халықпен бірге.

Халықтың арманы аңыз-жырларда сақталған. Ол тек өткен ғасырлар үшін ғана жарамды емес, ел қорғайтын мықты азаматтарымыз болсын дейтін ой, тiлек қай дәуірде де маңызын жоймайды.

Батырлық жырлар бұрын идеологиялық қызмет атқарды, Алпамыс пен Қобыланды батырларға, «Қырымның қырық батырына» рухтанған халық Отанымызды, кең байтақ жерімізді қорғады. Бізді Отаны бар бақытты ұрпақ еткен кең байтақ жерімізді сақтап қалған батыр аталарымыз ғой. Олар фольклорлық дана сөздерден, жырлармен өскен. «Өлімнен ұят күшті», бұл да фольклорлық сөз емес пе?!

Рас, бүгінде жыр айтып, ешкімді соғысқа шығара алмаймыз. Дегенмен халық мұраларын насихаттауға, отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда батырлық жырлар, тарихи жырлар, бәрiбip, қажет, маңызды. Жыр кейіпкерлерiне елiктеп, қолына найза, қылыш ұстамаса да, қазақтың бейнелi сөздерімен ойын жеткізу, сөздік қорды молайтуға, т.б. пайдасы зор.

Жақында жарық көрген, презентациясы болған «Фольклор мен кәсiби өнердің сабақтастығы» деп аталатын зерттеуiмде фольклордың қазipгi қолданысы талданды. Өнерде, нақты айтқанда, кейбір бейнелеу саласындағы мамандар мен театр режиссерлерi тарапынан фольклорды өз ойына бұрмалау барын, бұл талапты бұзушылық екенін атап көрсеттім. Фольклорды түсінбейтін адамдар ойлануы керек. Себебі фольклорда халықтың салт-дәстүрі, ұстанымы, тыйымы да бар. Ойыншық емес. Ал тренд – уақытша жылтырақ қана.

Еңбегімде «фольклорлық мұраларды бұзбаңдар» дегенге тоқталдым, ол ешқандай қарсылық тудырмайды. Бір ғана дәлел айтайын, мәскеулiк режиссер Гүлнәз Балпейicoва «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклiн ұсынды. Неше ғасыр бұрынғы оқиғаны жыр еткен мұраны заманауи қыламын деп, бұзған. Қозы мен Баянның аналарына еуропалық киiмдер кигізді, оған көрермен сене қоя ма?! Қозының өлгенiне көз жеткізу үшін оның қолдарын көтеріп, өзінше «тексереді». Халық демі үзілген адамды бұлайша жұлқыламаған ғой. Тiптi, «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» деп, атауын өзгертіп жiбердi. Бұлай болмайды, дұрыс емес.

Сондықтан монография еш қарсылық тудырмайды, керісінше, фольклорды дұрыс пайдалану ұсынатын дүниеңiздi ғұмырлы ете алады, егер оны дұрыс түсіне алсаңыз. Оған да дәлел бар, «Қыз Жiбек» кинофильмi классика ғой, жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де,  құнын, бағасын жоғалтқан жоқ. Бұл туралы да монографияда жазылды.

– Қазақ фольклоры – халық даналығының қайнар көзі, ол түсінікті. Бірақ бүгінде аңыз, қисса тұрмақ, ертегі тыңдап, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтатын, жұмбақ жасырып, ғұрып пен дәстүрді айыра алатын адам аз. Керек десеңіз, бұл тақырыпта сөз қозғасаңыз, келеке қылатындар да бар. Сонда оны халықтың санасына қалай сіңіреміз?

– Қазip адам нанғысыз небір технологиялар өмipiмiзге енiп жатқанда, фольклорды ескi нәрсе сияқты болып қалмай ма дегенде, олай емес деп айта аламын.

Қазақта ғана емес, әлемдiк шедевр деп танылған дүниелердің өзінде фольклор бар. Тiптi, фольклорлық сюжеттерді пайдаланбағанның өзінде авторлардың фольклорлық санасы, бәрiбip, фильм болсын, спектакль болсын, сезіліп қалады. Жаңа монографиямда Уильям Шекспирдің «Макбет» пьесасын немесе бөрі, Құдай сарындары бойынша шетелдік фильмдер бойынша талдаулар ұсынылды. Фольклорды қолдана бiлу керек, сонда авторлық еңбек ғұмырлы болады.

Осы орайда айта кетейін, біз сөз етіп отырған, жақында таныстырылымы өткен «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты монографиям – жарық көрген екінші зерттеу кітабым. Бірінші кітабым «Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар» деген атаумен 2009 жылы жарық көрген. Ол «Қазақ фольклоры мен антика әдебиетінің типологиясы» деп аталған докторлық диссертациямның негізінде жарыққа шықты. Көрдіңіз бе, фольклордың өміршеңдігін осыдан-ақ байқауға болады. Гомердің атақты «Илиадасы» мен «Одиссеясында» мифтік сюжеттер молынан кездеседі. Архаикалық сюжеттер, сарындар көп халыққа ортақ.

Қазipгi заман адамдарына фольклорды қалай сiңipeмiз? Әрине, зорлықпен сiңipемін деу болмайды. Творчествоның адамдарында туындыларын фольклорлық сюжеттер арқылы көрерменге жақындату бұрыннан бар. Презентацияда өнердің үш саласының өкілі пікір айтты, олар тек қолдады, бұл монография студенттерге де, оқытушыларға да қажет деді, демек «Фольклор – ескінің қалдығы» емес. Ал күнделікті өмірде ойыңызды көркемдеп жеткізетін болсаңыз, ешкім қой демейді. Керiciнше, ол сiздiң артықшылығыңыз ретінде бағаланады. Тамырдан ажырамау дегенді түсінетін болады.

Менiң Айдана есімді студентім орыс бөлiмiнде оқиды, алғашқы екi курста оған қазақ тілі қажет екенiн, өз тiлiн бiлмеу ұят екенін айтумен болдым. Жақында Instagram әлеуметтік желісіндегі сториске маған рақмет айтып жазыпты. Қазақ тілінде сөйлеп жүр. Фольклорды бағалады, себебі ол – творчествоның адамы, оның болашағы фольклормен байланысты екенін түсінген сияқты.

Ал халық арасында ойыңызды көркем жеткізе алсаңыз, ешкім сөкпейдi. Тек кейде той, жиындарда кейбіреулер көсiлiп, кең сөйлеймін деп, артық қыламын деп, тыртық қылатындар бөлек тақырып.

Менің жаңа зерттеуімді Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің филология және өнерге қатысты мамандықтарға дайындайтын факультеттердің оқытушылары мен білім алушыларына оқуға кеңес беремін. Сонда фольклордың қандай маңызды екенін түсіне алады.

Осы сұхбатты пайдаланып бір лайфхак айтайын. Жаңылтпаш айтудың да, жұмбақ жасыру, оны шешудің пайдасы адамдардың ойлау қабілетін арттыруға керемет құрал ғой. Ол балалар үшін де, ересектер үшiн де пайдалы. Осы күнi адамдар жасы ұлғая бастағанда, Альцгеймер ауруына шалдықпау үшін, яғни ми қартаймауы үшін жаңа нәрселерді үйрене бастайды. Жұмбақ шешу, жаңылтпаш жаттау, оны айтудың өзі осыған да жақсы емес пе? Шығармашылық оймен мидың жұмысын, есте сақтауды жақсартуға болады.

– Академик Қасқабасовтың шәкіртісіз. Ғалымнан көп тәлім алдыңыз, өнеге-үлгісін көрдіңіз. Қазақ ғылымына Сейіт Қасқабасов қосқандай үлес қостым деп ойлайсыз ба?

– Мен, негізi, екi академикке шәкірт болдым. Бұл жағынан мен бақыттымын. Аспирантураға шақырған, кандидаттық қорғатқан ұстазым – академик Серiк Смайылұлы Қирабаев. Сол кезде, яғни 1994-1997 жылдары елде қиындық көп болса да, бірақ жетекшімнің қолдауының арқасында еш қиындық көрген жоқпын. Стипендиямды уақытында алып отырдым, жатақханадан орын алып берді. Қорғаудан кейін сол жерде, яғни М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба, кейін фольклортану бөлiмiнде бас ғылыми қызметкер лауазымына дейін көтерілдім.

Бұл кезде институттың директоры академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов болды және ол фольклортану бөлiмiнiң меңгерушісі де болды. Он жыл директор болғанда, Сейiт ағай үлкен жобаларды қолға алды. «Қазақ әдебиетінің тарихын» 10 том етіп дайындатты. Елу жылдан кейін қолға алынған жоба еді! Сол он томдықтың бipiншi томы фольклорлық кезеңге арналды. Менi сол томның жауапты шығарушысы етті. Сенiп тапсырғаны ғой. Кейін «Қазipгi әдебиет және фольклор», бұл араға жылдар салып, «Фольклор және қазipгi әдебиет» болып қайта жарық көрді. Бұл кiтаптың да жауапты шығарушысы мен болдым.

Екi ағайымның да әдебиеттануға және жастарды қамқорлауда ұстаздық үлгілері керемет. Олар бiзге әрдайым дұрыстықтың үлгісі болып қала береді. Бiз де ұстаздарымыздан көрген жақсы қасиеттерді, ұстанымдарды болашаққа жеткізсек деймін. Екi ұстазым атқарған еңбекті мен қазірдің өзінде атқардым деу күпipлiк болады. Шамамыз келгенше, дұрыс үлгімен еңбек ете береміз. Олардың жастарға деген дұрыстығын көрдік, сондықтан бiз сол үлгіні жалғастырамыз.

Айтпақшы, тағы бір адамды айтуым керек, «Атырау» газетінің редакциясында еңбек етіп жүрген кезімде мен туралы академик Серік Қирабаевқа қызыл дипломым мен «Қазақстан коммунисі» журналында жарияланған мақаламды көрсеткен Шмидт Мұсаұлы Айталиев. Ол кезде Атырауда Ғылым академиясының Батыс аймақтар бойынша филиалы болған, сол кезде «Аспирантураға сен бармағанда, кім барады?» деп, өзі Алматыға бара жатып, құжатым мен мақаламды көрсету үшін ала кеткен.

Осындай үш академиктің, шын зиялы адамдардың үлгісін көрдім, сондықтан мен де жақсы қасиеттерді ұстанып, жүрген ортамда жалғастыруым керек.

– Ғылымды дамыту мәселесі мемлекеттік тұрғыда көтеріліп отыр. Әрине, ол қуантады. Дегенмен көңілдегі күптігей сауалдардың бірі – енді ұлттың келешек Қаныш, Әлкей, Зейнолла, Евней сынды нағыз ғұламалары бола ма? Болса, олар халқын немен таңғалдыруы тиіс?

– Ойда, дамуда шектеу болмауы керек. Қоғамда өзгерic көп, даму болып жатыр. Әлемдiк компанияларда қызмет icтеп жүрген қазақ жастары баршылық. Бір ғана мысал, YouTube арнасынан «Цукербергтiң көршiлерi» деген жобаны ылғи қарап отырамын, бiздiң адамдар бiлсiн деп, өзімнiң Facebook парақшамда бөлісiп отырамын. Адам қартаймауы үшін ұзақ өмip сүрудің сырын ашқан – қазақ қызы, IT технологияны дамытып жүрген – ауылдан шыққан қазақ жiгiті, т.б. көп жаңа нәрселерді бiлyге болады.

Ал фольклормен, әдебиетпен байланысты ойласақ, әңгімеміздің басында айтқандай, халықтың өмір тәжірибесі, арманы ешқашан ескipмейдi, оны әлемдiк деңгейге танытудың да уақыты, кезегі келеді. Бір мысал – Димаш Құдайберген қайталанбас дауысы, адал еңбек арқылы әлемге қазақты танытты. Оның репертуарында халық әндері де хит болды, мәселен, «Дайдидау» – халық әні,  фольклор ғой. Осылай фольклор өлмейді.

Менiң «Фольклор мен кәсiби өнердің сабақтастығы» зерттеуім бейнелеу, театр мен кино салаларындағы фольклордың қолданысын талдайды, ал бұл «Фольклор – ескінің қалдығы» қазақта ғана дейтін емес, шетелдік туындыларды да қамтыған еңбек.

Творчествоның талантты адамдары заманауи шығармалары өмipшең болуы үшін фольклорды бұзбай, шығармашылықпен дамытып, жаңа туындылар ұсынады. Оның дәлелі – «Қыз Жiбек» фильмі.

– Ғылым мен қаржының орталығы – Алматыдан Астанаға ауыстыңыз. Бұдан ұттыңыз ба? Алматыдай ғажайып ортадан кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

– Жанды жерден ұстадыңыз. Астанаға ақша қуып келген жоқпын. «Астана қайда болса, мен сонда» деген белсенді оймен келдім. Шынын айтқанда, баламның болашағын ойлап келген едім. Бірақ балам әлi күнге Алматыны қимайды, аңсайды. Қазip ол Алматыда үй жалдап жүр, мен Астанада, екi жақта жұмыс істеп жүрген жайымыз бар.

Жеке өзіме қатысты айтсам, Астанада ауа таза. Қай жерде де адалдықпен жүрсең, сол абырой ғой. Өкінемін деп айтпаймын, бiрaқ мүмкіндік болса, үй болса, Алматыға қайта көшуге қарсы емеспін. Себебі балам екеуміз екі жақта жүрген қиын. Уайымдайсың.

Ал «туған жерге қайтпайсыз ба» деген сұрақ болса, шақырып жатса, жұмыс болса, үй болса, ойлануға болады. Бірақ бұл «болса» дегендер бола қоймайды ғой.

– Өзіңіз еңбек еткен «Атырау» газетіне айтар тілегіңіз.

– Өзім еңбек еткен «Атырау» газетін әлеуметтік желіде қарап, лайк басып, қолдап, арасында тiлек жазып отырамын. Жақсылықтарға қуанып отырамын. Ол тек мен ғана емес, әр адам өзінің туған жері туралы жақсы айтылғанына, жетістіктеріне қуанады.

Газеттің абыройы арта берсін, рес-публика көлемінде жұлдызы жарқырап, алдыңғы қатарлы басылым болуына, солай қоғамның дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Тек жақсылық тілеймін!

Астанаға Махамбет атындағы облыстық академиялық драма театрының гастрольдік сапары болғанда басшысы Сағынтай Сатыбалдыұлы Көпжасаров арнайы шақыру қағазын әкеліп берген. «Апа, сізді шақырамыз», — деп келген Сағынтай бауырыма көп рахмет. Алғаш рет университетке шақыру әкелгенде таныстық. Аман болсын, еңбегіне абырой, табыстар тілеймін!

Тек Атырау емес, Оралдан, Ақтаудан келетін өнерпаздарымызды да қолдау үшін барып жүремін, шақырмаса да.

Сұхбатқа шақырғаныңыз үшін рахмет. Аман болыңыздар. «Атыраудан кетті» демеңіздер, біз әрдайым осылай біргеміз. Жүректе мөр бар ғой!..

–  Сізге көп рахмет, апа. Қалам қуаты ортаймасын. Жемісті шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Назарбек ҚОСШИЕВ

Сурет кейіпкердің жеке архивінен, коллажды жасаған А.ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button